ӘКІМДЕР РЕЙТИНГІ: А.Мұхамбетов 2-орында
Toppress.kz ақпарат порталы облыс әкімдерінің наурыз айындағы рейтингін жариялады. Бұл тізімде аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов 2-сатыдан көрінді.Сараптамада Қостанай облысының наурыз айындағы экономикалық жаңалықтары негізге алынған. Мәселен, облыс әкімдігі мен Eurasian Resources Group (ERG) арасындағы әріптестік меморандумы табысты қадам ретінде бағаланып отыр.
"Биыл бұл компания аймақтың әлеуметтік маңызы бар жобаларына 3,5 млрд теңгеден астам қаржы бөледі. Қаражаттың басым бөлігі Рудный қаласындағы жылу желілерінің күрделі жөндеуіне, сондай-ақ өңір тұтынушылары үшін электр қуаты бағасын арзандату шараларына бағытталады. Мұның сыртында, А.Мұхамбетов күн электр станциясы құрылысымен айналысатын "Hevel Kazakhstan" ЖШС өкілдерімен кездесті. Осылайша, алдағы уақыттарда күн электр станциясын салу идеясы қозғалды", – делінеді рейтинг мәліметінде.
Қостанай өңірінің Қазақстанда көлік құрастыру және жалпы өнеркәсіп өндірісінің көшбасшысы саналатыны осы жолы да сөз етіліпті.
"А.Мұхамбетов Үкімет басшысы А.Маминге баяндама жасау кезінде өнеркәсіпті дамыту қарқынын күшейте түсетінін, сондай-ақ басқа да салалардың өркендеуіне дем беретінін айтты. Оның айтуынша, алдағы бес жылда аймақта жалпы құны 1,6 трлн теңге болатын 59 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар көлік құрастыру, ауыл шаруашылығы, жаңғыртылған энергетика және денсаулық сақтау салаларына тиесілі болмақ", – деп жазады сарапшылар.
Сонымен қатар, облыста наурыз айында ашық бюджеттің интерактивті картасының пайда болғаны да рейтингшілер назарынан тыс қалмаған. Осыған дейін жазғанымыздай, бұл – қоғамдық бақылауды тиімді қамтамасыз ету үшін құрылған арнайы сайт. Оның көмегімен қостанайлықтар барлық бюджеттік шығыстар туралы біліп отыра алады.
"Дәл қазіргі уақытта аймақтағы ең өзекті мәселе су басу қаупі болып отыр. Қатер аймағында 95 елді мекен бар. Әкім жағдай аса күрделі болып бара жатса, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіруге дайын екенін хабарлады", – деп түйінделеді сараптама.
Айта кетейік, ретингті Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастап тұр. Үздік үштікті Ақмола облысының басшысы Ермек Маржықбаев түйіндейді.