Қосарлы салық салынбайды
2020 жылғы 1 ақпанға дейін Армениядан көлік әкелген және Қазақстан Республикасында есепке қойған қазақстандықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көлік салығын төлеуге міндетті. Алайда Қазақстан және Армения қаржы министрліктері қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында өзара уағдаластыққа келді. Бұл 2006 жылғы 6 қарашадағы Табыс пен мүлiкке салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияның ережелеріне сәйкес жүзеге асты. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Азаматтарымыз Қазақстан Республикасының аумағына әкелген автомобильдер осы күнге дейін Армения Республикасының уәкілетті органдарында тіркеу есебінен шығарылмағандықтан, екі мемлекет те осындай көлік құралдарына салық салуға құқылы бола алады. Осылайша, келіссөздер нәтижесінде Армения Республикасынан 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген, меншік құқығы бойынша Қазақстан Республикасының резиденттеріне тиесілі автомобильдерге Конвенцияның 21-бабы 4-тармағының ережелеріне сәйкес, ҚР Ішкі істер органдарында тіркеу есебіне қойылған сәттен бастап, ұлттық заңнамаға сәйкес, ҚР-да ғана салық салынады деген уағдаластыққа қол жетті. Осы мақсаттар үшін екі мемлекеттің салық органдары ҚР-да тіркелген күнін көрсете отырып, тіркелген көлік құралдары бойынша мәліметтер алмасуды жүргізетін болады. Мұндай көліктерге қатысты қосарланған салық салынбайтын болады», – делінеді ҚР Қаржы министрлігі хабарланады.
ҚР Салық кодексінің нормаларына сәйкес, көлік салығын төлеу көлікті ҚР мемлекеттік органдарына есепке қойған кезден бастап міндеттеледі.
Мысалы, егер автокөлік 2020 жылғы 1 қарашада тіркеу есебіне қойылса, 2021 жылғы 1 сәуірден кешіктірмей 2020 жылғы қараша мен желтоқсан үшін бюджетке көлік салығын төлеу қажет. Олай болмаған жағдайда әрбір мерзімі өткен күн үшін өсімпұл есептеледі.