Инвестициялық жобалар іске қосылады
Биыл Б.Майлин ауданында 184 мың га жерге егін егіледі, бұл өткен жылғыдан 6 мың га артық. 38 мың 400 га – майлы дақылдар, 15 800 га – жемшөп егіледі. Картоп алқабы – 371 га, басқа көкөніс дақылдары алқабы – 180 га.
«Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін зығыр, күнбағыс және мақсары сияқты жоғары өнімді дақылдарды дамытуға бағыттап отыр. Бұл нарықта өнімді сатудан көп қаражат алуға мүмкіндік береді. Мемлекет жеңілдікпен берген жанар-жағармай қоры жеткілікті. Көктемгі науқан қарсаңында минералды тыңайтқыштар алу, техниканы әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын», – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Каргачинский.
Бөлім басшысының айтуынша, осы жылы бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған. Мысалы, жергілікті серіктестік құны 219,4 млн теңге болатын «Жайылымдарға арналған инженерлік желілер құрылысы» жобасын қолға алды. Тағы бір кәсіпорын ет өңдеу цехын іске қоспақ, оның құны – 600 млн теңге. 2 млрд теңгеге бағаланған «Ауыл шаруашылығы дақылдарын суару жүйесі» жобасын да атап өтуге болады.