STARTUP SAPARY
«Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі Қазақстан бойынша өзінің географиясын кеңейтуде. Бір ай ішінде AstanaHub сарапшылар командасы технопарк қызметімен таныстыру, сондай-ақ ел арасында технологиялық кәсіпкерлік мәдениетін ілгерілету үшін өңірлерде Startup Sapary бағдарламасымен шыққан. «Стартап мектебінің» міндеті – еліміздің талантты және табысты кәсіпкерлерін тарту, оларға классикалық бизнес алдында технологиялық кәсіпкерліктің артықшылығын көрсету.
Міне, Astana Hub Қостанай қаласына келді. Бағдарлама аясында Astana Hub сарапшысы Айбар Құрманов IT саласындағы идеялары бар барлық жас кәсіпкерлер үшін екі күндік «Стартап мектебі» тегін қарқынды курсын таныстырды. Семинарға стартап-жобаларды дамыту бойынша білім алғысы келетін және өз идеяларын барынша қысқа мерзімде іске асырғысы келетін бастаушы және әрекет етуші кәсіпкерлер қатысты. Қатысушыларға іс- арнайы сертифкат тапсырылды. Шара соңында «Astana Hub» және ҚМУ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ, іс-шара аясында «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің таныстырылымы өтті. Қатысушылар технопарк базасында орналасқан үздік стартап жобалармен танысып, цифрлық технология әлеміндегі заманауи трендтерді талқылады.
– «Astana Hub» миссиясы – адамдардың мәселелерін ІТ-шешімдер арқылы жақсартуға ниет білдірген және білетін адамдарды біріктіру. Технопарк жағдайында біз ІТ-технология арқылы қоғам, мемлекет немесе бизнес мәселелерін шешетін кәсіпкерлерді біріктіреміз. Осы орайда өңірлердегі стартап кәсіпкерлікті дамыту үшін әр облыспен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін боламыз. Осы бағытта қазір алғашқы қадамдарымызды жасап отырмыз. Болашақта әр облыста табысты технологиялық кәсіпкерлер қатарының көбеюі үшін жағдай жасап, қолдау көрсетеміз», – деді Айбар Құрманов.
Елбасының қатысуымен ресми ашылуы болған «Astana hub» халықаралық IT стартаптар технопаркі күні кеше елімізге әлемнің әр тарапынан туристер мен көрермендер жинап, елорда атын шарықтатқан ЭКСПО аумағында орналасқан.
Сонымен, «Astana hub» еліміздегі инновация мен IT саласын дамытуға бағытталған кәсіпкерлер мектебі дей аламыз. Технопарк – коммерциялық жоба емес, мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы модератор, үйлестіруші. «Astana hub» басшылығының айтуынша, алдағы 5 жылға нақты жоспары құрылған стартаптар мекені еліміздегі әр саланың IT жүйесін дамытатын, халық өмірін жақсартуға бағытталған жобалардың ордасына айналмақ.
Суреттер Astana hub БАҚ-пен жұмыс менеджерінен алынды