Алимент қалай төленеді?
Жақында күйеуіммен заң жүзінде ажырастым. Менің білгім келетіні бір балаға ай сайынғы төленетін жәрдемақы құны қанша? Жолдасымның ай сайынғы табысының 50 пайызын ала аламын ба?
Дилара РАХЫМЖАНҚЫЗЫ,
Қостанай қаласының тұрғыны.
– Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 139-бабына сәйкес, алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға ата-ана табысының немесе өзге де кірісінің төрттен бір бөлігін; екі балаға үштен бір бөлігін; үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады.
Бұл үлестердің мөлшерін сот тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайларын және назар аударарлық өзге де мән жайларды ескере отырып, кемітуі немесе көбейтуі мүмкін. Осыған орай, сізге төленетін алимент құнын нақты орнату мақсатында сотқа жүгінгеніңіз жөн.