Бекеттердегі бекем жұмыстың нәтижесі
Қазақстанда барлық тосқауыл бекеттері ашылды. Жалпы ел аумағында 400-ге жуық блокпосттарда 3 миллионнан астам көлік пен 5 миллион жолаушы тексерілген.
Бекеттерде 52 мыңнан астам полиция және медицина қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарды. Олар карантинге жабылған нысандарды күзетуге де жұмылдырылды. Ал Ұлттық Ұлан сарбаздары қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылады.
Қостанай облысы Полиция департаменті алаңында төтенше жағдай кезінде аянбай еңбек еткен тәртіп сақшылары мен дәрігерлер облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен бірге, олардың бірқатарына бағалы сыйлықтар да табыс етілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов жиналғандарды құттықтап, бекеттердің ашылуы ел үшін жасалған маңызды қадам екенін атап өтті.
«Өңірдегі блок-бекеттерде екі ай бойы 274 адам еңбек етті. Оның ішінде 148-і полиция департаментінің, 63-і денсаулық сақтау, 49-ы қорғаныс істері саласының қызметкерлері. Жергілікті атқарушы билік өкілдері де атсалысты. Бәрі де ел ішінде коронавирус инфекциясының тез жайылып кетпеуі үшін барын сала жұмыс істеді. Сондықтан, адал қызмет еткен баршаңызға мың да бір алғыс. Блок-бекеттердің алынуы қауіп сейілді деген сөз емес, бұл барша қоғам, ел үшін жасалып отырған жағдай», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов салтанатты жиында.
Марапатталғандардың бірі – Қарабалық аудандық орталық ауруханасының фельдшері Жаңагүл Бауыржанқызы. Ол «Қайрақ» кеден бекетіндегі постта жұмыс істеді.
«Негізінен тексергеніміз – Еуропадан жүк тасушылар мен Ресейден ағылған студенттер. Жұмысымызды түсінбей, қарсылық көрсеткендер де кездесті. Ондай кезде полиция қызметкерлерін көмекке шақырдық. Әуелде қиналатынбыз, келе-келе үйрендік. Біз шекарада әлі де жұмыс істей береміз. Өйткені, өзіңізге белгілі, «жасыл дәліз» арқылы азық-түлік тасымалдайтын көліктер көп өтеді, жүргізушілерді тексереміз», – дейді Жаңагүл.
Қостанай облысында қазір тек 4 бекет жұмысын жалғастырып отыр. Оның екеуі Ресей Федерациясымен шекарада және екеуі Жітіқара қаласында. Жалпы төтенше жағдай кезінде Тобыл-Торғай өңірінде 53 бекет орнатылған.
Өзін-өзі оқшаулау және шектеу тәртібі кезеңінде қабылданған шаралардың арқасында ел бойынша қылмыс 26%-ға, Қостанай облысында 39,4%-ға төмендеді. Көшелерде және қоғамдық орындарда қылмыс 40% азайса, қарақшылық шабуылдардың, тонаудың саны 64,7%-ға кеміген.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ