Білім ордасы жөнделуде
"Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасының бірінші бағыты – инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету болып табылады.
Таран ауданында да бағдарламаның бірінші бағыты бойынша өткен жылы Тобыл кентіндегі №116 орта мектебі 123 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, соның арқасында 24 адам жұмыспен қамтылған болатын. Биыл осы елді мекендегі ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды даярлайтын кәсіптік-техникалық колледжі де күрделі жөндеуден өткізілуде. Білім ордасының күрделі жөнделуіне 132 млн.теңге бөлінген. Бүгінде мұндағы құрылыстың басы-қасында жүрген алпыс адамның 28-і аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмылдырылған көрінеді. Орталыққа жұмыс сұрап жүгінгендердің бірі Гүлжанат Жүрінбаева да бағдарламаның арқасында екі қолға бір кәсіп тапқанына қуанады.
– Қазір ауылда жұмыс табу қиын. Жұмыспен қамту орталығына жұмыс сұрап жүгінген едік, бізді осында жіберді. Елімізде қолға алынған осы бағдарламаның қаншама жанға шарапаты тиіп жатқанын телеарналардан көріп, газеттерден оқып жатырмыз. Бастапқыда бұған онша мән бермегеніміз де рас. Мен де осы бағдарламаның арқасында жұмысқа орналасып, табыс тауып жатқаныма өте қуаныштымын, – дейді бағдарлама қатысушысы Гүлжанат Жүрінбаева.
Қарлығаш ОСПАНОВА