Қостанайдың қыздары!

Шынықтырған Солтүстіктің мұз-қары,
Шырай берген аязы мен ызғары.
Сырты суық, іші ыстық қызулы,
Қостанайдың қыздары.
 
Нәзік келер, сезімдірек қыз жаны,
Сағыныштан сарғайды да, сыздары.
Артық сөзбен, өсек-аяң жинамас,
Қостанайдың қыздары.
 
Ұлардайын ұстатпайтын құздағы,
Астын дәмін келтіреді тұз дағы.
Сөзге берік, махаббатқа тұрақты,
Қостанайдың қыздары.
 
Ғашық болдық, бойдақ болдық біз дағы,
Ғашықтықтың көрігінің қызғаны.
Ғажайып бір Шаһризада іспетті,
Ғажап сұлу Қостанайдың қыздары!
 Абай Қажи.
Әулиекөл ауданы.
 
Күзгі жырлар
Ызғытып бүйірінен жел аймалап,
Қара күз кеудесіне қарай жанап.
Тірегі қара таяқ, қара жолмен, 
Келеді  бір шал оймен  жайлап.
 
Оның да өмірінің күзі ме екен,
Өмірді жатырқай ма түсі бөтен.
Жас күні, күлкісінің бәрі қалып,
Бүгінде серік болып қара жөтел.
 
Қарайды уақыт – өзен аққанына,
Сан ұрынып өмірдің соқпағына.
Құдай-ау, қызыл үй тұрсың ба әлі,
Кеш бата сол бір үйдің аппағына,
Ұрланып терезесін қақпады ма.
 
Түсіріп қара күздің қақпанына,
Батырып өмірінің батпағына,
Ырыққа көнбей уақыт аққаны ма,
Айдаған қара жолда күні-түні,
Көліктердей зымырап жатқаны  ма.
 
***
 
Қызық-ай, өмір,
Кейде шаттық, кейде мұң.
Ауысады бәрі-бәрі күнбе-күн.
Жау боп шығар іштен оғын кезеген,
Кеше ғана досым ғой деп жүргенің.
 
Қызық-ай, өмір,
Байқамаймыз көпті біз.
Жақынды да алыстатып жүріппіз.
Жалаң аяқ табанға да қарамай,
Біреулердің кебісіне күліппіз.
 
Қызықсың өмір,
Сүргенім менің тым аз-ақ.
Жетеміз ғой бәріне де шындасақ.
Жүрек шуақ, сәуле берер қуатым,
Енді елу жыл, енді елу жыл жырласақ.
 
***
 
Өмірім сан қыр жақтаулы,
Үйретті сабыр сақтауды.
Күндегі күйкі тірліктен,
Жаңа өмір енді басталды.
 
Жағалай қойып шапқанды,
Көңілім бір сәт тоқталды.
Зыр жүгірген сағат та,
Ұнатады тоқтауды.
 
Тоғысып сезім жүректе,
Жүрегім оған тірек пе.
Сын сағат туған шағында,
Сыз берер берік жүрек те.
 
Мәңгілік өмір арнасы,
Өлім бе оның жалғасы.
Бағасын жойған уақыттың,
Адамның барша баласы.
 
Тағдырым сан қыр қатпарлы,
Сенімім, бәлкім, ақталды.
Өмірдің асыл заңдары,
Үйретті арды сатпауды.
Сара Жақсылық.
Қазанбасы ауылы,
Әулиекөл ауданы.
 
Ауылдың баласымын
Ауылдың баласымын – қырға ғашық,
Құмға ғашық, әдемі жырға ғашық.
Түлкінің құйрығындай бұлаңдаған,
Қашаған-жол барады қырдан асып.
 
Ауылдың баласымын – гүлге ғашық,
Күнге ғашық, сыр бүккен түнге ғашық.
Суретші – табиғат сан бояумен,
Жатыр әне даланың көркін ашып.
 
Ауылдың баласымын – айға ғашық,
Таңға ғашық, тербеткен ойға ғашық.
Қып-қызыл боп ұялған күн – келіншек,
Жатыр әне қырқамен аймаласып.
 
Ауылдың баласымын – жерге ғашық,
Желге ғашық, ақпейіл елге ғашық.
Бұлттың өзі өтеді бұл далаға,
Жаңбыр – жасын селдетіп, мауқын басып.
 
Ауылдың баласымын – далалықпын,
Кең, жомарт – ақ пейілден жаралыппын.
Ойына келе бермес қалалықтың,
Сырын ұқтым даладан – даналықтың!!!
                                              
Күзгі көрініс
 
Бала-нөсер себелеп, кәрі еменнен хал сұрар,
Қара бұлттың күркірі, аспан салған ән шығар.
Сазына елтіп сол әннің бұталарға асылып,
Жапырақтың үстінде билейді қыз-тамшылар!
 
Жапырақ-ау сарғайған, жаздан күдер үзбегін,
Мезгіл дейтін керуен, тонап кеткен түз кенін.
Сары белге сыр айтып, сайрандаса сағым-қыз,
Жоталарға асылып, алады әрең күз демін.
 
Үйір бұлтты айғыр боп, қуып көрді жүдеу жел,
Тынбай жауған нөсерді сыбап жатыр біреулер.
Жаздай жаумай безеріп, күзге иіген жауынға,
Жаны күйіп тістеніп, жылап алды күйеу – жер.
 
Қыз-тамшылар қыдырып, барады әне біз-өкше,
Күндіз тамшы болғанмен, түнде болар мұз-бөксе.
Бақ ішінде жалаңаш, жалаң аяқ ағаштар,
Дүр сілкініп қояды, табанынан сыз өтсе…
                     Нағашыбай Қабылбек.
 
Сен кімсің?
Сезімдерді сергелдеңге салған күз,
Қайтем енді бір үмітім алдаса.
Біздер нағыз жолы болған жандармыз,
Жолыға алмай жүргеніміз болмаса.
 
Мен солай деп түсінемін бұл сырды,
Өзің жақта жүрсе де ойым қаңғырып.
Қоштасарда көзіңдегі тылсымды,
Көздеріме құйып алғам мәңгілік.
 
Содан бері жылауға да батпадым,
Кірпігіме ілінсе де моншақ мұң.
Сол баяғы өзің көрген бақтамын,
Сол баяғы… мұңлы қайың ән сап тұр.
 
Бәрі ән сап тұр, түпсіз аспан, тырналар,
 
Мен ғана үнсіз меңіреу ме ем мұншалық.
Аңсарымнан алмадым деп бір хабар,
Жағалауға барсам ба екен мұң шағып.
 
Жабыққанда жалғыз соған оралдым,
Жайық мені түсінер ме, кім білген?…
Құлпын бұзып мендік берік қамалдың,
Қиялымды жаулап алып үлгірген.
 
Сен кімсің?
Әлия Дәулетбаева.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓