Айыбым сол, ұқсамаймын ешкімге

Айыбым сол, өкпелімін бес күнге.
Қайғы басқан қарапайым басымнан
Бақытым-ай, бұлт секілді көштің бе?!
Қате бастым, қалай ғана адасып,
Маған енді өлең ғана жанашыр.
Көкке ұшырып,
бірде құздан құлатып,
Ей, өмірім, қайда әкетіп барасың?
Тура жолдан адастым ба шынымен,
Кеше ғана ойнақ салған құлын ем,
Кеше ғана енді өрілген бұрым ем…
Өкініштен өксігімді баса алмай,
Шарасыздық қалыбыммен бүгілем…
Қарғыс атқыр шешімімнен түңілем…
Адасқаным бір ақ рет болса да,
Сорлы жүрек қайрылмастай солса да,
Арқа сүйер тек тірегім болшы ана,
Үміт болып қабағыма қоншы ана,
Қиналдым ғой,
күйім мынау көрші ана,
Тек сәл ғана жылуыңды бөлші ана,
Күнәм жоқ қой
жек көрерлік соншама?!
Жабырқаумын,
жаралымын, сынықпын,
Не десең де ар алдында тұнықпын.
Қызығы жоқ өмірімде тып-тыныш,
Тыныштықтың не екенін ұмыттым.
Ауыр сөздер ауыр тиіп жаныма,
Ауырамын, мазасызбын тағы да…
Қиналғанда жас төгетін сүйеніп,
Тіреу болар бір иықты сағынам…
Білем, білем, ешкімім жоқ, ешкімім,
Жалғыздықтан қолдау таппай
өшті үнім,
Ауыл жақтан балалық боп есті үнім,
Өмір әнін бар жанрда естідім,
Мұңайғанда кешқұрым.
* * *
Қош бол, бала көңіл!
Жаралайды жанымды жала не бір
Сенi сақтап қалар ем жүрегімде
Тым қатыгезденiп барады өмір.
Аппақ жанын ақтарар мөп-мөлдір ем,
Аңғалдықка салындым көптен бiлем.
Жайсаңдарды сағындым,
сосын үнсіз,
Үнсiздiкке жасырдым өкпемді мен.
 
* * *
 
 Сезбеймісіз халімді аға менің,
Сізді күту тағатсыз,тағы әлегім!
Себепсізден себепсіз хат жазамын,
Болашағы бұлыңғыр ақ әлемім!
Сезбеймісіз осынау халімді, аға,
Білем, білем, сезімім сағым ғана!
Лайықсызбын білемін, дегенмен де,
Қайтем мына жүректі бағынбаған!
Сезімімді басамын алып ұшқан,
Алдыңызда сәтім жоқ жаңылысқан.
Құқығым жоқ мен сізге, анда-санда
Хат жазайын себепсіз сағыныштан!
Өзіңізден жасырған өзге өлең көп,
Күнде отырам күнде ертең
 өзгерем деп.
Тағы бастап хат жазып
қойдым бүгін,
Сіз де жауап жазыңыз сезбеген боп.
(жарай ма, ағатай?)
 
Айдана Сегізбаева.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓