Сөнбеген үміт

сонбегенАуылына сан жылдардың жүзін артқа тастап Самат келе жатыр. Қисық жолда жүйткіген машина доңғалағы кедір-бұдыр ойықтардан мазасы кетіп, жоламауға оқтал-ғандай секіріп-секіріп қояды. Сонау алыс-тан Батпаққара өңірінің  бір-екі үйлері мен мұндалап  бастары көрініп тұр. Шіркін, ауылдың сыртқы көрінісін-ай! Алақандай ғана… Жолдың екі қапталынан орын ал-ған жап-жасыл шөптер, алқызыл гүлдер, барлығы-барлығы Жер ананың көркін келтіріп тұрғандай! Жаз мезгілінің ортасында торғайдай тізіліп, көліктің ішіне енуді бағыттап секіре жөнелетін шегірткелері де сол қалпы сайран салып, алай-бұлай секеңдей жөнеледі. Қалың бұлттың астында қалған күн көзі де шығар саңылау таппай, бір-екі жерден сәулесін шашып, қылаң беріп қояды. Көлікті жүйткітіп келе жатқан Самат кенет қалың ойға батты.
Осыдан 9 жыл бұрынғы оқиға есіне түскен сайын, жүрегіндегі толқу да басылар емес. Ертең  25 мамыр, оқу жылының аяқталатын күні. Осыдан 5 жыл бұрын дәл осы күні мектеп бітірген түлектер, ертең  5 жылдықтарында бас қоспақ. Әртүрлі арман арқалап, жан-жаққа кеткен сыныптас-тар бүгінде әр саланың майталмандары.  Бір жағынан ауылын, достарын, мектебін, ұстаздарын көретініне қуанса, екінші жағынан алғашқы махаббатын көрсе, сол баяғы албырт сезімі қайта ояна ма  деп қорқады…
Айсұлу сыныптағы ең байсалды, сұлу, әрі өнерлі қыз. Адамдарды өзіне тартатын биязы қылығы да бар. Саматтың оны ұнатуының да басты себебі осы болу керек. Алматы қаласынан келген қалалық қыз талай жігіттің жүрегін жаралады. Бірақ, оның көңілін тапқан тек Самат қана еді… Алғашқы кездескендері әлі есінде. Сабаққа асығып бара жатқан Самат Айсұлуды байқаусызда қағып кеткен болатын. Бірақ, ол тек: "Кешіріңіз!" – деп жерде   жатқан кітаптарды қолына ұстатты да өз жөніне кете барды. Кейін мұғалім сынып-қа жаңа оқушы қыз  келгенін және оның Айсұлу екенін айтып таныстыра бастағанда ғана манағы оқиға есіне түсті. Бірақ сол кезде байқамаған сұлулық Саматтың көзіне енді шалынды. Сыныпта бос орын Саматтың жанынан табылғандықтан Ай-сұлу сол орынға келіп жайғасты. Сөйтіп, олардың таныстықтары басталды.
Самат та мектепте өз орны бар белді оқушылардың бірі. Білім ордасындағы кез келген байқауға белсене қатысып, өзінің білімді, әрі жан-жақты екенін әлдеқашан көрсетіп қойған. Білімде, өнерде қанша батыл болғанымен Айсұлудай кербез ару алдында әлі құрып, сөйлеуге де сөз таппай қалды.
Жас жігіттің жанына жайғасқан Айсұлу сыпайылықпен бүгінгі сабақтың тақырыбын сұрап еді, Самат  айтар ойынан шатасты ма, сасқалақтап "Менің есімім – Самат" деп қолын ұсынды. Парталасының мына қылығына сәл жымиған Айсұлу "жоқ, мен бүгінгі сабақтың тақырыбы қалай деймін?" деп сөзін нақтылап айтты. Қыз сөзі миына енді жеткен болу керек "бүгін біз Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы жөнінде талқылап жатырмыз" деп Самат алдындағы әдебиет кітабын көршісіне көрінсін деп партаның қақ ортасына қойды. Қыз да басын изеп, рахметін айтты.
Араға біраз күндер салып парталас көршілер жан достарға айналды. Екеуін жан дос еткен мәдениет саласы болатын. Мектепішілік бар байқауларды бірігіп ұйымдастырып, оны абыроймен атқаратын. Бірге жоспар құрып, сабаққа да бірге дайындалатын. Осылай бір-біріне бауыр басып қалған олар, сол достықтарының астарында сезімнің бір ұшқыны барын білмейтін.
Кейінгі кездері Айсұлу сабаққа келуді доғарды. Оны байқаған  Саматтың да дегбірі қашты. Ұстаздарының айтуынша, Айсұлудың білім ордасына келмеуінің үлкен себебі бар. Бұған дейін ол Алматыда әке-шешесінің қолында тұрып келген, кейін ауылдағы жеңгесіне көмектесу үшін осында келіп оқуын жалғастырыпты. Міне, сол Алатау өлкесінен қайғылы хабар жетіп, Айсұлу сонда жол тартқан. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қайғылы оқиға орын алып, ата-анасы жол апатынан көз жұмған көрінеді. Мұны естіген Саматтың көңілі босап кетті. Бір жағынан Айсұлудың қазір қандай халде екенін ойласа, бір жағынан оның оралмай қоятынынан қорқады.
Арада 2 жыл өтті. Айсұлу сол кеткеннен оралған жоқ. Әке-шешесінен айырылған соң бауырларына бас-көз боп, сол Алматыда қалды. Мұндай орны толмас үлкен қайғыдан кейін өз-өзін қолына алып,тек алға қарай ұмтылды. Қанша дос болғанымен, өзінің Саматқа сезімі барын  білетін. Сондықтан да ол хабарласқан сайын телефон тұтқасын көтермейтін. Оның дауысын естісе, босаңсып кетуден қорқатын. Бірақ, қанша дегенмен кеудесінде бала махаббатына деген сағыныш барын сезетін. Ал Самат өзінің Айсұлуды ұнататынын баяғыда-ақ білген. Тіптен, аға-жеңгесінен ұялы телефонының нөмерін де сұрап алып, талай рет хабарласқан. Дегенмен, Айсұлудың телефоны үнемі сөндірулі тұратын. Қаншама ізденістен еш нәтиже шықпаған соң Самат та бала махаббатынан қол үзді. Оқуын жақсы тәмамдап, Астана қаласына оқуға түсті.
Осы ойдың жетегінде келе жатқан Самат алдындағы көліктің сигналынан есін жыйды. Міне, ауылға да жақындап қалған сияқты. Өзі бұрын білім нәрімен сусындаған мектептің дәл қасына кеп тоқтады. Мектеп алдына сыныптастары да жиналып қалған екен. Самат та жандарына қосылып, амандасып, өзінің жаңалықтарымен бөлісе бастады. Кенет бұрын өзі оқыған сыныптағы естеліктер есіне түсіп, сонда Айсұлу отырғандай жүгіре жөнелді. Алды-артына қарамай жүгіріп бара жат-қан ол қолында көп оқулықтары бар бір аруды қағып кеткенін де байқамай қалды. Асыға-үсіге жердегі кітаптарды жинап, "кешіріңіз!" деп қолына ұсына бергенде, бұл арудың жүзі таныс екеніне көзі жетті. Алдында қызыл көйлек киіп күлімсіреп тұрған Айсұлу екен. Қуанғаны соншалық, Айсұлуды кеудесіне қысып құшақтай алды.
Ақбота Сақұлова,
ҚМУ-дың 3-курс студенті.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓