“Ыбырайдың өсиеті” – қос тілде өрбіген алғашқы қойылым

АлтынсаринҚостанай орыс драма театры биылғы жаңа маусымның тұсауын тың дүниемен ашты. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин туралы ақын, драматург Ақылбек Шаяхметтің "Ыбырайдың өсиеті" атты пьесасы сахналанды.
Спектакльдің  режиссері облыстық орыс драма театрының бас режиссері, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Александр Лиопа. Ал ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің рөлін І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, елімізге еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров сомдады. Қойылымның бір айта кетер ерекшелігі екі тілде өрбіген. Ыбырай өлеңдері екі тілде бірдей айтылып, көрерменнің жүрегіне жетті. Спектакльде ойнаған орыс актерлерінің киген костюмдері мен ойнау шеберлігі де көңілге қонымды.
Орыс тілінде жүрген спектакльге қазақ көрермендері көптеп жиналды. "Өнер – білім бар жұрттардан" өнеге алуға шақырған Ыбырай өсиеті орындалды. Ұлы ұстаз: "Мен ешқашан да сабақты бұзуға молдаларға жол бермеймін, ал миссионерлерге қазақ балаларын шоқындыруға жол бермеймін. Орысқа  бодан болған қазақтардың жағдайы да оңып кете қойған жоқ. Ендігі амал орыспен соғысу, босқа қырылу емес, сол орысқа бағынышты болсақ та, қазақтың жастарын орыс оқуына үйрету, түрлі ғылымды, әскери өнерді меңгеру", – дейді.
Ал басты рөлді сомдаған Қонысбек Бегайдаровтың өзі рухани азық алғанын айтады. "Ыбырай  атамыздың,  образын сомдап шығу, әри-не, оңай болмады. Бұл – ұлы тұлға. Бірақ, мен үшін  қойылым  басқа  тілде  бол-ған соң сол тілде ойымды жеткізу жағы қиындау болды. Қанша дегенмен қазақша ойлап тұрып, сол ойыңды орысша жеткізіп, образды ашу оңай емес екен. Бірақ, ойлаған мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Көрермен де жақсы, жылы қабылдады. Егер олай болса актер үшін одан асқан бақыт бар ма. Жалпы,  екі  тілде  қатар қойылған қойылымның сахналануы Қостанай тарихында алғаш рет. Өзім де екі тілде қатар сөйлеген рөлді алғаш орындап отырмын. Біз Ыбырай Алтынсариннің өмірін танытуға зор үлесін қосқан шығарманы орыс тілінде қою арқылы ұтпасақ, ұтылған емеспіз деп ойлаймын", –  дейді актер.
Драматург Ақылбек Шаяхметтің бұл шығармасы биыл "Алтын қалам" сыйлығына ие болып, жылдың  ең  үздік драмасы атанған болатын. Бұл сахналық туынды қазақ даласында Ыбырай ашқан мектептің 150 жылдығына арналды. Аталмыш шығарма қазіргі уақытта Ыбырай Алтынсариннің облыс орталығындағы мемориалдық мұражайында да қойылып жатыр. Оған мектеп оқушылары үлкен қызығушылық танытуда. Алдағы уақытта театр ұжымы спектакльді Торғай өңіріне, Ыбырай қазақ мектебін ашқан мекенге апарып көрсетуді жоспарлап отыр. Жоспар орындалып жатса ауылдағы ағайынға бұл тамаша тарту болар еді.
Айтолқын
    АЙҚАДАМОВА
СУРЕТТЕ: спектакльден көрініс.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓