Бір үй – бір МИБ…
"Арқалық қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ернұр Есмағанбетов мәлімдегендей, 2020 жылғы 7 қаңтардан бастап "Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді.
Қабылданған Заң шеңберінде тек екі басқару үлгісі қарастырылған. Біріншісі – мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) – бір көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері құрған, кондоминиум нысанын басқаруды жүзеге асыратын, оны күтіп-ұстауды қаржыландыратын және оның сақталуын қамтамасыз ететін заңды тұлға ретінде тіркелген коммерциялық емес ұйым. "Бір үй – бір МИБ – бір шот" қағидаты бойынша жұмыс істейді. Екіншісі – қарапайым серіктестік (ҚС) – заңды тұлға құрмай, "бір үй – бір ҚС – бір шот" қағидаты бойынша іс атқарады.
Жалпы, Арқалық қаласында 133 көп пәтерлі тұрғын үй есепте. Бұл үйлердің көпшілігі 1960-1970 жылдары салынған. "2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту" бағдарламасы аясында 13 көп қабатты үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, коммуналдық меншікке өткен 4 көп қабатты үй және жеке меншікке жататын 3 көп қабатты үй жаңғыртудан өтті.
– Қазіргі уақытта қалада 120 көп қабатты тұрғын үйге қызмет көрсететін 6 басқарушы компания бар. Пәтер иелерінің басқару ұйымдарымен келісім-шарт жасасуға келіспеуіне байланысты 10 көп қабатты үйге қызмет көрсетілмейді. Бұл қызмет көрсететін ұйымдар жалпыға ортақ мүлікті күтіп ұстау, үйлердің жағдайы, пәтер иелеріне коммуналдық ресурстарды жеткізу, тиісті техникалық және санитарлық жағдайды сақтау бойынша жұмыстарды үне-мі жүргізіп отырады. Олардың пайдалану шығындарының тарифі 1 ш.м. үшін орта есеппен 30 теңгені құрайды. Бір басқарушы ұйым бір көп қабатты тұрғын үйден айына шамамен 150 мың теңге жинайды. Жылыту жүйелерін жөндеу басқару ұйымдарының құзіретіне кірмейді. Жөндеу жұмыстары пәтер иелерінің есебінен жүргізіледі. Көп қабатты үйде бір негізде орналасқан немесе жалпы құрылыс инженерлік жүйелері бар пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері пәтер иелерінің 2/3 бөлігінің келісімімен әр көп пәтерлі тұрғын үй бір МИБ немесе ҚС құруға құқылы, – дейді бөлім басшысы.
ПИК 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін басқарушы немесе қызмет көрсетуші компаниялар болып қайта құрылуы шарт. Оған дейін МИБ не ҚС-пен қатар жұмыс істей береді.
– ПИК жұмысы тұрғындардың көңілінен шықса, бірлестік кооперативпен әрі қарай жұмыс істей алады. Бірақ, ол қызмет көрсетуші кооперативпен келі-сім-шартқа отыруы тиіс. Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіп бойынша ПИК жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін, актіге сәйкес, көп қабатты тұрғын үй кеңесіне барлық қолда бар техникалық, қаржылық және басқа құжаттарды өткізіп, таратуды жүзеге асыруы керек. Басқарудың бұл формасы Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына сәйкес жүзеге асырылатындығын атап өту маңызды. 2021 жылы кондоминиум нысандарын басқарудың жаңа түрлеріне көшуді жүзеге асыру бойынша Арқалық қаласының бекітілген Жол картасына сәйкес, қаладағы көп қабатты үйлердің барлық тұрғындарымен МИБ бағдарламасы бойынша кездесулер өткізу жоспарланып отыр, – дейді Ернұр Есмағанбетов.
Мұрат
ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.
Суретті түсірген автор.