Дарынды оқушыға – талантты ұстаз
«Дарынды балаларға арналған білім-инновация лицей-интернатында «Qostanay Alumni» түлектер қауымдастығының және дарынды балаларға арналған білім-инновация лицей-интернаты олимпиадашыларының, «Қостанай дарыны» ҰҒПО директорының орынбасары Наталья Рябининаның қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Сонымен бірге, халықаралық білім сайыстарының жүлдегерлері 10 сынып оқушысы Арсений Самойленко, Андрей Паршиков, Нұрлан Базылтай және әлемдегі ТОР 100 университеттеріне кіретін «City University of Hong Kong» екі мамандығы бойынша тегін оқуға шақырту алған биылғы мектеп бітіруші Данат Тұрсынов қатысты.
-Биыл осы алғашқы түлектеріміздің мектеп бітіргеніне 23 жыл толып отыр. 1998-2019 жылдар аралығында білім мен тәрбиені ұштастыра білген мектебімізді 1103 түлек аяқтады. Түлектеріміз жан-жақты салада қызмет етуде. 2019 жылы лицейіміздің 25 жылдығына орай өткізілген салтанатты іс-шараның жемісі ретінде 2020 жылы «Qostanay Alumni» түлектер ассоциациясы құрылды. Бүгінгі күні түлектеріміз өздері оқыған алтын ұя мектебіне қамқорлық жасауда. Атап өтсек, оқыту кабинеттерінің заманауи үлгіде жөнделуіне, олимпиада бөлмелеріне, олимпиадашыларды ынталандыруға, материалдық қолдауды қажет ететін оқушыға көмек беруде, футбол алаңы салды. Бұл мектеп үшін, ынталы оқушылар үшін өте қажет және маңызды қолдау болып табылады, – дейді дарынды балаларға арналған білім-инновация лицей-интернатының директоры Бахтияр Омаров.
2004 жыл Қостанай Білім-инновация (бұрынғы қазақ-түрік лицейі) лицейі үшін екі маңызды оқиғамен есте қалды: біріншіден, дарынды балаларға арналған білім беру мекемесі статусын алуға дайындалып, 2005 жылы лицей «Қостанай дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының құрамына енді. Екіншіден, лицей оқушылары мен ата-аналарының көптен күткен арманы орындалды. Білім ұясының барлық оқушылары сиятын жатақхана іске қосылды. Мұнда тұру үшін барлық қолайлы жағдай жасалды. Араға 18 жыл уақыт салып, оқушылар үшін арналған жатақхана 2021-2022 оқу жылында заманауи үлгідегі күрделі жөндеуден өтуде.
Жалпы соңғы бес жылда мектеп басшысының ұйымдастыруымен білім басқармасының қолдауымен лицейдің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңартылды. Атап айтсақ, жатақхананың коммуникациясы, асханананың құрал-жабдықтары, бірнеше оқу кабинеттері, STEM зертханасы, гидропоника кабинеті және тағы басқалар.
Лицей осы 28 жыл бойы еліміздің білім беру саласын жаңа сапалық деңгейге көтеру тұрғысында, оны халықаралық аренада абыроймен атқарып келеді.
-Өзінің қызметін адал атқарып жүрген шетелдік және жергілікті ұстаздарымыздың арқасында шәкірттеріміз облыстық, республикалық, халықаралық аренада бірнеше рет жүлдегер атанды. Сол үшін облыстық, республикалық деңгейде басшылардың алғыс хаттары мен марапаттарына ие болды. Айқын дәлелі жыл сайын «Үздік олимпиадалық команда» мәртебесімен жоғары деңгейден марапат алуы болып табылады, -дейді мектеп басшылығы.