Жолақы неге қымбат?
Жыл басталғалы аудандар мен қалаларға, елді мекендерге қатынайтын автобустардың жол ақысы 45 пайызға қымбаттады. Бұған дейін жүру құны жолдың әр шақырымына 5 теңгеден есептелсе, енді ол 7 теңгеге өсті. Жұрт бұлай болатынын әсте ойлмағаны анық.
– Автобустың бағасы қымбат. Бірден бәлен есе өсіп кетіпті. Біз енді қалай жүріп-тұрамыз, – деп мұңаяды жолаушылардың бірі Әлимаш Оразалинқызы.
Ал жолаушы тасымалымен айналысатын мекемедегілердің айтар уәжі басқа. Олар соңғы рет жол жүру құны 2012 жылы қымбаттады дейді. Одан бері бензиннен басқасының бағасы шарықтап кетті деп "шырылдайды". Әсіресе, көліктің қосалқы бөлшектері табыстың тең жартысынан астамын "жұтып қоятын" көрінеді.
– Қосалқы бөлшектердің қымбаттығынан қыруар зиян шегіп жатырмыз. Автобустар әбден ескірген. Олардың күтіміне ақша шақ келмейді. Тасымалдаушылар болмашы ғана тиын-тебенге жұмыс істеуге мәжбүр, – дейді Қостанайдағы автобекет директорының міндетін атқарушы Лариса Обухова.
Әзірге, автобус бағасының өсуі такси жүргізушілеріне қол болып тұр. Өйткені, оның бағасы қоғамдық көліктегіге қарағанда 100-200 теңгеге арзан.
Айбек
ЖҮЗБАЙ