Автовокзал жабылудың алдында тұр

"Қостанай автовокзалы" ЖШС қаржылық жағдайының ауырлауына байланысты осы жылдың қыркүйек айынан бастап жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Кәсіпорын бұл туралы облыстық Жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасына хат жолданған. Дегенмен, басқарма басшылығының айтуынша, автовокзал қызметінің тоқтайтыны туралы хабарлама ҚР Ұлттық экономика министрлігі бекіткен тиісті формада толтырылған күйінде осы уақытқа дейін келіп түспепті.
Басқарма басшылығы мәлімдегендей, қазіргі таңда бұл кәсіпорынға бюджет қаржысынан материалдық көмек көрсетуге мүмкіндік те, негіз де жоқ. Оның өзіндік себептері бар. 
"Қостанай автовокзалы" ЖШС жеке кәсіпкерлік нысаны болғандықтан, оған коммуналдық және басқа қызметтер алдындағы қарыздарын өтеу үшін материалдық көмек көрсетуге бюджеттік заңнама рұқсат етпейді. Оның үстіне, нақ осы автовокзалдар мен автобекеттер қызметін субсидиялаудың бекітілген ережелері жоқ", – деп түсіндіреді басқарма басшысы Олжас Нұрғалиев.
Ал кәсіпорынның тұтынылған жылу энергиясы үшін "ҚЖЭК" МКМ алдындағы қомақты қарызына 2020 жылы ТЖ режимі кезеңінде үстемеақы қосылмаған. Сондай-ақ, 2020 жылдың қыркүйек айында МКМ автовокзалға қордаланып қалған берешегінен құтылуы үшін төлем жасау кестесін қайта құрып беріпті.
"Келісілген кесте бойынша төлем жасалмағандықтан, 2021 жылдың қаңтар айында "Қостанай автовокзалы" ЖШС қайтадан кепіл хат жазып, жыл бұрын тұтынылған жылу энергиясы үшін қарызын қайтаруға қайтадан кесте бекітілген", – деп түйіндейді О.Нұрғалиев өзінің хабарламасында.
ЖШС басшылығы басқармаға жолдаған хатында жазғандай, кәсіпорын осы жылдың 1 қыркүйегінде қызметін тоқтатпақшы…

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓