Шахмат мектебін ашты

Мемлекеттің қолдауының арқасында жиырма төрт жастағы қостанайлық азамат балаларға арналған шахмат мектебін ашты. Әзірге, Алдан Қожабаевтың бір өзі – шахмат мектебінің негізін қалаушы және оқытушысы. Ол болашақ гроссмейстерлерге дәріс береді. Балғын шахматшылардың ең кішісі бар болғаны 4 жаста. Алданға инженер-технолог мамандығын жеке шахмат мектебіне ауыстырып, сәтті қадам жасауға облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы "Жас кәсіпкер" курсы көмектесті.
Ол шахматпен бес жастан бастап әуестеніп, жиырма жасында облыс чемпионы атанды. Кейін балаларды жаттықтыра бастады.
"Мамандық бойынша жұмыс істеу менің қолым емес екен. Соны түсіндім. Сөйтіп, өзімнің жаным қалайтын іспен шұғылдану керек деп шештім. "Жас кәсіпкер" курсында оқып, 505 мың теңге грант алдым. Оған шахмат үстелдерін, орындықтар, техника сатып алып, "AlphaChess" студиясын аштым. Қазір менің қол астымда төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі отыз оқушым бар. Қазірдің өзінде олар жақсы нәтижелерге қол жеткізіп үлгірді. Мәселен, өткен жексенбі күні менің оқушыларым қала чемпионатында жүлделі орындарға ие болды. Бұл – үлкен жетістік", – дейді Алдан Қожабаев.
Бизнесте жас кәсіпкерге тез шешім қабылдай білу, жағдайды объективті бағалай білу және кезекті жүрісті алдын ала есептей білу сияқты шахматшының дағдылары көмектеседі. Мектеп ашылған кезде әлемде пандемия басталды. Алайда, Алдан Қожабаев сасқан жоқ, сабағын қысқа мерзімнің ішінде онлайн форматқа көшірді. Бұл оған Қазақстанның басқа қалаларынан да оқушылар жинауға септесті.
"Менің мақсатым – шахмат ойнауға ғана емес, жеңуге де үйрету. Алдыма үнемі өршіл міндеттер қоямын. Әрине, көп нәрсе ата-аналарға, олардың көңіл-күйіне байланысты. Сол үшін мен ата-аналар үшін онлайн дәрістер мен вебинарлар ұйымдастырдым. Бұл балаларға ғана емес, ересектерге де өте пайдалы", – дейді шахмат мектебінің негізін қалаушы.
Алдағы уақытта Алдан Қожабаев мүмкіндігінше көп студентті қабылдау үшін Шахмат академиясын ашуға үміттенеді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓