Бата сөз

Ақтайлақ би  жас кезінде батасын алайын деп Ұлы жүз Шымыр биге барыпты. Үйге сәлем беріп кірген соң, Шымыр би:
– Шырағым, қай баласың? – деп жөн сұрапты. Сонда Ақтайлақ:
– Жангөбек қу дауысты Құттыбайдың немересі Байғара бидің баласымын. Сізге сәлем беріп, батаңызды алайын деп келдім, – депті… Шымыр би:
– Е, е қу дауысты Құттыбайдың болайын деп тұрған немересі бар деуші еді, сол сен боларсың. Көш бастап көсем, сөз бастап шешен болайын деген екенсің. Онда балам, жолдастың жүзін алма, бірін ал. Бір кісі жүз кісіге олжа салады. Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа. Өгізді өрге салма, қанатыңды талдырады. Жаманға ісің түссе, сағыңды сындырады. Жауға сырыңды айтпа, пәлеге қалдырады, – деп өсиет айтыпты да, сөзін әрмен жалғай беріпті. – Балам бір-екі ауыз сөз сұрайын, білсең айта қойшы?
– Арзан не, қымбат не? Алыс не, жақын не? Жаман не, жақсы не? Қатты не, тәтті не? – депті. Сонда Ақтайлақ бала:
– Арзаныңыз – өтірік, қымбатыңыз – шындық. Алысыңыз – ұжмақ… жақыныңыз – өлім. Жаманыңыз – қиянат, жақсыңыз –  адалдық… Қаттыңыз – жоқшылық, тәттіңіз – бала. Бала үшін отқа да, суға да түсесің, – деп жауап беріпті. Ақтайлақ баланың бұл жауабына риза болған Шымыр би:
– Балам қолыңды жай, бата берейін, – депті. Ақтайлақ орнынан ұшып тұрып:
– Ие, Нарынбай, Құттыбай, Байғара бабаларымның аруа-ғы қолдай гөр! – деп қолын жайыпты. Шымыр баба:
– Балам, сол айтқан ата-бабаларыңның аруағы қолдасын. Ақ сөйле, әрбір іске әділ бол. Бір сөзді бол. Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені. Алған бе-тіңнен қайтпа, әумин! – деп ақ батасын беріпті.
 
Абай мен Әбіш
Наушабай дейтін кісі жол жүріп келе жатып, Абайдың үйіне түсіпті. Жайғасып отырған соң ол:
– Абайжан, өзіңе асыл сөз, алғыр ой тауып айтқан кісі болды ма? – деп сұрапты. Абай сәл ойланып отырыпты да:
– Менің Әбдірахман деген балам бар еді. Оны тоғыз жасында Семейдегі орыс мектебіне оқуға бердім. Оны бітірген соң, Петербурға жібердім. Қыс оқып, жаз демалысқа үйге келді. Сұрастырып байқасам, оқуы жақсы көрінеді. Баламның алымдылығын сынап білейін деп ойладым да, бір күні жай әңгімелесіп отырып:
–  Қалқам Әбіш, осы әлемдегі жаратылыста ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма? – деп сұраған едім. Ол іркілместен:
– Ақ зат асыл ғой, – деді.
– Неге, қара зат асыл емес пе? – дедім мен. Әбіш бетіме қарап күлді де:
– Қараны қалай асыл дейсіз? – деді. Мен:
– Біріншіден, адам баласы барлық дүниедегі жараты- лысты көзбен көреді емес пе, – дедім, – Бірақ көздің ағы көрмейді, ортасындағы кішкене қарашығы ғана көреді. Қараның асылдығына осы дәлел. Екіншіден, қағаз ақ, одан адам оқып білім ала алмайды, үстіне жазған қара  сиядан өнер-білім алады. Үшіншіден, жас шақта адамның сақал-шашы қара болады. Осыған байланысты жас күнде адамда ақыл, білім, қайрат көп болады. Қартайғанда шаш-сақал ағарады. Ал, адамда ақыл, білім, қайрат та азаяды. сондықтан ақтан қараны асыл ма деп ойлаймын, – дедім.
Сонда Әбіш:
– Оның бәрін қалай білдіңіз? – деді.
– Ақылмен білдім, – дедім мен.
–  Олай болса, ақыл мида болмай ма, ал ми ақ зат емес пе!
Екіншіден, ақыл – нұр, жарық зат. О да аққа ұқсамай ма? – деді.
Мен баламның тауып айтқан сөзіне риза болып, маңдайынан иіскедім.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓