Елгезек

(Қаз-қалпында)
Адамдар әр қилы, сондықтан да әр алуан мінезі бар. Оны бәріміз бірдей тереңінен түсініп, бағалай алмайтынымыз анық.  Айталық,  менің әпкем  Сәлима. Өзінің бойында жақсы қасиеттері тұнып-ақ тұр. Әсіресе, оны өзгелерден ерекшелігі  – өте елгезек.  Қашан көрсең де айналасындағы адамдарға күннің нұрындай шуағын шашып жүреді.  Бірақ, бір ғажабы, кейде сыртынан қарап жүріп, әпкемнің мұндай қылықтарын жалпылдақ, жағымпаз деп  түсініп  қалатындар  бар.
Бірде құрбыларыммен әңгіме-дүкен құрып отырғанда, бір құрбым: "Сенің осы әпкең қызық, қай үйде той, қай үйде думан, ылғи сондай жерлерден көресің,  үйінде тұрмайды екен, өзі" деп намысыма тимесі бар ма?!  Бірақ, мен оған қате түсініп жүрсің деп  сыпайы ғана ескерттім. Әпкемді  мақтап, қорғаштағам жоқ. Тек ішімнен "Көрерсің, әлі де сенің көзің жетер" деп қоямын.
елгезекРамазан айы аяқталып, сәрсенбінің сәтті күні болатын.  Манағы әпкемді жамандайтын құрбым, ертең айттың шәйін беретіндерін айтып, көше бойғы әр үйге бас сұғып хабарлап жүрді. Ертеңгі айт шәйына анасымен әдемілеп дайындалады да, кешкілік екеуі ауылдағы  үлкен бір тойға кетеді.    Ал үйге қарауылдайтын ешкім жоқ, дегенмен шағын ауыл болған соң бірін-бірі жақсы таниды, қорқатындай ешкім жоқ деп 6 жастағы егіз ұлдарын үйге қалдырып кеткен. Ауыл балалары қараңғы түссе де, ойын қызығына тоймай дала кезіп жүре береді ғой. Сөйтіп, екі ұлы ойынның  соңында есікті ашық қалдырып кетіпті.  Сол есікті қа-рауылдап, манадан бері ыстық   бауырсақтың иісіне елітіп, есік-тесікті сығалап жүрген көрші үйдің екі иті орайлы сәтті пайдаланып, үйге зып беріп кіреді де, ертеңгі шәйға дайындап қойған бар тамақтан "ауыз тиіп", төңкеріп кетеді.
Тас қараңғы түскесін құрбымның екі інісі үйге оралады. Үйге кіре есіктің ашық қалғанын,  төңкеріліп жатқан ыдыстарды көреді де, қорыққандарынан тәрелкелерді орнына қойып, бетін білдіртпей жаба салады. Ал құрбым мен анасы  түннің бір уағында оралып, келген беттен жатып қалады. Таңертең ұйқысынан оянған құрбымның анасы дастарханды көріп, қатты сасады. Уақыт  болса өтіп барады. Ал қонақтардың алды болса, үсті-үстіне келіп жатыр. "Енді жұртқа не бетімді айтамын!" деп ұяттан өртеніп тұрғанда жол-жөнекей өтіп бара жатқан әпкемді көріп шақырады да, мән-жайды айтады.  Ал тәтемнің пейілі кең ғой, шіркін! Ол да ертең айт шәйін беремін деп дайындап қойған кәмпит-печеньелері және таңғы салқынмен пісіріп алған бауырсағының  бәрін  екі сөзге келместен осы үйге тасып, шәйдің басы-қасында болып, құрбымның анасын бір ұяттан аман алып қалады.
Міне,  осылай құрбым  әп-кемнің  ақкөңіл, елгезектігіне кө-зі жетіп, менен кешірім сұрады.
Шындығы сол, адамды сыртынан қарап, қасиетін танымай тұрып,  тон піше салатынымыз өкінішті.
 Ақбота Сақұлова,
ҚМУ-дың 3 курс студенті.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓