Жалақордың жазасы

«…менің және тағы сегіз кәсіпкердің бизнесін Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов Марат Баекенов деген бандиттің көмегімен озбырлы түрде тартып алып, тексеруші органдар арқылы 2019 жылғы 12 маусымда РФ азаматы Иван Рулевтің атына жазып жіберді»;
«…облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің кесірінен біз бизнессіз және табыссыз қалдық»;
«…Нұрмұхамбетов пен оның бандасы біздің ғана емес, басқа да адамдардың бизнесін тартып алып жатыр»;
«Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбетовтің адал кәсіпкерлердің бизнесін тартып алудан басқа шаруасы жоқ па?»;
«…облыс әкімінің білдей орынбасары рейдерлік тартып алумен айналыса ма».
Естеріңізде болса, үстіміздегі жылдың 29 қаңтары күні YouTube видеохостингінің «БӘСЕ» арнасында Күлшат Болатқызы Карманова есімді азаматша Ел Президентінің атына бейнеүндеу жариялап, Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасарына қатысты жоғарыдағы ауыр айыптауларды айтқан болатын.
Осыдан кейін Ғ.Нұрмұхамбетов өзінің ар-намысы, абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтірген айыптауларды жоққа шығару жөнінде, ал жалақорды жазалау туралы сотқа арыз түсірді. Карманова көпшілік алдында дәлелсіз айтқанын теріске шығарсын, моральдық шығынды өтесін деген талап қойды.
5 сәуір күні Қостанай қалалық соты облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің талабын ішінара қанағаттандырды. Соттың бірінші сатысы ар-намыс, абырой мен іскерлік беделге нұқсан келтірген айыптауларды жоққа шығарды. Ал жала жапқан кәсіпкер Күлшат Кармановаға моральдық шығынды өтеуді міндеттеп отыр.
Бүгін сот барысы мен оның шешімі жайында заңды кеңесші Жасұлан Байбазаров айтып берді.
– Сот арыз беруші Ғауез Нұрмұхамбетов Күлшат Кармановадан негізсіз айыптауды жергілікті «Алау» телеарнасы арқылы теріске шығарсын деген талабын ғана орындамады. Алғашқы айыптау қай ақпарат құралында жарық көрді – сол ресурста ғана теріске шығару жариялану керек. Жалпы, екі тарапқа да апелляциялық шағым түсіруге 30 тәулік уақыт берілді. Ал, Қостанай қалалық әкімшілік сотында азаматша Кармановаға қатысты жала жабу төңірегінде іс қаралып жатыр, әзірге оның қаулысы шыққан жоқ. Негізінде әр азаматтың өз ойын ашық айтуға хақысы бар. Бірақ қолында дәлел-дәйегі болмай, біреуге ғайбат айтуға заң тыйым салған. Ол үшін сотта жауап бересіз. Ғауез Торсанұлы өтеліп алынған моральдық шығын қаражатын қайырымдылыққа жұмсауы мүмкін. Бұл онша көп сома емес те шығар, бірақ жағдайы төмен отбасыларға аз да болса көмек етуді жөн көріп отыр, – деді Ж.Байбазаров.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓