Мәңгілік ескерткіш
Қостанай облыстық Ардагерлер кеңесі «Олардың есімдері ұмытылған жоқ» ескерткіш кітабының қосымша 19-шы томын әзірлеп, баспадан шығарды. Жеңіс күнінің қарсаңында қосымша томның тұсаукесері өтті. Іс-шараға Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпақтары қатысып, естелікке бір-бір кітап алды.Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы деректер бұған дейінгі «Боздақтар» кітабының алты томына, «Олар жеңіспен оралды» кітабының 18 томына жазылып, жинақталған. Жоғарыда аталған кітаптарға есімдері кірмей қалғандар, соғыста мерт болғандар, фашистердің тұтқынына түсіп, қайтыс болғандар, Қостанай облысынан әскерге шақырылып іс-түссіз жоқ болып кеткен жауынгерлер және тағы басқалары қосымша 19-шы томның бетіне жазылып отыр. Кітапты Қостанай баспа үйі басып шығарды.– Бұл томды «Олардың есімдері ұмытылған жоқ» деп атадық. Жоба облыстық, аудандық және қалалық әкімдіктер мен ардагерлер кеңесінің қолдауымен іске асты. Қосымша томға 494 адамның аты-жөн кіріп отыр. Кітаптың тұсаукесері Ұлы Жеңіс күнінің қарсаңында өтіп отырғанына қуаныштымыз. Мен сіздерді келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтаймын. Қолдарыңызға алған кітап жақындарыңыз туралы жазылған жылы естеліктерден тұрады. Редакция алқасына және өздерінің әкелері мен аталары туралы мәліметтер тапсырғандарға алғыс айтамын,-деді облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, кітаптың бас редакторы Кенжебек Укин.Салтанатты тұсаукесер кезінде туындыға есімдері енген батырлардың ұрпақтарына бір данадан кітап берілді. Жауынгерлердің балалары мен немерелері облыстық Ардагерлер кеңесіне алғыстарын айтты. Ақжарма лебізін білдірген азаматтардың бірі – Молдағали Хамзин. Ол майдангер аталары Едерес Қасымов, Нұғыман Қасымов, Хамза Қасымовтың ерліктері ескерусіз қалмағанына, есімдері кітапқа кіргеніне ризашылығын білдірді.
-Екі жыл бойы кітаптың шығуын күттік. Бүгін мен үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Аталарымның ерліктері туралы жазылған естеліктер топтамасын қолыма алып отырмын. Менің атам Қасым ақсақалдың үш ұлы соғысқа кетіп, үшеуі де оралмаған. Үлкені Едрес Қасымов, оған таяуы Нұғыман Қасымов, үшіншісі Хамза Қасымов. Атам мен әжем үш баланы уайымдап, құсалықпен өмірден ерте өткен. Атам Қасым өз заманының діндар адамы болған. Соңында қалған кенже ұлының аты-жөні Хамит Қасымов. Мен сол кісінің баласымын. Бір үйден соғысқа кеткен үш азаматтың ерлігі, есімдері кітап болып мәңгілік ескерткішке айналып отыр,-деді Молдағали Хамзин.Сұм соғыста қаза тапқан, сүйегі көмілмей қалған қаншама майдангер бар. Олардың есімдерін ескерусіз қалдыруға болмайды. Оқырманға жол тартып отырған осынау жаңа кітап батыр бабаларымыздың басына қойған ескерткішпен тең. Өйткені, кітапқа түскен жазу тасқа басқа таңбамен бірдей. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалады.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.