“Тұрақты жұмыс таба алмай жүрмін”
Біздің редакциямызға екі қолға бір күрек таба алмай жүрген үшінші топтағы мүгедек Абылай Хамзин осылай деп шағымданып келді. Науырзым ауданының тұрғыны аудандық жұмыспен қамту орталығындағылардың өзін жұмысқа орналастыруда немқұрайлылық танытып отырғандығын айтады. Биылдан бастап "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы бойынша мүгедектер де жұмыспен қамтылады дегенді естігенде бұл кісі де қатты қуаныпты. Бiрақ, әлi күнге дейiн ол осы бағдарлама бойынша қанша жүгiрiп баққанымен өзiне лайық тұрақты жұмыс таба алмай жүрген көрінеді. Айына 16 мың теңге жәрдемақы алатын Абылай ағай үйінде қол қусырып босқа отырғанша, тірлік қылып еңбек еткісі келетіндігін жасырмайды.
– Мамандығым – зоотехник. Кеңес дәуірінде мамандығым бойынша жұмыс істеген едім. Кейін тағдырдың жазуымен мүгедектікке шығып, жұмысымнан қол үзуіме тура келді. Ал, нарық жылдары пәлен жыл еңбек еткен қызметкерлердің өзі қысқартуға ұшырап жатқанда, мен сияқты мүгедек жандарға мамандық бойынша жұмыс табу қайда? Әйтеуір, шама-шарқыма қарай түрлі қара жұмыстарда істедім, жылқышы да болдым. Кейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмыссыз ретінде тіркеліп, қоғамдық жұмыстарда істеп жүрдім. Биыл Елбасымыз "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында мүгедектерді де жұмыспен қамту туралы тапсырма бергенде, бұған мен де қатты қуандым. Бірақ, орталыққа жұмыссыз мүгедек ретінде тіркелгеннен не пайда, әлі күнге дейін тұрақты жұмыс таба алмай сенделіп жүрмін. Жұмыс сұраймын деп қаншама мекеменің табалдырығын тоздырдым. "Жұмыс бар" деп орталықтағылар да бірнеше мекемеге жіберді, бірақ ешқайсысы алғысы келмейді. Өйткені, қазір таныс-тамырсыз жұмысқа орналасу мүмкін емес. Менен кейін де осы жұмыспен қамту орталығына құжат тапсырған жағдайы жақсы деген адамдардың өзі әлдеқашан тиесілі нәпақаларын тауып отыр. "Нұр Отанның" аудандық филиалына да, аудан орынбасарларына да бардым, бәрі де "тұрақты жұмыс тауып береміз" деп құр уәдемен шығарып салады. Мамыр айында қоғамдық жұмысшы ретінде бір айға селолық әкімдікке орналастырды, одан кейін тамыз айында жеке шаруа қожалығына "аула сыпырасың" деп орналастырған еді, бірақ олар маған ағаш жарғызып, көмір тасытып қойды. Ал, ондай ауыр жұмыстарға менің денсаулығым жарамайды, онда бір ай ғана істеуге тура келді. Қыркүйек айында аудандық ауруханаға пандус төсеу жұмыстарына қатыстым, онда да екі апта ғана жұмыс істедік. Алпысқа жақындап қалған мен сияқты адамға уақытша жұмыстарға секіре беру де оңай емес, маған тұрақты жұмыс тауып берсе екен деймін. Сiздерден өтiнерiм, осы жағдайымды газет бетiне жариялап, қандай да оңды нәтиже шығуына көмектессеңiздер екен, – дейдi үшінші топтағы А.Хамзин.
Біз Абылай Хамзиннің шағымы бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлжанат Тазыбековаға телефон арқылы хабарласып, мән-жайды сұраған едік. Ол кісінің айтуынша, үшінші топтағы мүгедек А.Хамзин ағымдағы жылдың мамыр айында мүгедек жандар арасында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан көрінеді.
– Осыдан кейін біз ол кісіні аудандағы "Галиева Ботагөз" жеке кәсіпкерлігіне, кейін "Инфинити" шатханасына қосалқы жұмысшы ретінде жұмысқа орналастырдық. Сондай-ақ, "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасының бірінші бағыты аясында Науырзым аудандық ауруханасының ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізілгенде, соған қосалқы жұмыскер ретінде тартылды. Жалпы, жыл басынан бері біздің аудандық жұмыспен қамту орталығына 209 адам жүгінген болатын, соның бүгінге дейін 203-і жұмыспен қамтылды. Орталыққа жүгінгендердің денін тұрақты жұмыспен қамтуға тырысамыз. Әрі бізге жұмыс берушілерден сұраныс түскенде, тіркеуде тұрған адамдардың барлығын жібереміз. Олар жұмысшылармен міндетті түрде әңгімелесу жүр-гізеді, сондықтан жұмысқа алу-алмауын жұмысқа қабылдаушының өзі шешеді. Абылай Хамзин бізден тек күзетшілік жұмысты талап етеді, ал ондай орындар қазір жоқ. Күзетшілікте істеп отырған адамдар орындарын босатып бермейді ғой. Қазір тұрақты жұмыс ретінде тек от жағушылық орын ғана бар, ол кісі оған барғы-сы келмейді. Ал, күзетшілік сияқты тұрақты жұмыс орындары болып жатса, А.Хамзинді міндетті түрде орналастырамыз, – дейді Гүлжанат Төлеуқызы.
P.S. Иә, мүмкіндігі шектеулі жандарды уақытша ғана емес, тұрақты жұмыспен қамту мәселесін жақында ғана өңірге келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Г.Әбдіқалықова да сала басшыларына қадап тапсырған болатын. Сондықтан, өзінің денсаулығына сай жұмыс іздеп, шырылдап жүрген үшінші топтағы мүгедек А.Хамзиннің талап-тілегі жергілікті шенеуніктердің де назарынан тыс қалмайды деген үміттеміз.
Қарлығаш
ОСПАНОВА
тұрақты жұмысты қайдан табуға болат және ол жерге прапискаға отырама алде бурынғы орында жерде прапискада тұрса болама