Мақал-мәтел – сөз маржаны
Қазақ тілі – қазыналы тіл. Оның көркемдігі мен сұлулығын, байлығы мен айбынын қаншама шетелдік ғалымдар, жат жұрттық мамандар мойындады. Ендеше ана тіліміздің болашағы зор. Оның асқан бай екендігінің жарқын мысалын қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерден көреміз.
Мақал-мәтелдер – халық даналығының қазына байлығы. Олар ғасырлар бойы қалыптасып, сол халықпен мәңгі бақи бірге жасап, біте қайнасып кеткен дүние. Сондықтан да оны жұртшылық жадына сақтап, өзінің күнделікті өмірінде, өзара қарым-қатынасында пайдаланады.
Мақал-мәтелдерде халық тарихы, оның әлеуметтік тіршілігі, ақыл-өнегесі, даналығы көрініс тапқан. Мақалда айтылатын ой тура, не астарлы түрде беріледі және көп жағдайда үлгі-өнеге, өсиет айтуға негізделген. Ал мәтел орамды сөз тіркесі, ойды емеурін арқылы жеткізеді де, нақты тұжырым қорытынды пікір жасалмайды. Сөздік қорымыздың кең әрі мазмұнды болуы үшін мақал-мәтелдердің алатын орны ерекше. Сондай-ақ Қазақ елінің мағыналы ой берер қаншама мақал-мәтелдері барын бәріміз де жақсы білеміз. Мақал-мәтелдер – сөздік құрамның халық өміріндегі әрқилы кезеңдерді, қарым-қатынас пен қоғамдық құбылыс-тарды бейнелей сипаттайтын, көңілдегі ойды шебер де ұғымды жеткізетін, қысқа да нұсқа тұжырым жасайтын, мәнмазмұнға бай бөлігі. Демек, халық өмір шындығын, көңілге түйгенін мақал-мәтел ретінде өз ұрпағына үлгі-өнеге етіп қалдырып отырған.
Аталмыш тілдік бірліктер арқылы жас ұрпақты елін-жерін сүюге, ерінбей еңбек етуге, білім алуға, адал, кішіпейіл болуға үндеп, жалқаулық, өсек-өтірік, мақтаншақтық тәрізді қасиеттерден бойын аулақ салуға тәрбиелей білген. Дегенмен, екі тілде де мақал-мәтел халықтың әлеуметтік шаруашылық, рухани өмірінің бар саласын қамтиды.
Мақал-мәтелдер халық ауыз әдебиетін сүйіп құрметтеуге, сөз өнерінің асыл қазынасын меңгеруге, тапқыр сөйлеуге, ретті жерлерде қолдана білуге, үлкен ойды аядай қалыпқа сыйғызып, айта білуге тәрбиелейді.
Нарғыз Еркінқызы,
Жаңа ауыл жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы.