Фабрика көктемде іске қосылады
"Комсомол" фабрикасы қиын кезеңдерді бастан өткерді. Компания бірнеше жыл бойы тұралап қалды. Бір кездері зор үміт артылған құс фабрикасы осылайша банкротқа ұшырады. Кәсіпорынға қаржы салған инвесторлар кетіп қалды. Тек енді ғана қаржылық мәселе толық шешіліп отыр. Қостанай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Қарабалық ауданының әкімі Нұржан Өтегенов "Poultry-Agro" бас директоры Қайрат Маишевпен бірге жағдайды түсіндірді.
"Бүгінгі таңда осы жобаға бес қаржы институты үлес қосып жатыр. Толық иесі – "Poultry-Agro" . Ол "ҚазАгроҚаржы" АҚ-мен мәміле жасасты, – дейді Қайрат Маишев. – Жыл соңына дейін құрылғыларды іске қосамыз, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, штаб құрамыз. 2 ақпанда инкубациялық жұмыртқа салынады, 1 наурызда құс фабрикасының цехына ауыстырылады. Яғни, 12 сәуірде ресми түрде құстар сойылады, осы күннен бастап ай сайын бес тонна ет өндіріледі".
Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары ауданның мал шаруашылығы саласында оң өзгерістер байқалуда: саны артып, өндірістік сектор нығайды.