Жаңа тағайындау
Өңір басшысының өкімімен Карплюк Сергей Алексеевич 2014 жылдың 10 қарашасынан бастап Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Лауазымды тұлғаны дүйсенбі күні Нұралы Садуақасов аймақ әкімдігінде өткен жиында таныстырды.
– Сергей Алексеевич Карплюк инвестиция және инновациялық жобалар салаларына жауапы болады. Сонымен қатар, өнеркәсіп саласын да қадағалайды. Ал облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып бұған дейін өнеркәсіп саласына жетекшілік еткен Мұрат Дәрібаев тағайындалып отыр, – деді аймақ әкімі.
Карплюк Сергей Алексеевич 1968 жылы 1 мамырда Қостанай қаласында дүниеге келген. Иванов химия-технологиялық институтын инженер-химик-технолог мамандығы бойынша тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын 1996 жылы облыстық өнеркәсіп және сауда басқармасы сауда инспекциясы бөлімінде бас маман қызметінен бастады. Аталған басқарманың энергетикалық кешен, химия, машина жасау және байланыс бөлімін басқарды.
1998-2002 жылдар аралығында облыстық экономика, индустрия және сауда департаментінің бөлім бастығы, 2002-2008 жылдары облыстық энергетика, өнеркәсіп және құрылыс департаменті директорының орынбасары, кейін директоры лауазымдарын атқара жүріп, 2009 жылы ҚР Индустрия және сауда министрінің кеңесшісі болып тағайындалды. 2010 жылдан үстіміздегі жылдың маусым айына дейін еліміздегі министрліктердің департаменттерін басқарды. Ал 2014 жылдың маусым айынан бүгінгі күнге дейін "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары қызметінде отырды.
Аймақ басшысы Нұралы Садуақасов бес жыл бойы орталық аппаратта қызмет атқарған Сергей Карплюктің мол тәжірибе жинақтағанын айтты.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.