Музей-үйдің ахуалы мәз емес
5 қыркүйек – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Биыл ұлт ұстазының туғанына 146 жыл толып отыр. Заманның зұлматына қарамай, басын бәйгеге тіге жүріп, ұлтының қамын жеген Ахметтің қазіргі қоғамдағы орны қандай? Бүгінгі ұрпақ тарихи тұлғаға лайықты құрмет көрсетуде ме? Олай десеңіз, неге Ахаңның Алматыдағы жәдігер үйінің ахуалы мүшкіл? Түйіткілді мәселенің мән-жайын музей директоры Райхан Имаханбет тарқатып берді.
-Райхан Сахыбекқызы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының үйі, бүгінгі музейінің проблемасын естіп, көріп жүрміз. Түсінбейтін дүние көп. Даудың басы неде, айтыңызшы?
-Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі Алматының қақ ортасында орналасқан. Тіпті, 2005 жылы жергілікті билік осы үйдің орнына бес жұлдызды қонақ үй салғысы келді. Сөздерінше, мұражай болу үшін Ахмет Байтұрсынұлының артында қалған дүние-мүлкі жеткіліксіз. Танымдарының таяздығы қайран қалдырады, ұлт мүддесі үшін 5 рет абақтыға қамалып, 2 рет жер аударылған рухани тұлғаның соңында қандай дүние-мүлік қалсын? Кезінде тәркіленді емес пе! Ол кезде Алматының әкімі Иманғали Тасмағамбетов болатын. Бұл әңгіме әкімге жетпесе де, орынбасарлары хабардар еді. Бірақ, солардың айтуынша, әуелгі өкімді берген әкім екен. Бұл мәліметке ашынғандықтан, барлық БАҚ өкілдеріне өзекті мәселені көтеруді сұрадық, өкініштісі, олардың көпшілігі өз мүдделерін күйттеді. Сөзімізге тек, «31» телеарна мен «Ана тілі» газеті ғана ден қойып, бірден атсалысты. Олардың артынша «Түркістан» газеті де мақала басты. Шарасыздықтан әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлына мұражайға араша болуын өтініп, мән-жайды жеткіздім. Осы тұста, бір топ ақын-жазушы мен ғалымдар Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен «Алатау» емдік-сауықтыру кешенінде демалып жатса керек. Тұрсекең танымаса да әңгімені соңына дейін тыңдады. Бәлкім, талай жерде Ахаңның мұрасы үшін шырылдап жүргенімді аңдаған болар. «Бүгін Имекең бізге келеді, сонда бұл мәселені төтесінен қоямын», – деп, жасыған көңілімізді көтеріп тастады. Несін айтасыз, ұзынқұлақтан жеткені: «Ақын-жазушыларымыз бен ғалымдар Иманғали Тасмағамбетовке жасаған жақсылығы үшін бір-бірімен жарысып, алғыстарын жаудырып жатқанда, өз кезегінде Тұрсынбек ағай: «Рахмет айтушылар менсіз де айырылып-жыртылады, менің айтпағым басқа. Осы барлық шенеуніктің басында сарайдай үйлері бар, ал Ахметке келгенде бір аядай ғана үйді неге қимайсыңдар, а?! Анау сары қызды сорлатқандарыңа жол болсын?" – деп, осының мән-жайын анықтауды сұрапты. Келесі күні түс ауа Имекең өз шабармандарымен музейге келді. «Жақсыдан – шарапат» деп осыны айт, бұл жөнінде БАҚ бетінде жарияланды. И.Тасмағамбетовтің тікелей араласуының арқасында азып-тозған мұражайға толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Араға 10 шақты жылды салып ат басын бұрған Имекеңнің мұражайға тағы шарапаты тиді. Қазіргі қала әкімі Бауыржан Байбек қала бюджетінен 10 млн теңге ақша бөлді, бұл қаражатқа ғалымның шығармашылығына арналған 3 кітап шығарылды және ғұлама мұрасын насихаттауға арналған бірнеше іс-шара атқарылды.
-Ахмет атамыз бұл шаңырақта қай жылдары тұрды?
-Ахмет Байтұрсынұлы бұл үйде 1934-1937 жылдардың аралығында тұрған. Табанының табы қалған жер, оны дәлелдеп берген – Шолпан Ахметқызы. Шолпан – Ахаңның туған інісі Мәшеннен туған, бірақ Ахмет пен Бадрисафа бауырына салып, өз аттарына жаздырған. Ақиқатында, Ахметтің кіндігінен болмағаны, Шолпаннан бөлек Аумат, Қазихан деген ұлдарға өз атын берген. Олар – ағасы Кәкіштің ұлдары. Ахметтің ағайын-туыстарының арасында «тікелей ұрпағымын» деп айтатындар да баршылық, бірақ бұлай деп елді адастырудың керегі жоқ. Сондай-ақ, қыздан туған жиендерді «тікелей ұрпағысыз» деп үйретушілер де жетерлік. Қазақтың ықылым заманнан келе жатқан туыстық атауларының мән-мағынасын бүлдіретіндер де өз ортамызда. Мәселен, Қабиден мен Шолпаннан туған Айманға Ахметті нағашым деп айтуының жарасымды әрі анығы сол екенін сан рет айтқанмын. Айман апай қазір 82 жаста. Ол кісі де музейдің мемлекет қорғауына алынғанын қалайды.
-Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қор қашан құрылған және музейге қамқорлық жасап отыр ма?
-Мәшен қажыдан туған Самырат Кәкішев 1994 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қорды құрған. Бірақ бұл Ахмет тұрған үйді Самырат салдырды деген сөз емес қой! Жалпы, бұл ғимарат 1992 жылы тарихи маңызы бар мемлекеттік ескерткіштер тізіміне енген. Самырат ағай 1997 жылы қайтыс болды, содан бері қордың президенті Серік Байтұрсынов, ал музей қордың қарамағында. Аталған қоғамдық қордың 2006 жылдан бергі құрылтайшыларының бірімін. Бірақ қордың аты – қор, ал музейдің жөні бөлек! Екеуі екі бөлек мекеме болуға толық құқы бар. Серік Самыратұлына сан рет айтқанмын, Семейдегі – Абай, Мұхтар; Алматыдағы – Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Д.Қонаев; Қостанайдағы – Ыбырай, Торғайдағы – кешенді музейлер; Жымпитыдағы – Махамбет; Шымкенттегі – Саяси қуғын-сүргін, еліміздің түкпір-түкпіріндегі мемлекеттік тұлғалық мұражайларды көріңіз. Қаншама қызметкері бар, былайша айтсақ, қазақы қоғам сол арқылы нанын тауып отыр, ең бастысы, отансүйгіштік рухта өскелең ұрпақты тәрбиелейді. "Қорға қарайтын Ахметтің үйі қаншама мүмкіндіктерден қағылып отыр?!" – десем, ол кісінің бар айтар уәжі: «Әкем Самырат жекеменшік жасады, мен жалғастырамын, ертең менің ұлыма өтеді», – дейді. Айналайындар-ау, Ахметтің өзі де, оның артында қалған ғылыми еңбектері де, тіпті жәдігері болып табылатын үйі де халықтық сипаттағы маңызы зор, Қазақстанның киелі нысандары тізіміне енген мәдени мұра емес пе! Ендеше, осындай әлеуметтік маңызға ие ұлттық мұраның қалай жекешелендірілгеніне және 1993 жылғы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін ұйымдастыру шешімінің әлі күнге толық орындалмағанына Мәдениет министрлігі неге көз жұмып қарайды? Осы жағын түсіне алмай-ақ келемін. "Үкімет қаулысы негізінде ұйымдастырылуы тиіс музей неге заңдастырылмаған?" деген сауал жабық күйінде қалып отыр.
-Демек, негізгі мәселе – музейді мемлекеттік мекеме жасап, республикалық мәртебе беру арқылы шешімін табады деп ойлайсыз ба?
-Әлбетте. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Қазақстан Республикасы «Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес 1992 жылғы 18 қыркүйектегі қала әкімінің: «Қалалық мәдениет басқармасы мен сәулет бас басқармасының ҚР Мәдениет министрлігімен келіскен Алматы қаласындағы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарих және сәулет ескерткіші болып табылатын Космонавтар көшесіндегі № 60 үй-жайды қосу туралы ұсынысы қабыл алынсын», – деген №413 шешімі, 1993 жылы 9 қыркүйектегі «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйін ұйымдастыру туралы» сол кездегі Алматы қаласының әкімінің №360 шешімі негізінде: Қоғамдық қорға қарайтын тағылым үйін – Ахмет Байтұрсынұлы мемориалдық музей-үйі – «Ахметтану» ғылыми-зерттеу орталығы деген атаумен дербес мекеме ретінде заңды тіркету; Дербес жарғы мен өзінің жеке мөрі бар мемлекеттік мекеме болу және қалың жұртшылыққа қызмет жасайтын штат жасақтау; 1992 жылдан мемлекеттік маңызы бар тарихи ескерткіштер санатына енгізілген Ахметтің тағылым мектебіне, яғни музей-үйге Республикалық мәртебе берілуін жедел шешу; Республикалық бюджеттен қаржыландырылуын әрі еліміздегі тарихи тұлғаларға арналған музейлер сияқты жұмыс істеу үшін музейдің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету. Шегелей айтқанда, 1993 жылдың 9 қыркүйегіндегі Алматы қаласы әкімінің №360 шешімде нақты ресми атауы көрсетілген: «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйін ұйымдастыру туралы» заңды күші бар мемлекеттік құжат негізінде ұлт ұстазының артында қалған тарихи үйді «халық қазынасы, ел игілігі» деп танып, ұлттық нысанға айналдыру. Ұлттық рухтың ұлы тіні Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы, «тірі көзіндей болған үйін» қаз-қалпында сақтап, мемлекеттің дербес қамқорлығына алып, қазынадан қаржыландыру мәселесін «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы қадағалауындағы сакралды тізімге енген «Қазақстанның киелі орындары» жобасы негізінде шешіп алу жағын шұғыл қарастыру керек.
«Қазақстан тұлғалық музейлер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің құрамына мүшелікке кіргеніміз де дәтке қуат. Келер күннен үмітіміз зор.
Ең қорқыныштысы, қазақ Ахметтей арысынан айырылып қалуы мүмкін. Мәселен, бауырлас өзбек халқын алайық. Оларда мұндай көсем жоқ, бірақ олар жоқтан бар жасап отыр. Біз айтысып жүрген шақта олар Ақсақ Темірді өзбек қылып алды. Төле биді де тартып алғысы келді. Құдай қолдап, қауіптің беті қайтты. Ал Ахмет Байтұрсынұлының аты Түркияда 1970 жылдан бастап айтыла бастаған. Әзірбайжанда Ахаң сөз сөйлеп, дүйім жұртты аузына қаратқаны бар. Ол жақта Ахаңды ерекше құрметтейді. Міне, қалт кетсе, қауіп осылай-ақ пайда болады. Қас-қағымда бәрінен айырылып қаламыз. Бір жылдары бірнеше түрік азаматы маған көмектескісі келді. Осы Ахмет Байтұрсынұлы арқылы қазақ ортасына сіңісуді көздеді. Бірақ, мен теріс айналдым, пиғылдары ұнамады. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейді қазақ.
Жерлестеріңнің намысына тиіп кетем бе деп ойлаймын, бірақ айтпаса сөздің атасы өледі. Осы Ахмет атамыз Жамбылдан немесе Шымкенттен болса, баяғыда-ақ көтеріп жіберер еді. Алматыда үш ескерткіш тұрар ма еді, кім білсін. Оны Торғай жаққа барған сайын айтып жүрмін. Менің жолдасым торғайлық, өзім оңтүстік Қазақстанның тумасымын. Негізінде, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көше мен мектеп сол мен туған жақта көп. Қазір бір бюст және Ахмет атындағы кішкентай саябақ бар. Оның өзін 13 жыл "қақсап" жүріп әрең алдық.
Ешбір азамат көмек қолын созбайды. Тек Кенжеғали Сағадиев бірде көмектесейін деп келді. Ол кісіге Орынборға сапарымды көтеріп беріңіз дедім. Артық ауыз сөзсіз қолқабыс жасады. Қатты айтсам, аталарыңа тиіп кетер ме деп қорқам, бірақ көбісіне өкіпелімін. 26 жыл бойы тегін тер төгіп келемін. Өзім Қазақ Ұлттық университетінде дәріс оқимын, сол студенттерімді кейде шақырып, музейдің анау-мынау шаруасына жұмсаймын, оның несін жасырайын. Сол үшін де соңымнан сөз қылатын адамдар бар. Қылмыс санайды. Айналайын-ау, біз ауылда мақта, жүгері теріп, алты ай мектеп көрмей өстік. Ешкім бізге өйтпе демеді ғой. Содан біз қор болдық па?! Қайта пысық болып өстік. Қазірдің өзінде біреуге көмектескіміз келіп тұрады. Осы жердің гүлін суарып, ауласын абаттандыру, тазалау – менің мойнымдағы жұмыс. Мен одан қашпаймын, тек үлгермеймін, кейде шаршап қаламын. Менің жеке шаруамды емес, ұлт ұстазының үйін жинаса, ештеңелері кетпейді. Ұлт үшін жанын қиған адамның үйін ұстай алмасақ, не қылған ұрпақпыз?
Жуырда елге белгілі бір ағамыз хабарласты. «Райхан, зейнетке шығып едім, сендерде жұмыс бар ма маған?» – дейді. Күлейін бе, жылайын ба? «Аға, менің қасыма келіп, мен сияқты тегін жұмыс істеймін десеңіз, қуана-қуана қарсы аламын», – дедім. Ат-тонын ала қашты. Егер өзі жас, отбасы асырап отырған азамат болса, түсінер едім. Кейде жастар ақша сұраса ренжімеймін. Нан табуы керек. Ал анау ағалар халықтың алдында "ұлтым" деп сөз сөйлейді, жеме-жемге келгенде қарақан басын ойлайды. Ұлттың мүддесі үшін өліп кеткен кісілердің үйін пұлсыз ұстай алмаймыз.
-Ахмет Байтұрсынұлын түркі әлемі ерекше құрметтейтінін айтып кеттіңіз. Сол тұрғысында кеңірек тарқатсаңыз…
-1926 жылы Әзірбайжанның Баку қаласында түркі тілдес ұлттардың жиыны, яғни съезі өтеді. Сол жиынға Ахмет Байтұрсынұлы, Нәзір Төреқұлов, Елдес Омаров бастаған қазақтар барады. Олар түркі тілдес ұлттарға ортақ еміле жасауды талқылайды. Ахмет Байтұрсынұлы мен Нәзір Төреқұлов баяндама оқыған. Сонда Төреқұлов бір дауысқа басым түсіп, латын қарпі қабылданады. Ең өкініштісі осы еді. Негізі, Ахмет Байтұрсынұлының таңбасын, яғни төте жазуды көпшілік қолдаған. Кейіннен Кемал Ата түрік: «1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлының жасаған әліпбиі қолыма тигенде мен латын қарпіне көшпес едім», – депті. Бұл 1970 жылы солардың зерттеуінде кездесетін деректер. Кемал Ататүрік Ахмет Байтұрсынұлы мен Исмайлбек Гаспаралының есіміне көше атауын беретін кез.
Ахмет Байтұрсынұлы латынның да, кирилл қарпінің де кем тұстарын көрсетіп кеткен. Бір ғана мысал, қазір «қазақ» сөзін «Q» арқылы жазып жатырмыз. Бұл таңбаны ешкім бізше «Қ» деп оқымайды, ол «Кю» болып оқылады әлем бойынша. Тағы да қор боламыз ғой. Ал Ахаңдар басын бәйгеге тігіп жүріп, «Қазақ» газетін шығарады. Газеттің алғашқы бетіндегі киіз үйге төте жазумен «Қазақ» деп жазады. Бұл сөзді мейлі оңынан, мейлі соңынан оқы, ол – «қазақ». Кейде осы газетті соған қимайтындар да табылып жатыр. Неткен әділетсіздік! Ахаң газеттің әуелгі екі нөмірін жалғыз өзі шығарды. Тек үшінші санынан бастап Міржақып Дулатов пен Әлихан Бөкейханов қосылды. Біздегі білдей бір институт істей алмай отырған жұмысты Ахмет бір өзі-ақ жасап шықты ғой.
– Сіз ахметтанушы ретінде ғалымның шығармашылық мұрасын насихаттау бойынша қандай кешенді ісшаралар ұйымдастырдыңыз?
-Мұражайдың толып жатқан шаруашылық жұмыстарын қоғамдық негізде, яғни тегін атқарумен қатар, ғылыми зерттеу ізденісін тоқтатқан емеспін. Атап айтсақ:
-
Ахмет Байтұрсынұлы көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Алаш, 2003-2006–Т. 3, 4, 5: 58 баспа табақ. (Құрастырушылардың бірі, жауапты редактор әрі ғылыми түсініктің авторымын);
-
Ғасыр саңлағы: А.Байтұрсынұлының шығармашылық ғұмырбаяны. Монография. Астана: Педагогика ПРЕСС, 2010.-304 б., Деректі құжатты, суретті.(Автормын);
-
Ұлағатты ұлт ұстазы (анықтамалық-көрсеткіш). Ғылыми жинақ. Алматы: Сардар, 2010.-276+24 ж.б., Деректі құжатты, суретті. (Құрастырушының бірі әрі ғылыми түсініктің авторымын);
-
Ұлт ұстазы. Деректі фильм. 32 минут. 2010 ж. ҚР Мәдениет министрлігі тапсырысы бойынша. (Жоба авторы, әрі ғылыми кеңесшісімін);
-
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының көсемі. Деректі фильм. 30 минут. «Сaspionet» арнасы «Тарихтың бейнесі» айдары. abai.kz/content/ylt-ystazy-akhmet-baityrsynyly-video. 2012 (Сұхбат беруші, әрі ғылыми кеңесшілер алқасындамын);
-
"Ахмет Байтұрсынұлы" алты томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ел-шежіре, 2013.-Т. 1, …, 3, 4, 5, 6:-384 б. 100 баспа табақ. (Құрастырушы, жауапты редактор әрі ғылыми түсініктердің авторымын);
-
Ахметтану мәселелері: ғылыми жинақ. – Алматы: ҚазҰУ, 2016.-184 б., (Автормын);
-
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі (Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы тағылым үйінің қалыптасу тарихы: құрылымы, дамуы, жүйеленуі, зерттелуі). – Алматы: «Өнер» баспасы, 2017.-288+32 ж.б., суретті, деректі, құжатты. (Автормын);
-
Ахмет Байтұрсынұлы: фотожинақ. – Алматы: Орхон баспа үйі, 2017.-240 б., суретті, деректі. (Құрастырушының бірі, әрі ғылыми түсініктің авторымын).
Міне, осы атқарылған жұмыстар топтамасын ғылыми айналымға түсіріп, оқу үдерісінде қолдану үшін кәсіби сарапшылар да, ғылыми қызметкерлер де, музей ісінің мамандары да керек-ақ. Ал, оларды тарту қаражатқа келіп тіреледі. Мәселен, сакралды тізімге енген бұл ғимаратты «Ахмет Байтұрсынұлы музейі экспозициясының ғылыми тұжырымдамасы және тақырыптық жоспары» жобасы деген атаумен жаңа форматта қайта жасақтау – кезек күттірмейтін мәселе. Оған жылдар бойы жинақтаған материалдар жеткілікті-ақ. Бірақ, қол қысқа. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы саябақ пен музей ауласындағы ғалымның бюст-ескерткішін де киелі тізімге қосу керек. Өйткені, олар да музей ғимараты секілді мемлекеттің қамқорлығы мен күтіміне зәру.
Сұхбаттасқан Кенже ҚОНЫСБАЙ
Мәселе – өзекті. Алматыда кеше республикалық семинар-жиын өтті. Латын алфавитіне көшу туралы. зиялылар жиналған жиында бұл мәселе қаралған шығар!