Есіміне сөзі мен ісі сай
Қазақстан Республикасының Үкіметі биылғы жылдың 10 тамызын Абай күні етіп белгілеу туралы қаулы қабылдады. Бұл өте дұрыс шешім болды деп санаймыз. Өйткені, Абай – қазақ халқының жарқын тұлғасы, елдігі мен ерлігінің бейнесі, ұлттың символы.
Мұхтар Әуезов Абай туралы жазған зерттеуінде: «Осы күнге шейін бізде Абайдың сөз байлығын тексерген еңбек жоқ. Бірақ, қазақшасын оқыған адамның барлығына Абай тілінің аса бір мол, бай тіл екенін тану қиын емес… Және шешендіктің өзі де тапқырлық пен кестелі сөзден, келісімді, ұтымды ойлардан құрылғаны да ақындықтың бір ағайыны. Абай сол уақытта да ақын… Ақындығын және мол қолданған, күнде сынға салып, өз өнерін күнде безеп отырған ақын. Онысы және өмір құрылысына күнбе-күн, қолма-қол ұштасып отырған ақындық. Бір жағынан жүйрік шешен, әсем, ұшқыр сөздің ақындығы. Өлеңді, суырып салма айтысты Абай ойында да, шында да көп қолданып жүрген. Бірақ, өзін ақынмын деп санамаған», – дейді.
Әлихан Бөкейханов Абай өмірі туралы жазған мақаласында: «Бозбалалық жасына қарамастан, Абай сол кездегі қайраткерлердің арасынан көрнекті орын алып, бидің заманының өткеніне қарамастан, оны ел-жұрт би етіп сайлады. Жиырма жасқа жеткенде Абай от тілді шешен, халық өмірі мен әдет-салтын, қазақ даласындағы атақты билердің әр істі шешкендегі төреліктерін жақсы білетін ділмар атанады. Өзінің білуге құштарлығы мен зерделігі арқасында, қазақтың ғұламаларының халық аузындағы сөздерін, мақалдарын, ертегілері мен нақылдарын меңгереді. Абай билердің шартты түрде сайланбай, талантымен бағаланатын ескі заңы кезінде өмір сүрсе, артистер мен жазушылардың даңқы сияқты атақты би атанар еді», – деп жазған болатын.
Абайдың кейбір жолдары соңғы жылдары талас-тартысқа арқау болып жүргені белгілі. Абайтанушы Асан Омаров «Абай» порталында жарық көрген «Махаббатсыз дүние бос…» атты (14.01.2020) мақаласында: «Бірден айтайық, біз, дұрысы – «Махаббатсыз – дүние бос» деуліміз. Неге? Себебі, Алла тағала он сегіз мың ғаламды (мына жарық дүниені), оның ішінде адамзатты махаббатпен жаратқан. Адамның ес-ақылын билейтін онан асқан құдірет кәне. Махаббат сезім кімде көбірек болса, оны кімнің жүрегі тынбай іздесе, «ол кісі – ғалым, сол – ғақыл» (Абай). Керісінше ақылға сәуле (әділет, махаббат деп ұғыңыз) қонбаған пенде «қайуанша жүріп күнелтпек». Махаббат сезімі жұтаң адам өзінің «жан» екенін білмейді. Сол үшін ойшыл: «Хайуанға оны қосыңдар» деген. Сөйтіп, Абай махаббатсыз есіл өмірдің бос, қайран уақыттың зая өтерін жеткізіп отыр» -деп жазады.
Абайдың «Махаббатсыз – дүние дос, хайуанға оны қосыңдар» деген осы өлеңде айтылған сөзі көптеген басылымдарда «Махаббатсыз – дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деп басылып жүргені рас. Абайдың бұл арада айтып отырғаны әйелге деген махаббат емес, Аллаға махаббат екені белгілі. Өйткені, Абайдың өзі осы өлеңнің соңында: «жүрегі жұмсақ білген құл шын дос таппай тыншымас» – дейді. Құл дегені – Алланың құлы дегені де түсінікті емес пе?! Олай болса, адамға дүние дос болса, дүния бос болмай ма? Дүние мен дүнияның да мағынасы әртүрлі ғой. Ал біз оларды көбінесе синоним ретінде қабылдаймыз.
«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» деген Сұлтанмахмұт ақынның талғамы зор екеніне ешкім таласа қоймас. Сол Сұлтанмахмұт бір өлеңінде: «Дүние дос, махаббатсыз мал секілді деген сөзін Абайдың есіңізге ал», – дейді. (С.Торыайғыров. Толық шығармалар жинағы, Алматы. «Алаш», 1991) Абайдың тағы бір жырында; «Дүниеге дос ақыретте бірдей болмас» деген жолдар бар. Яғни, Абай «дүние досты» сан мәрте айтса, жырларында «дүние бос» деген жолдар мүлде жоқ. Сондықтан да Абайдың жырлары жарияланып жүрген көптеген кітаптарда дос деген сөз бос болып жазылып, өрескел қате кеткен дейміз. Осы қателерден тәуелсіздік жылдарында да арыла алмай отырмыз. Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген сөзінен-ақ оның Исламға көзқарасы айқындалып тұр. Абай (аазан шақырып қойған есімі Ибраһим):
«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!» –
деген болса, оның бастапқы есіміне кейін ұлы ақынның барлық сөзі де, ісі де сай болды деп толық сеніммен айтуға болады.
Ақылбек Шаяхмет,
ақын, жазушы, драматург, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, М.Қашқари атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры.