ҮЕҰ өкілдері бас қосты
Қостанай облысының ҮЕҰ ресурстық орталығы базасында еліміздегі 13 өңірінің азаматтық альянстарының көшбасшыларының кездесуі өтті. Аталмыш кездесуде облыстық «ГрИН» азаматтық альянсының жетекшісі Динара Өтебаева еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұйым өкілдерін орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстырды.
– Қостанайда ҮЕҰ үйі осыдан он жыл бұрын құрылған, республикадағы алғашқы үйлердің бірі. 2011 жылы қала әкімдігімен 380 ш. м. жеке үй-жай берілген болатын. Бүгінде орталықта әртүрлі бағыттар бойынша атап айтар болсақ, білім беру, медицина, экология, волонтерлік бойынша жұмыс істейтін 14 облыстық ҮЕҰ жұмыс істеп тұр.
Мәселен, біздің ұйымда діни ағымдардың іс-әрекеттерінен зардап шеккендерді қолдау жөніндегі орталық, отбасылық орталық, медиация орталығы және т. б. жұмыс істейді. Бұл ретте облыстың кез келген ҮЕҰ тиісті жабдығы бар конференц-залды пайдалана алады, және ҮЕҰ құру, дерекқорға мәліметтер беру, салықтық, қаржылық есептілік бойынша консультациялық және әдістемелік көмек ала алады. ҮЕҰ мектебі тұрақты негізде жұмыс істеп келеді. Жыл сайын ішкі саясат басқармасының Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы және бизнес-қоғамдастық тарапынан тартылған қаражат шеңберінде облыстық ресурстық орталығында үздік азаматтық бастамалар қаржыландырылып отырады, – деді Динара Өтебаева.
Айта кетерлігі, елімізде мұндай ҮЕҰ ресурстық орталықтар жоқтың қасы. Мәселен, Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында, мұндай ҮЕҰ үйі енді ашылуда.
– Еліміздегі барлық азаматтық альянстардың өкілдері бас қосып отыр. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына қатысты бірқатар жобалар алдағы уақытта бірлесіп атқаратын жұмыстар талқыланып жатыр. Қостанай облысында ҮЕҰ-ға жеке ғимарат беріліп, көптеген ұйымдар бірлесе отырып, түрлі жобаларды жүзеге асырып отырғаны көңіл қуантады. Бұл, әрине, жергілікті биліктен қолдау бар екенін көрсетеді. Болашақта осындай азаматтық орталықтар еліміздің барлық өңірлерінде ашылса, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге, әлеуметтік жобаларды іске асыруға өз септігін тигізбек, – дейді Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева.
Кездесу барысында Ресейде атқарылып жатқан әлеуметтік жобалар таныстырылды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік аясында бірлескен жобалар мен өзекті мәселелер қарастырылып, алдағы уақытта көптеген әлеуметтік жобалардың іске асырылуы талқыға салынды.
Суреттерді түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ.