Қостанайда жасалған
Қазақстан Автобизнес Қауымдастығының (ҚАБҚ) деректеріне сүйенсек, 2021 жылдың үш айында ел аумағында жалпы құны 140,4 миллиард теңгеден асатын 19 мың 848 техника шығарылған. Бұл көрсеткіштердің 66%-ы «СарыарқаАвтоПром» зауытына тиесілі.Үш айдың қорытындысы бойынша Қостанай автомобиль зауыты 13 мың 063 көлік құрастырған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,7% артық (9 694).
Өңірде шығарылатын Chevrolet автомобильдеріне деген сұраныс артып отыр. Аталмыш бренд бүгінгі таңда Қазақстан нарығындағы ең көп сұранысқа ие автомобильдер тізімін бастап тұр. Бірінші тоқсанда осы маркадағы 10 мың 153 көлік өндірілген.
«Біз үнемі автомобиль өндірісінің деңгейін көтеруге ғана емес, сонымен бірге, оқшаулау деңгейінің жоғарылаған заманауи өнімдерін шығаруға да ұмтыламыз. Осы бағыттардағы даму бүгінде Қазақстан нарығы жайында ғана емес, экспорт туралы да айтуға мүмкіндік береді. Сонымен, жыл басынан бері 2 мыңға жуық өнім шетелге жіберілді», – деді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС директоры Сырым Семейбаев.
2020 жылы зауыт өнімділіктің рекордтық деңгейіне қол жеткізді – 40 мың 050 көлік (елдің барлық техникасының 51,7%). Осы жылы кәсіпорын қолданыстағы Jac, Chevrolet, UAZ және MAN брендтерінің жоғары сұранысына ғана емес, сонымен қатар, жаңаларымен жұмысты іске қосуға сүйене отырып, осы көрсеткіштерден асып түсуді жоспарлап отыр.
2021 жылы наурызда зауыт KIA автомобильдерін шығаруды бастады. Сол айда Қостанайда «СарыарқаАвтоПром» мен АвтоВАЗ арасында серіктестік туралы келісімге қол қойылды.
Қазақстанның ірі автомобиль зауытының осы жылы жоспарланып отырған көлемі отандық өндірушілерге жылына 100 мың техника белгісіне шығуға мүмкіндік береді.