Сейіттен қалған “Тамаша”

2008 жылы Сейіт Кенжеахметұлы «Тамаша» әзіл-сықақ театрына «Тамаша» өлең-тартуын арнаған екен. Бірақ бұл шығармасы еш жерде жарияланбаған. Бұл қолжазбаны сатириктің қызы Зәмзагүл Кенжеахметқызы сақтап, облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің қызметкерлеріне тарту еткен. Сол жылдардан бері жарыққа шықпаған шығарма көпшілікке енді ғана жол тартып отыр.
 
Тамаша
Уа, халайық,
Уа, ел-жұрт, көпшілік!
Алдағы жыл құтты болсын!
Ел іргесі мықты болсын!
Жыл берекелі әрі мерекелі болсын.
Халқымызға бақыт, ырыс қонсын.
Қазағымыз басқа толсын.
Егін бітік, мал семіз болсын.
Сәбилеріміз егіз болсын.
Дастарқанымыз «мен же», «сіз жеңіз» болсын.
Кеніміз тау, мұнай теңіз болсын.
Қорымыз триллиондап қаралсын,
Жақсы атымыз шартарапқа таралсын!
Өткен жылға өкпеміз жоқ,
Ешнәрсе жоғалтып, төккеміз жоқ.
Тәуелсіздіктің 17 жылы,
Астанамыздың 10 жылы
Ғасырмен пара-пар болды.
Әлемді аузына қаратар болды.
Елбасы әлемді аралап келді,
Ізгілік жолын саралап келді.
Осыдан 22 жыл бұрынғы
Желтоқсандағы ерлік,
Желтоқсандағы бірлік,
Желтоқсандағы тірлік
Бостандықтың күні боп шықты.
Азаттық, теңдік үні боп шықты.
Намысымыз Ләззат Асанова болып жанған,
Қанымыз Қайрат Рысқұлбеков болып тамған,
Әруағымыз Абай, Абылай болып қонған,
Қай кезде де қас қақпаған,
Абырой, арымыз асқақтаған,
Талқанын шығарып тас қақпаған
Бостандық алған халқымыз,
Ержүрек, мәрт қалпымыз,
Бұзылмас дін, тіл, салтымыз,
Іргелі елдің біріміз
Биікпіз, ерміз, іріміз.
Жақсымызды асырмаймыз,
Рас, жаманымызды да жасырмаймыз.
Ішімізден парақор деген пысық шықты,
Ұятсыздар жегенін құсып шықты.
Арам ауыздарына 60 жерден ұшық шықты,
Обшим,… қысып шықты.
Енді өнерімізді бастайық,
Тамашаға 30 жыл,
Атамай қалай тастайық.
Ендеше өткенге тоқталайық.
Азаматтарды зор атқа лайық,
Бүгін бір еске алайық.
«Тамашаның» тамаша
Шаңырағын көтерген,
Еңбегі жанып өтелеген,
Аталған күлкі атауын
Өз қолымен тудырған,
Әзілменен жудырған,
Кіндігін кесіп қалжыңмен,
Ән-бименен будырған,
Хас өнердің тірегі,
Құлағы, көзі жүрегі
Театрда шыныққан,
Ықпаған әкім, ұлықтан,
Талай-талай талантты
Алып шыққан тұйықтан,
Ортамызда жоқ бүгін
Есенұлы Ұлықпан.
Сол марқұмды, халайық,
Еске алған лайық.
Отау сәнін келтірген,
Күлкіменен «өлтірген»
Ең алғашқы авторлар,
Қырғи тілді тапқырлар,
Семсердей өткір тілдері,
Қырандай биік үндері
Аманшаұлы Берқайыр,
Жасады бізге көп қайыр,
Хас ақынның бірі еді,
Бірі еді әрі ірі еді,
Әр сөзіне қас та аң-таң,
Қас түгілі дос та аң-таң,
Тиген жерін күйдірген,
Күйдірте тұрып сүйдірген
Әубәкірұлы Оспанхан
Басына сықақ жастанған.
Әзілі көпке жарасқан,
Поззияда әрі асқан,
Пародияда бері асқан,
Шындықтың тура жолынан
Адаспаған Жарасқан,
Қисық, қыңыр, жалқаумен
Жараспаған Жарасқан.
Жарасқанның сөздері
«Тамашада» да жарасқан.
Атағы көпке жайылған,
Тентектің бетін қайырған,
Жақсы менен жаманның
Арасын ашып айырған
Уәйіс, Тоқсын, Мейірман
Аяулы асыл есімдер,
Сақтайды оны есінде ел.
Бүгінгі күні «Тамаша»
Іс бастап тұр жаңаша.
Тарландарды бұрынғы
Шақырып едік оңаша,
Келді бәрі таласа,
Қуанып тұр балаша.
Тамашаның тұңғышы,
Қашан көрсең тың кісі,
Әрі тұңғыш, әрі бай,
Жеті өнердің бәрі сай,
Екі көзі мойылдай,
Екі қолы сойылдай,
Күрек тісі қырғыштай
Жаманқұл, Әл-Тарази Тұңғышбай.
Тұңғышбай Жаманқұлов
Тамашаның тарланы,
Тарланы әрі арланы,
Өнердің қалың орманы,
Сықақтың тілді қармағы,
120 келі салмағы
Сұлтанбайдың еркесі,
Құдайдың бере салғаны,
Құдайберген Сұлтанбаев.
Театрдың жұлдызы,
Қазақтың дара бір қызы,
Еркін, ерке, қыр қызы,
Лидия келіп тұр,
Жүрегі майдай еріп тұр,
Қайтып келген қыз жақсы,
Қайтарып алған біз жақсы,
Лидия Кәденова.
Күн сайын ат құрғатпай,
Тамаша біздің қайда деп,
Бойына осы жүр батпай.
Қалған емес үн қатпай
Уәйдаұлы Үмбетбай
Сықақтың сайыпқыраны,
Салт, дәстүр – айтар ұраны
Кітаптары салмақты
Қазы берген бес елі,
Ғылымға да жүлде алып,
Жібермеген есені,
Сөйлесе тілдің шешені,
Сегіз қырлы, бір сырлы,
Қайтпаған әркез меселі,
70 жасқа келсе де,
70 кітап берсе де,
70 елді көрсе де,
Сүр жебедей сырланып,
Жас жігіттей қырланып,
Өзгермейтін кейіпі,
Кенжеахметтің Сейіті.
Сейіт Кенжеахметұлы!
Телі менен тентектің
Басқан талай жөтелін.
Айтпай қалай өтемін
Әмірбектің Көпенін?
Өнерге өнер қосқанда,
Тамаша бетін ашқанда,
Қуанып шашу шашқанда,
Режиссер болып жаңаша,
Қызмет еткен жараса,
Өнердегі тойшы ұл
Атыраудан келіп тұр,
Жараған аттай желіп тұр,
Қойшығұл Жылқышиев.
Өздеріңіз білетін,
Білетін де күлетін,
Тексіздердің түндігін
Қалжыңменен түретін.
Қисық, қыңыр, қиясты
Өткір сынмен бүретін
Сақадай сай Қадірбек,
Сыйлаймыз оны қадірлеп.
Ұзын, орта, қысқасын,
Сықақтың шебер ұстасы
Марат, Нұржан, Асылбек
Өнердегі асыл тек.
Ағалар ісін жалғаған,
Қатардан еш қалмаған.
Шаршамаған, талмаған.
Бәрі, міне, келіп тұр,
Өздеріне сеніп тұр
Сіздерге «честь» беріп тұр.
Жақсы әкенің көзіндей,
Көзіндей әрі сөзіндей,
Лұқпан ісін жалғайтын,
Күндіз-түні көз ілмей,
Өнері жұртқа жария,
«Тамашаға» директор
Қыздарыңмен таныс бол,
Үлкен-кіші, қария,
Лұқпанқызы Әлия.
Ал, көрермен қауым,
Алдағы жылы Қазақстанды
Дамыған 50 елдің сапынан іздеңіздер,
Күдерлеріңізді жақсылықтан үзбеңіздер,
Аз кем-кетікті жіпке тізбеңіздер,-
деп бүкіл елге ұран тастаймыз!
Рұхсат болса, ағайын,
"Тамашамызды" бастаймыз!
02.X.08 жыл
 Сейіт Кенжеахметов.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓