Мың тал екті
Жыл сайын Лисаков қаласында бір жарым мыңға дейін тал егіледі. Биыл көктемде қала тұрғындары терек, қайың, қарағайдың көшеттерінің 1200 түбін отырғызды.
Моно шаһарда қала және оның айналасын жаппай көгалдандыру шарасы 23-24 сәуірде өтті. Бұл күндері мектеп жанындағы учаскелер көгалдандырылды. Қалаға кіре беріс жолдардың шетіне Краснооктябрь боксит кеніші басқармасының жұмысшылары тал екті.
Қала әкімі отырғызылған көшеттердің бәрінің тамыр жайғанын, жайқалып өсуі үшін қамқорлық пен күтім қажет дейді. Жас ұрпақ жасыл желектеді ұқыпты ұстау үшін оларды да тал егу акциясына көптеп тарту керек екенін атап өтті.
Лисаков мешітінің жанындағы Краснооктябрь боксит кеніші басқармасы салған үйдің алдына 40 түп пирамидалық терек көшеттерін отырғызуға қаланың аға буыны және жас ұрпақ өкілдері де атсалысты. Бұл шараға қала әкімі Алмат Исмағұлов, мешіт имамы Сабыржан Есмұрзин, қала әкімдігінің бөлім басшылары, Лисаков қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар ресурстық орталығының өкілдері, Лисаков техникалық колледжінің еріктілері қатысты. Олар осыдан бірнеше күн бұрын көшеттерді отырғызатын орындарды әзірлеп те қойған болатын.
Лисаков қаласы.