«Ұйықтама, оян, Алашым!»
Көрнекті ақын Нұржан Наушабайұлының жақында ғана тұсауы кесілген кітабы дәл осылай аталады. Бұл шара А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ акт залында өтті. Кеште мектеп оқушыларынан бастап облысқа танымал бірқатар тұлғалар болды. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов бұл шараның маңыздылығын тілге тиек етті.
Қаламыздағы әдеби жиындарда үнемі белсенділік танытатын Л.Толстой атындағы әмбебап-ғылыми кітапхана ұжымы бүгінгі айтулы оқиғадан тыс қалған жоқ. Фойеде тақтақ ақынның кітаптары мен туындылары басылған газет-журналдар көрмесін ұйымдастырды.
Тұсаукесер кешінің шымылдығы республикалық «Асыл арна» телеарнасы дайындалған «Ғибрат» атты бейнеролигімен ашылды. Оның басты тақырыбы Нұржан Наушабайұлы шығармаларының рухани маңызы, халыққа тигізер ілімі болатын. Содан кейін ақынның есімі берілген Затобол орта мектебінің оқушылары кітапқа кірген назымдарынан үзінді оқып берді.
Естеріңізге салайық, белгілі ақын, драматург Ақылбек Шаяхмет «Ыбырайдың өсиеті» пьесасы үшін "Алтын қалам" сыйлығына ие болған еді. Осы туындыдан Ыбырай бабамыздың Нұржан Наушабайұлын жоғары бағалағанын көреміз. Тарих беттерін парақтасақ, Ыбырай Алтынсарин өзінің құдасы Қауменнің үйіне Нұржанды ертіп барғанда: «Құда, көп кісімен неге келмедің?», – десе керек, сонда ол Нұржанның өнерлерін атай келіп, «осыдан артық көп бола ма?!» – деп жауап берген екен. Аталмыш кеште Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері де «Ыбырайды өсиетінен» үзінді көрсетіп, жиылған жұрттың қошеметіне ие болды.
«Ұйықтама, оян Алашым!» кітабының Астанадағы «Фолиант» баспасынан ҚР Мәдениет министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша екі мың данамен шыққандығын айта кетейік. Жинақ назымдар, толғаулар, дастандар, әндер, айтыстар және бірнеше мысалдардан тұрады. Ән демекші, тұсаукесер кешіне домбырасын арқалап келген әнші Манапбек Қадыров пен әріптесіміз Қыдырбек Қиысқан құлақтың құрышын қандыратын Нұржан әндерін шырқады.
Әдебиет сүйер қауым үшін жақсы бір жаңалық, тақтақ ақынның назымдарын ақын-аудармашы Әбдірахман Досов тұңғыш рет орыс тілінде сөйлетті. Аудармашының айтуынша, бұл арқылы басқа ұлт өкілдері де Нұржан жырларының рухани, діни жақтарын көре алады. Айтпақшы, генерал Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қор «Ұйықтама, оян Алашым!» кітабына алғысөз жазып, оны құрастырған ҚР Мәдениет қайраткері Ақылбек Шаяхметке осы кеште шапан жауып, кеудесіне алтын алқа тақты.
– Нұржан – діни-ағартушылық бағыттың көрнекті өкілі. Және әйгілі Троицк қаласында З.Расулов медресесінде білім алған. Бүгінгі кешке жиналған көзі қарақты әрбір қауым, әсіресе, жастар жағы, тақтақ ақын жайлы жақсы білуі қажет. Талай ұрпақ алмасса да ғибратты шығармалары көпшіліктің рухани азығына айналып келеді. Аптал ақынға арналған жыр кештері, әдеби отырыстар әлі де өтеді деген ойдамын,- деді Ақылбек Қожаұлы.
Тұсаукесер кешінің соңында Қостанайдың атақты оташысы, бұрынғы халық депутаты Ысқақ Есіргепов қазіргі Владимировка ауылына Нұржан Наушабаевтың есімін беру мәселесін көтерді.
Қасқырбай Қойшыманов