Ұстаздардың ұстазы
Ұрпак тәрбиелеу ісінде айрықша орны бар азаматтардың бірі, халық ағарту ісінің озаты, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Досмағұл Сүймеков. Ол бала кезден ұстаз болуды армандады. Ұстаз жүгі – ауыр жүк. Сол ауырлықты әп дегеннен-ақ еңсеріп, бойына ұлттық сана-сезімі сіңген талай шәкірттерді баулыды. Оның еңбек жолындағы құтты қадамы 1963 жылдан басталады. Меңдіқара педучилищесіне жоғары білімді маман болып оралған азамат өзінің елгезектігімен, еңбексүйгіш-тігімен көпшіліктің назарына ілікті. Сабақ берумен ғана шектелмей, қоғамдық істерге белсене араласты. Уақытпен санаспай жүріп, оқушыларды фото және кино өнеріне баулыды. Училище іші Досмағұл шығарған фотосуреттермен көркейіп, көз тарта түсті. Ол студенттермен бірге Байкал көлі, Мәскеу, Краснодар қалаларына сапар шегіп, жазғы демалысты көңілді де әсерлі ұйымдастыра білді. Еңбексүйгіш жас маман әріптестерінің құрметіне бөлене бастады. Өзіне жүктелген істі дер кезінде, тиянақты орындайтын қатардағы мұғалім ұжымының сенімінен шықты. Ол әріптестерінің қолдауымен 1974 жылы оқу ісінің меңгерушілігіне ұсынылды. Іскер азамат көп ұзамай сол кездегі білім министрі Қ.Балахметовтің бұйрығымен Меңдіқара педагогикалық училищесінің директоры болып тағайындалды. Ол ғұмырының 25 жылын білім ошағын басқаруға арнапты.
"Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы" дейді халық даналығы. Жақсының шарапаты тиген, өнегесі дарыған Досмағұл Есләмұлы жақсы ұстаздан жолы болған жан. Оның тәжірибелі мұғалім, қабілетті басшы болып қалыптасуына аяулы ұстаздарының ықпалы болғаны анық. Д.Сүймеков өмірдегі ұлағатты ұстазы Кәләм Байназарұлын өмір бойы пір тұтып, жиі еске алып отыратын. "Кәләм Байназарұлы тамаша кісі. Оқу ісін 35 жыл басқарған", – деп айтудан жалықпайтын. Өзі де ұстаз үмітін ақтап, жолын қуды. Соның бір куәсі ретінде ширек ғасырдан астам уақыт басшылық қызметті адал атқаруы деп айта аламыз. Д.Сүймеков өзі жетекшілік еткен педагогикалық колледжде К.Байназаров атындағы стипендияның тағайындалуына мұрындық болды. Бұл игі істі жақсы шәкірттің үлгі тұтқан ұстазының еңбегін ескеріп, есімін құрметтеу деп түсінеміз.
Досмағұл Сүймеков аса жігерлі, қайратты, еңбекқор жан. Кез келген істе алғырлық танытып, жас маманға бағыт-бағдар беріп отырды. Ол талай таланттың дарынын шыңдап, жақсы азамат болып қалыптасуына сүбелі үлес қосты. Қиындыққа мойымаған білікті басшы нарық қыспағынан шығудың да амалдарын қарастырып, оқу орнын жаңа белестерге жеткізді, республикаға танытты. Биік парасатымен, терең білімімен өзгелерден оқ бойы озық тұратын Досмағұл ұстазды шәкірттері жақсы көріп, сыйлайды. Ол бойындағы мейірімділік пен сүйіспеншілікті алыс ауылдан білім іздеп келген қазақтың қара көз балаларынан еш аямады. Қаншама шәкірт тәр-биелеп, үлкен өмір жолына дайындап, қанаттандырды. Ұстаз ағаның өмірінің жалғасы солар емес пе?!.
Ұстаздық жолға бар өмірін арнаған Досмағұл Есләмұлы бақытты жан. Бұл күнде зейнеткерлік демалысқа шыққан қарт ұстазды халық құрметтейді. Ол 70 жасқа толған мерейтойында ҚР "Құрметті білім қызметкері" атағына ие болып, "Рудный қаласының құрметті азаматы" атанды. Таяуда Досекең туралы әріптестері мен бұрынғы шәкірттерінің естеліктері жинақ кітап болып шықпақшы.
Индира ЖАЙЛАУБАЕВА.
Рудный қаласы.