Аналарға құрмет
Лисаковта көп балалы аналарға құрмет көрсетілді. Қала әкімі Алмат Исмағұлов алтынқұрсақты аналардың кеудесіне «Күміс алқа» белгілерін қадап, кітапшаларды салтанатты түрде табыс етті.
ҚР Президенті алты баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген аналарды наградтау туралы Жарлығына (награда алтыншы бала бір жасқа толған кезде және осы ананың қалған балалары тірі болған кезде беріледі) 2021 жылғы 5 наурызда қол қойған болатын.
Өз кезегінде Алмат Ерікұлы батыр аналарды қоғамымыздың дамуына қосқан баға жетпес үлесі үшін алғысын білдіріп, ұрпақ тәрбиесіне қосқан зор еңбектерін ерлікке балады.
«Күміс алқа» иегерлері атанған Ольга Владимировна мен Елена Васильевна қазіргі жеңілдіктер мен төлемдерден басқа ай сайын 18 669 теңге көлемінде жәрдемақы алатын болады.
Сондай-ақ, шаһар басшысы көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі алдағы жоспарын бөлісті. Қазір моно қалада 19 алтынқұрсақты ана баспана кезегінде тұр. Биыл 1-мамырда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тоғыз қабатты жалға берілетін 105 пәтерлі үйдің құрылысы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Ол 7 шағын ауданда орналасқан. Бұл көп қабатты үй қалай салынып бітеді, бірінші кезекті көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселесі шешілетін болады.
Лисаков қаласы.