“Ұмытылмас асыл бейнең…”

Осындай атаумен Ә.Боранбаев атындағы кинотеатрда өңірде ән-хор өнерінің өркендеуіне зор үлес қосқан ұстаз, дирижер, қалалық "Қазына" халықтық ардагерлер хор ансамблінің көркемдік жетекшісі, "Жыл адамы-2015" атағының иегері, аяулы ана Ә.Сарманованы еске алу кеші өткізілді.
Ізгілікті шараны қаладағы №2 облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың "Өнер" бөлімінің меңгерушісі Әлия Қарсақбайқызы жүргізіп, қала әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Ғапбасұлы, мар-құмның әріптестері, ұстаздардың ұстазы атанған еңбек ардагерлері Еркін Қожахметов, Ольга Қазкенова, Татьяна Маевская, Бақытжамал Қалтаева және қызы Айгүл Айтмұханбетқызы жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.
Әмина Сарманқызы 1945 жылы 29 ақпанда Аманкелді ауданына қарасты Байғабыл ауылында атақты шопан, "Еңбек қызыл ту", "Ленин" ордендерінің иегері Сарман Ембергеновтің отбасында дүниеге келген. 1959 жылы Байғабыл жеті жылдық мектебін бітіргеннен кейін Меңдіқарадағы бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын педагогикалық училищеге, 1963 жылы Алматы қазақ мемлекеттік қыздар институтының композитор Б.Байқадамов ашқан музыка факультетіне оқуға түседі. 1967 жылы арнайы жолдамамен Арқалық музыка мектебіне мұғалім болып келеді.
Жас маман үздіксіз еңбек ете жүріп Б.Байқадамов атындағы саз мектебінде, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында, Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінде жемісті еңбек етіп, хор ұжымдарын құрды.
Тағылымды шарада ұстаз есімі ұлықталып, ел үшін жасаған еңбегі, адамгершілік қасиеттері жан- жақты қырынан ашып көрсетілді. Ізбасар шәкірттері ән-жырдан шашу шашты.
Мұрат
 ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓