Арқалық қайтсе дамиды?

«Шағын қалалардың әлеуметтік, көлік және инженерлік құрылымын дамытамыз. Бұл жұмыстар, халықтың өмір сапасын арттыру үшін жасалып отыр».
Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті.
Арқалық қайтсе дамиды? Бұл күнде, көптің көкейін мазалаған осы сұрақ. Шағын қалалардың шаруасы шатқаяқтап қалмауы керек. Ел Президенттері бұл мәселені жиі көтеріп келеді. Үкіметке шағын қалалар тағдырын шешу үшін арнайы тапсырма да берілді.
Күні кеше жастардың қаласы атанып дәуірлеу шағын басынан өткерген Арқалық қаласының биыл құрылғанына – 65 жыл. Қаланың өмірге келуінің өзі жерінен боксит кенінің мол қоры табылуының арқасы екені баршаға мәлім. Өкінішке орай, сол қала құраушы кәсіпорын бүгінде қайнаған еңбек дүбірін артта қалдырып, тарих сахнасынан жылжып барады. ERG баспасөз қызметінің мәліметінше геологиялық барлау және пайдалы қазбалар қоры бойынша мемлекеттік комиссияның қорытындысы бұл саладағы одан әрі жұмыс күрделі тау-кен қатерлерімен байланысты екенін көрсететіндігін мәлімдеген. Енді қалғаны компания бұрын өндірілген отқа төзімді сазды жөнелтуді аяқтайды, жабдықтарды бөлшектейді және күзет қызметін атқарады. Компания 180 гектар жерді өңдейді, оның 75 гектарын кен басқармасы орнынан жаңалықты ашылған ARQALYQREMSERVIC ЖШС игереді.
 Деректерге сүйенсек, Tорғай боксит кен басқармасының алпыс жылдан астам тарихында 1,5 млрд текше метрден астам жер жынысы өңделді, 80 млн тоннадан астам боксит және 20 млн тонна отқа төзімді саз өндірілді.
Қала тағдырына әсіресе жастық шағы, саналы ғұмыры Арқалықпен біте қайнасқан қариялар қатты алаңдаулы.
«Арқалық – бұл тек қана біздің Аманкелді, Жанкелдин аудандары мен Арқалық қаласы ғана емес, жалпы жанымыздағы Ақмола облысының Жарқайың ауданы, Қарағанды облысының Ұлытау ауданы жанында орналасқан аймақтық мәндегі қала болып есептелінеді. Кешегі орталық болған Арқалық 1997 жылы Торғай облысы екінші мәрте жабылғанның өзінде қалада сол уақытта 75 мың халық болса, бүгінгі таңда содан 40 мыңның шамасында тұрғын қалды. Енді, осы халықтың азаюы неліктен? – деген уақытта еріксіз қалада өндіріс орындарын ашу мүмкіндіктері бола тұра ашылмағандығы халықты қатты күйзелтеді», – дейді қаланың барша қарияларының көкейінде жүрген ойды қозғаған Арқалық қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Ғапбасұлы.
Ардагер сондай-ақ өзінің жақында радиодан Арқалық қаласының болашағы туралы белгілі химик-технолог Маржан Досмағанбетовамен болған сұхбатты тыңдағанын, ондағы көтерілген мәселелердің өте өзекті екендігін алға тартады.
Астана радиосының «Өндірістегі жаңа инновациялық жобалар» хақында айтқан «Мен қазақпын» бағдарламасында белгілі химик-технолог Маржан Қуанышқызы өз тұжырымын былайша жеткізген:
 – Бокситтен алюминийден басқа «цемент глиноземист» өндіруге болады. Оны қазақша «алюминий цемент» немесе «боксит цемент» деп атайды. Боксит цементтен құйылған бетонның ең басты ерекшелігі – минус 5-10 градус суықта жылы қалпын сақтайды. Мұны «жоғарғы температуралы цемент» деп те атайды. Себебі, «боксит цемент» сол жоғары температура бөлінетіндігіне орай, қату процесі кезінде көп жылу бөлінеді. Қыс кезінде боксит цементтен бетон құю өте ыңғайлы әрі тиімді. Шығынды әлдеқайда азайтады.
Жалпы, боксит цементтен құйылған бетон 30-40 минуттан бастап қата бастайды. Мұны «тез қататын цемент» деп атайды. Ал, күнделікті қолданып жүрген «портланд цементіміз» оның қату процесі 1,5 сағатта басталады. Әсіресе, қыс кезінде мұндай уақытта бетонның бойындағы су қатып қалады. Бұл бетонның сапасына кері әсер етеді. Сондықтан қосымша жылу құрылғысын қосу керек болады.
Қараша айларында жаңбыр жауып тұратыны белгілі, сонан кейін аяз тұрады. Сол кезде ашық қоймаларда сақталатын қиыршық тас, шебен немесе құм кесек – кесек болыптомарланып қатып қалады. Сол кесек томарларды еріту үшін ыстық су құю керек болады. Ал, «портланд цеменке» ыстық су құюға болмайды. Себебі, «портланд цемент» ыстық су құйылса күйіп қалады. Томарланып мұз болып қатып жатқан қиыршық тас, яғни шебенге 90-100 градус ыстық су құйып оны еріту керек болады. Ал, сол ыстық суды цементті салған кезде бетонға құятын болса онда цемент бірден күйіп қалады да қасиетін жоғалтады. Цементтің ең басты қасиеті – клей, бетонды біріне-бірін қабыстырып, клейлеп бетонға мықтылық беретін цемент. Ол күйіп қалғаннан кейін сапасы болмай бракқа кетеді.
Электрик маман, жылыту құрылғысы, электр қуаты – мұның бәрі шығынды арттыратын жағдайлар. «Боксит цементтен» құйылған бетон 30-40 минутта өз жылуын жоғалтпайды. Қосымша электр құрылғысын қосудың қажеті жоқ. Бойындағы су қатпайды. Суды ысытудың қажеті де болмайды. Яғни, бірнеше шығындар әлдеқайда азаяды деген сөз.
«Боксит цементтің» ең басты ерекшелігі – тұзды ортаға төзімділігі. Мысалы, Балқаш көлінің тұзды бөлігі арқылы өтетін көпір салуға болады. Бұрғылау өндірісіне де пайдалануға болады. Бұрғылауға қажетті цементті «тампонажный цемент» деп атайды. Қазақстан оны ресейден, шетелден өте қымбат бағаға сатып алады. «Боксит цемент» біз шығаратын болсақ онда бұрғылау өндірісіне де қымбат цементті алмай, өзімізден шығатын осы «боксит цементті» пайдалану мүмкіндігі болар еді. Сонымен қатар, елордадағы океанариумды, бассейндерді жедел жөндеуге пайдалануға болады. Сонымен бірге, ең басты ерекшелігі – автобандар салу үшін өте ыңғайлы. Әсіресе, қыс кезінде қазақстанда өте тиімді. Мысалы, ақылы «Астана-Бурабай» бетоннан құйылған тас жолын неміс технологиясымен өте ұзақ уақыт салды. Себебі, қыста жұмыс тоқтап тұрды. Қыста салған жоқ жолды. Себебі, аязды күндері «портланд цементпен» жұмыс жасау өте қиын әрі қымбатқа түсетін болды.Сондықтан, қыс кезінде бес ай бойы ол жұмыс тоқтап тұрды. Егер, бізде осы «боксит цемент» болатын болса, онда қыстың кезінде жұмысты тоқтатпай істей беру мүмкіндігі болады. Жалпы, бұл «Астана-Бурабай» жолын салу барысында біраз тәжірибе жинақтадық. Ақылы жолдар мемлекетке біраз қаржы түсіретініне көзіміз жетті. Демек, бұл «Астана-Бурабай» жолымен тоқмейілсіп қалмауымыз керек деп ойлаймын. Себебі, астықты өңірде осы біздің Қостанай, Ақмола облыстарында «Ақтау портына» дейін тұзды шөл арқылы «боксит цементтен» құйылған сапалы жол тартсақ, бұл өзін-өзі тез арада ақтайтыны айтпаса да түсінікті.
 Қазақстанның қалаларын боксит цементен құйылған жолдармен жалғап қоюға болады. Оған қазақстанның табиғи ресурстары жеткілікті. Тек, тәуекелге бел буып Арқалықтан «боксит цемент» зауытын салса қаншама адам жұмыспен қамтылады. Еңбастысы, Қазақстанның территориясы үлкен сол ақылы жолды қазақстандық жүргізушілерге мысалы 70-50%-ке жеңілдік берілсе де жеткілікті.Халыққа аса ауырлық тудырмайды деп ойлаймын.
«Боксит цементтің» бүгінгі нарықтағы бағасы:1 тоннасы – 150-170 мың теңге. Егер, Арқалықта өндірсе ол шамамен 17-20 мың теңге болады. Сонда он есеге арзан деген сөз. Бұл зауытты салу – тиімді болуымен қатар, кезек күттірмейтін өзекті шара деп айта аламын. Еңбастысы, жолдан түскен пайда: мұнайға, долларға тәуелділіктен арылуға септігін тигізеді. Мұндай боксит өндірісі жоқ елдерге бұл баға жетпес арман. Сондықтан, өзімізде бар мүмкіндікті жан-жақты іске асырғанымыз дұрыс.
– Міне, біздің Арқалық қаласының болашағы туралы, яғни ертеңгі күн не істеуге болады, Президент айтқандай шағын қалаларды қиын кезеңнен қалай алып шығуға болады, оның жолдары қандай? – деген сұрақтарға Маржан Қуанышқызы ғылыми түрде көкейге қонымды жауап беріп отыр. Қаланың болашағына алаңдаған уақытта халықтың ертеңіне сенім нығайтуға болатынын,бұл жерден бір емес жүздеп жұмыс орнын ашуға болатынын және ол тек Арқалық өңіріне ғана емес, бүкіл отанымызға тиімді екенін, тіпті қажет болса өндірген өнімді шетелге де сатып, одан шаш етектен пайда табуға болатынын айтып отыр. Сондықтан, осы мәселеге жоғарыда отырған басшылар назар аударса дейміз. Мұндай игілікті істер шын мәнінде жүзеге асып жатса халықтың ертеңіне сеніммен қарап, әлі де ұйыса түсуіне, жастарымыздың осы қаладан кетпей тұрақтап қалуына бірден-бір мүмкіндік болар еді, – дейді аға ұрпақ өкілі Жәнібек Ғапбасұлы.
Мұрат
 ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор.
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓