Демпинг һәм дәрменсіздік

Қолдарында не жабдығы, не жұмысшылары жоқ бір күндік фирмалардың мемлекеттік сатып алуға қатысып, жиі жеңіп шығуы қостанайлық кәсіпкерлердің қитығына тиіп отыр. Амалы құрыған бизнес өкілдері облыстық кәсіпкерлер палатасына шағымдануға мәжбүр.
Антисептикалық және дезинфекциялық құралдардың ірі өндірушісі "Медидез "ҮЕҰ" ЖШС осындай жағдайға тап болды. Нәтижесінде Алматы қаласының кардиологиялық орталығына 450 литр контрафактілік өнім келіп түскен. Жалған антисептиктер денсаулыққа қауіпті болып шықты. Оның құрамынан метанол табылған. Керісінше, контрафактіде спирт атаулы мүлде болмаған. Яғни, оның дезинфекциялық қасиеттері жоқ.
Облыс кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау кеңесінде осы мәселе жанжақты талқыланды. "Медидез" ҮЕҰ" ЖШС директоры Әлия Қайрақбаеваның айтуынша, егер дәрігерлер қырағылық танытпағанда, бұл оқиғаның арты қайғылы жағдайға апарып соғуы әбден мүмкін көрінеді.
"Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, жүрекке ашық операция жасалады. Хирург қолды метанол бар "антисептикпен" өңдейді. Ол таза у емес пе! Ешқандай бактерияларды өлтірмейді. Сонда науқасқа не қайран бар, дәрігер не істемек? Елестетудің өзі қорқынышты. Абырой болғанда, аурухана басшылығы мұны дер кезінде байқап қалып, бізге жүгінді. Ал бәз-біреулер бағаға демпинг жасап, тендерді ұтып алып жүр. Содан кейін кәсіпкер бізге хабарласқан еді. Алайда, антисептиктердің құнын естігенде, бізден тауар алғысы келмеді. Мұндай жағдайлар бірлі-жарым емес деп ойлаймын", – деді кәсіп-орын директоры.
Осыған ұқсас оқиға жақында Лисаков қаласында болды. Онда Алматы облысының кәсіпкері үйдің айналасын абаттандыру бойынша конкурсты жеңіп алған. Ол конкурста төмен бағаны ұсынып, ұзақ жыл бойы осы жұмысқа машықтанған жергілікті кәсіпорынды айналып өтті. Бірақ, жеке кәсіпкер шарт талаптарын орындай алмады. Осыдан кейін алматылық жосықсыз сатып алушы деп танылды.
Бұл әлі бер жағы. Сатып алушылардың арасында біліксіз жұмысшыларды жалдау немесе сапасыз тауарларды сатып алу сияқты фактілер көп кездеседі.
"Егер адамдардың қауіпсіздігіне қатысты болса, қосымша талаптарды белгілеу қажет деп санаймын. Бүгінде тендерді кез келген адам жеңіп алады. Оның арты опық жегізуі мүмкін. Ал денсаулық сақтау жағдайында кәсіпорынның тауар өндірушінің ресми дилері екендігі расталуы керек", – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.
Отырысқа қатысушылар қазіргі мемлекеттік сатып алу жүйесінің өзі бәсекелестік үшін алғы-шарттар жасайтындығын айтады. Өйткені, олар сапаға емес, баға қағидаттарында сүйенеді. "Еуроодақтың барлық елінде мемлекеттік қаражат қатысатын келісім-шарттардың негізгі бөлігі баға критерийі негізінде емес, экономикалық тиімді қатысушы критерийі негізінде жасалады (МЕАТ – MostEconomic-AdvantageousTenderer). Онда ең төменгі бағаны ұсынған кәсіпорын емес, бағаны да, сапалық сипаттамаларды да қамтитын ең жоғары балл жинаған жеткізуші жеңімпаз болып саналады", – деп атап өтті облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ренат Дәулетбаев.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында талқы-ланған Мемлекеттік сатып алулар саласындағы тағы бір маңызды мәселе – тапсырыс берушілердің сот талап-арыздарының негізсіздігі. Мемлекеттік органдар бизнес иелерін ешқандай себепсіз сотқа береді. Бұған статистика дәлел – ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ғана соттар мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерді жосықсыз өнім берушілер деп тану туралы талап-арыздарының 52%-ін заңсыз деп таныған. Неге бұлай? Шенеуніктер жемқорлық әрекетіне ұрынып қалудан сақтанады.
Бұл мәселені шешу үшін облыс кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Владимир Шакун Мемлекеттік сатып алу саласында осындай дауларды сотқа дейін реттеу жөніндегі комиссия құруды қарастыруды ұсынды. Онда комиссиялық шешім ұсынымдық сипатта болады. Бірақ, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жеткізушіні жосықсыз деп тану туралы сотқа талап арыз беру туралы шешім қабылдаған кезде оны ескеруге мүмкіндік береді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓