Жаңа жинақ жарық көрді
Жанары оқудан шаршамайтын оқырманға жағымды жаңалық!
«Қостанай таңының» кітапханасы» сериясымен газеттің Директоры – Бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Жанұзақ Аязбековтың «Кие мен ие» және «Ағайынның арасы…» кітабы «Центрум» баспасынан жарық көрді. Кейінгі жинақ – «Ағайынның арасы…» бұған дейін баспадан шыққан болатын. Автор бұл жолы басылымның «Бас редактор әлемі» легі бойынша жазған әдеби-публицистикалық туындыларын тағы бір мәрте толықтырып, екінші рет басып шығарып отыр.
Ал енді жарық көрген кітаптарға аз-кем шолу жасайық. «Ағайынның арасы…» жинағын біз бұрын әңгімелеген едік. Бірақ сонда да қысқаша тоқтала кетейік. Автор толықтырылған бұл еңбегінде бүгінгі қоғам тынысын, уақыт бедерін, дәуір көрінісін тап баса отырып, оқырманға ой салады. Әр мақаласында өзекті мәселені көтеріп, қытымыр қоғамдағы адамдар психологиясын аша түсіп, кейіпкерлерін сынайды. Бұл топтамаларды оқып отырғанда автордың пайым-парасатын, өмірге деген көзқарасын жете түсінесің.
Ал, екінші кітап алғашқысынан мүлде бөлек сарында жазылған. Яғни, автордың елге танымал тұлғалармен сыр-сұхбаты, екеуара әңгімесінен тұрады. Кітапта топтастырылған әр әңгіме-сұхбат автордың мерзімді басылым беттерінде жарық көрген туындылары екендігін оқырман қауымға айта кеткен жөн. Әр сұхбатында автор өз кейіпкерімен еркін әңгімелесе отырып, оның барлық болмысын аша түсіп, қоғам, руханият тақырыбы, адамдар өмірі, келбеті, болмыс-бітімі, адам бойындағы асыл қасиеттерді, мәңгүрттеніп бара жатқан адами сананың бүгінгі болмысын көрсеткісі келеді. «Кие мен иеде» де әдеби-публицистикалық пафосты да аңғару қиын емес. Себебі, автор әдебиетке, сөз өнеріне жаны жақын жан екендігін мейлінше сездірте түседі.
Бұл жинақтардың тілі жатық, оқуға жеңіл, барлық оқырман қауымға арналған.
Алдағы күндері редакция «Қостанай таңының» кітапханасы» сериясын одан әрі жалғастыра бермек.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.