Әдеби апталықтың әлқиссасы
Биыл Мемлекет басшысының жарлығымен Балалар жылы болып жарияланып, елімізде «Оқитын Қазақстан» жобасы жұмыс істеп келеді. Ал өңірімізде «Қазақ әдебиеті апталығы» бастау алды. Апталықтың негізгі мақсаты – қазақ әдебиетін дәріптеу, қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның әдеби мұрасын зерттеушілер қызығушылығын арттыру, өскелең ұрпақтың зияткерлік-рухани дамуына ықпал ету.
Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Кітап және қаламгер» атты кітап көрмесі айтулы шараның ажарын ашып тұрғандай. Мұнда өңіріміздің жазушылары мен ақындарының кітаптары және олардың өмірі мен шығармашылығы туралы бірегей басылымдар қойылған. Көрменің көрнекті жеріне биыл туғанына 150 жыл толып отырған ұлт ұстазы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы мен ақын, публицист, қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералинге арналған экспозиция қойылған.
Көрмеде сондай-ақ, қазақ поэзиясының алыбы Сырбай Мәуленовке арналған бұрыш бар. Онда сыршыл ақынның әр жылдары жарық көрген көптеген шығармалары қойылған, бұл жерден оның өмірбаянына, шығармашылығына арналған кітаптар мен мақалаларды, бұрын жарыққа шықпаған туындыларын көруге болады. Ал биыл мерейлі 80 жасқа толып отырған классик жазушы, драматург, аудармашы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдіктің туындылары да оқырман қауым үшін зор тосынсый. Төлен Әбдік шығармалары адамның жаны мен жүрегіне терең бойлауымен, өмірге философиялық тұрғыдан қарауымен, күрделі қарама-қайшы құбылыстарды аша білуімен ерекшеленеді. Биыл сонымен қатар, дарынды қаламгер, КСРО жазушылар одағының мүшесі жерлесіміз Иван Щеголихиннің 95 жас мерейтойы.
– Әдеби апталықтың аясында жиырмаға жуық іс-шара өтеді. Бүгінгі көрмеден орын алған қайраткер жерлестеріміз сол шаралардың негізгі арқауы болмақ. Біздің өлкемізден шыққан қаламгерлердің есімін дәріптеу басты міндетіміз. Бұл әсіресе, жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға зор ықпалын тигізеді деген сенімдеміз. Айта кетейік, өткен жылы республикалық академиялық кітапхана «Оқитын өлке» байқауын өткізіп, Қостанай аймағы ең оқитын өңір болып жеңімпаз атанды. Бұл көрме биылғы жылдың ең ауқымдысы әрі ол облыстық тарихи-өлкетану музейінде, Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайында апта бойы жұмыс істейді. Сонымен қатар, І.Омаров атындағы қазақ драма театрында поэзия кеші ұйымдастырылып, Төлен Әбдіктің шығармасы желісімен «Өтелмеген парыз» спектаклі қойылады, қаламгердің шығармашылық кеші жоспарланып отыр. Бұл бастамамызға білім басқармасы, барлық оқу орындары қолдау көрсетті. Ал Назарбаев зияткерлік мектебі ғылыми конференция ұйымдастырмақшы, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Көрмеден тек қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын ғана емес, өзге де жерлестеріміздің еңбектерін көруге болады. Онда біздің Ж.Баязид, Ғ.Ахметчин, С.Досанов, С.Оспанұлы, А.Шаяхмет, Қ.Әлім, Н.Мұқатов, О.Жақсанов, Ә.Әмір, Ә.Досов, А.Суслова, В.Лоскутников, Н.Кочин, В.Растегин, Н.Ковтун, Т.Кайгородцева, Т.Ковальская қатарлы қаламгерлердің шығармаларына орын берілген.
– «Қазақ әдебиеті апталығы» біздің өңірдің ғана емес, республиканың рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосады деген сенімдеміз. Бүгінгідей алмағайып заманда, техногендік дәуірде рухани жан дүниемізді тұрмыс билеп тұрғанда, рухани мұрамыз ескерілмей бара жатыр. Осы ауқымды шара ішкі әлеміміздегі ерекше құбылысқа түрткі болды деп батыл айта аламыз. Арабшадан аударғанда, «әдебиет» ұғымы «асыл сөз» деп аударылса, сол асыл қазынамыздың негізін қалаған – өзіміздің топырағымыздың тумалары. Ал осы апталықтың басты ерекшелігі – мәдениет пен білімнің ұштасуы болып отыр. Жалпы, әдебиетті алдыңғы буын ғана оқиды деген түсінік қалыптасқан. Осы жолы қаламгерлер шығармашылығымен мектеп оқушылары, студенттеріміз де таныса алады. Бұл жас оқырмандарымыздың кітапқа ынтасы ауады деген ойдамыз, – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Қостанай облыстық филиалының директоры, газетіміздің бас редакторы, әдебиет сыншысы Жанұзақ Аязбеков.
«Кітап және қаламгер» көрмесінің материалдарымен облыстық кітапханада, басқа да көрмелермен тарихи-өлкетану музейінде, Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайында жақынырақ таныс аласыздар.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.