Сүндет БАЙҒОЖИН: «Әннің салмағы халықтың талғамына байланысты»

Қазақ операсын классикалық дәрежеге жеткізген Қанабек, Күләш, Манарбек, Серғали, Шабал, Ермек сынды дара тұлғалар болса, осы қасиетті өнерді жетілдіру, өзгеше реңк беру қазіргі жас шеберлердің парызы екені рас. Сол міндетті абыроймен арқалап келе жатқан әншілердің бірі – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Сүндет Байғожин. Баритон дауысты дарын бүгінде «Астана Опера» театрының жетекші солисі.
 
Таяуда операның отаны саналатын Италияға аттанғалы тұрған сахна саңдағымен әңгімелесудің сәті түсті.
_DSC9421
 
«Абай» операсын шетелде тұңғыш рет қазақ тілінде қойдық»
 
– Операны ән өнерінің шыңы деп жатады. Тиісінше, бұл жолға түсетіндердің қатары сирек. Өзіңіз о бастан операның ауылына бет бұрдыңыз ба, қалай? Эстрадаға қызығушылық болмады ма?
Әріптестеріміздің арасында «Өнерге бір күнде және бір күнге келген жоқпыз» деген тәмсіл бар. Расымен де, өнер адамының қадамы ерте басталады. Бұл – заңдылық. Әлдекімге қанмен берілсе, енді бірі туған топырағына байланыстырады. Мен де ән өнеріне бала кезден әуес едім. Арқалықта Қалибек Деріпсалдин ағамыздың Роза есімді қарындасы бізге әннен сабақ беретін. Мені ән әлеміне әкелген де осы кісі. Әншілік деген жалпы ұғым болса, опера – оның күрделі саласы. Бұл жолда бағыт-бағдар көрсеткен Қанат Әбдіқадырұлы болатын. Қанат ағай – өнердің жанашыры. Осынау тұнық өнерді тереңірек ұғынуға көп септігі тиді. Өнердегі әкеміз бола білді. Көңілі ашық, бауырмал. Мезгілсіз дүниеден өтпегенде, қазақ өнеріне әлі де талай игі үлесін қосар еді. Негізі, кәсіби өнер жолым Күләш Байсейтова атындағы театрда басталды. Бұл жер маған үлкен мектеп болды. Тәжірибе жинадым, шыңдалдым. Кейін, 2013 жылы мемлекеттік «Астана Опера» театры ашылғанда қабылдау жүргізілді. Сөйтіп, тыңдалымнан өтіп, жетекші солист ретінде бекітілдім. Содан бері елдің сенімін ақтауға тырысып жүрмін.
– Сүндет аға, Италия өнер ордаларымен келісім-шартқа отырдыңыз. Осы жайлы толығырақ баяндасаңыз. Белгілі бір байқау арқылы шақырту түсті ме, әлде…
– Италияда опера әншілерінің халықаралық байқаулары жиі өтіп тұрады. Кіл мықтының бас қосатын алаңы. Әр елдің «мен» деген өнер шеберлері бақ сынайды. Осындай додалар барысында Еуропаның түкпір-түкпірінен агенттер келіп, әр әншінің қарымын байқайды. Ұнатқандарына ұсыныс жасап, қойылымдарға шақырады. Ол жерде де арнайы ұжым даусыңды, орындау шеберлігіңді бақылайды, бағалайды. Осындай белестерден өтіп барып, келісім-шарт жасалады. Осы уақытқа дейін Италяның Пезаро қаласының «Teatro di Rossini», Веронаның «Teatro Filarmonico», Иезидің «Teatro Di PergolesiSpontini», Порденоненің «Associazione Teatro Pordenone», Римнің «Teatro dell opera di Roma», Тревизоның «Тeatro Сomunale Mario Del Monaco», Генуяның «Carlo Felice» сынды әйгілі опера теартларында өнер көрсеттім. Соңғы аталған театрда «Астана Опера» театрының ұжымымен бірге тұңғыш рет қазақ тілінде «Абай» операсын шетелдік көрерменге ұсындық. Қазақтың бас ақынын сомдау маған да үлкен жауапкершілік жүктеді. Әлемдік сахнада ұлттың ұлылығы көрсетілді дер едім. Себебі, Абай – күллі қазақтың символы. «Абай» операсының шетелдегі көрсетілімінен кейін Елбасының қолынан ұжымымыз мемлекеттік сыйлықты иеленді. Жалпы, «Абайдан» бөлек, ол жақта Пуччинидің «Тоска» операсында Сагрестаноның рөлін, Россинидің «Севиль шашатаразы» операсында Фигароның, Пучченидің «Богемасында» Марчеллоны, Моцарттың «Дон Жуанында» Дон Жуанды, Доницеттидің «Дон Паскуале» операсында Малатестаны, Россинидің «Vaggio a reims»-да Лордтың партиясын орындадым.
_DSC9397
– Шетелдерге жиі шығасыз. Қанша тіл білесіз? Қай тілдерде опера орындадыңыз?
Байқасаңыз, қазақ ұлты кез келген тілде таза сөйлеуге бейім. Бұл бізге берілген бір жақсы қасиет шығар. Бір қызығы, бала кезден өзге тілдерді үйренуге деген қызығушылығым болды. Әлі де көп ізденуге, үйренуге тырысамын. Бүгінде орыс, италян, жапон тілдерін жақсы білемін. Ағылшын және француз тілдерінде де «нан табарлық» білімім бар. Шетелдік дирижерлермен байланыста болу үшін қажетті тілді меңгеру біз үшін маңызды. Кез келген өркениетті елде опера шеберлеріне көп тіл білуді міндет қояды. Бүгінгі қоғамның талабы да осы – көп тіл білсең өзіңе жайлы. Осы уақытқа дейін орыс, италян, француз, неміс тілдеріндегі кейіпкерлерді сомдадым. Жетік білмейтін тілдерде өнер көрсету үшін жылдап дайындаламыз. Тіл мамандарының көмегіне жүгінеміз. Кейіпкердің мінез-құлқын зерттейміз, бойымызға сіңіреміз. Үлкен өнер туындысы тынбас жұмыс арқасында ғана келеді.
– «Операсы тоқырап қалған мемлекеттің руханияты осал» деген сөзді оқыдым. Бұған не дейсіз? Елде жаңа опералық туындылар, ариялар жазылып жатыр ма?
– Мен тек қана орындаушы болғандықтан, сапалы туындылар жарыққа шықса, қолдауға дайынмын. Шыны керек, қазір жаңа опералық туындылар жоқтың қасы. «Театр – көрерменнің түсінде көрмеген, не армандамаған ойларының орындалатын жері» деген еуропалықтардың сөзі еске түсіп отыр. Опера әншілері сол үшін тынбай жұмыс істейді, негізі. Көрерменге рухани ләззат беруге талпынамыз. Міне, сондықтан да ұлттық операға тың туындылар ауадай қажет.
– Әлемдік деңгейдегі маэстролар сіз орындап жүрген Дж.Россинидің «Севиль шаштаразындағы» Фигароның аса күрделі образ екенін айтады. Осы партияны орындайтын әншіге аса жоғары талап қойылады-мыс. Бұл үдеден шықтым деп ойлайсыз ба?
– Фигаро – өмірге құштар, көңілді, тапқыр кейіпкер. Бұл рөлді сомдауға бірнеше жылымды арнадым. Кемеліне келді дегенде ғана сахнаға шығардық. Россинидің туындылары дауыс ырғағының жылдамдығын қажет етеді. Бұл – оның өзіндік стилі. Тіпті, таза Россини операларына бейімделген орындаушылар болады. Аталмыш операны шығару барысында италиялық ұстаз, россинист, Уильям Маттеуцциден дәріс алдым. Пианист, коуч, ағылшындық Ричард Баркермен апталап дайныдалдық. Сонымен қатар, грузиндік ұстаз Алла  Симонишвилимен тығыз шығармашылық байланыс орнаттым. Фигароны сомдауға «Астана Опера» тетарының концертмейстері, музыка магистрі Айшабибі Асқарованың да қосқан еңбегі орасан. Біріккен жұмыс өз нәтижесін берді. «Фигаро» менің қоржынымдағы опералардың бірегейіне айналды. Кезінде Ермек Серкебаев атамыз «Фигаромен» ТМД-ны тамсантса, бүгінде мен де сол кісінің жолын жалғастырып жүрмін.
_DSC9375
– Сіздіңше, қазақ операсының ең биік шыңы делінетін туындылар қайсы?
– Жалпы опера жеке жанр болып 16-17 ғасыр аралығында қалыптасса, қазақ топырағында жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары пайда болған. Осы жылдар ішінде бұл өнер сатылай даму жолынан өтті. Е.Брусиловский жазған қазақтың тұңғыш операсы – «Қыз Жібегі», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайы», М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасы», Қ.Қожамияровтың «Назугумы», С.Мұхамеджановтың «Айсұлуы», Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлуы» және Ғ.Жұбанованың «Еңлік-Кебегі» ұлттық кәсіби операның деңгейін көрсетеді. Қай-қайсысын алсаңыз да, өзіндік өрнегімен ерекшелінеді. Ал бертін келе жарыққа шыққан Еркеғали Рахмадиевтің «Абылай хан» операсы қазақ операсына жаңа тыныс берді. Нақты біреуін ерекшелеп айту қиынырақ. Десек те, менің жаныма жақыны – «Абай» операсы.
– Білуімше, бізде «Біржан сал», «Ақан сері» кинолары, Балуан Шолақ, Шәмші туралы спектальдер бар. Тағы да қандай тұлғалардың өмірі жайлы кино немесе спектакль қою керек деп ойлайсыз?
– Кинофильм түсіруге сұранып тұрған қазақтың талай марғасқасы бар. Мұны қозғасақ, тұтастай идеологияға тап келеміз. Неге біздің жеткіншектер бөгде елдің қолдан жасаған батырларына еліктеуі тиіс? Біз өзіміздің тұлғаларымызды ұлықтауға, ұмытпауға тиіспіз. Хәкім Абай жайлы фильм-опера түсірсем деп армандаймын. Себебі, бізде әзірге бұл жанр атымен жоқ. Отандық кино индустрия үшін де, операмыз үшін де жаңа қадам болары анық. Ұлттық классиканың жауһарын әлемдік деңгейде насихаттауға міндеттіміз.
 
_DSC3111
«Сөзіңді түзе, ол әдетіңе айналады, әдетіңді түзе, ол мінезіңе айналады»
 
– Еуропалықтар опера өнерін қалай бағалайды?
– Италияны операның отаны санаймыз. Операның бағасы театрдың көптігімен де өлшенеді. Салыстырмалы түрде алсақ, біздің елімізде үш опера театры бар. Олар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында. Ал Италияның бір қаласында, кем дегенде, 2-3 опера театры бар. Енді осыдан-ақ ойлап қарай беріңіз. Дегенмен, бұл бізде бағаланбайды деген сөз емес. Көрермен әрдайым ілтипатын аяған емес.
– Расымен де, біздің елде классикалық өнерге деген көзқарас қалай? Эстрада мен осы операны салыстырып қарасақ, халықтың көбі әуелгісін  сүйіп тыңдайды.
Бұл енді талғамға байланысты. Халық әннің бәрі бірдей деп ойлауы мүмкін. Ал жанрға бөліп қарасақ, эстрада мен опера мектебінің арасы жер мен көктей. «Әннің көркі – мәтін, мәтін көркі – ақын» десек, кім не іздесе, жаны нені қаласа, соны тыңдайтыны тағы бар. Кейбір тыңдарман туындының мәтініне, енді бірі әніне мән береді. Қай өнер болсын ізденісті, тынбай еңбектенуді талап етеді. «Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы» ғой, бір ортада жүргеннен кейін кімнің қалай жұмыс істеп жатқанын байқап отырасың. Әркімнің өз тыңдарманы бар. Опера артық, эстрада кем деуге болмайды. Мұның артында қызғаныш бар, ал қызғаныш әлсіздікті тудырады. Эстрада – өзінше бөлек сала. Сондықтан, оны қазаққа керек емес деп, үзілді-кесілді айтуға болмайды. Бірақ, әр өнердің ішіндегі жақсысын алып, жаманынан жирену тыңдарманның еншісінде қалуы тиіс.
Қазақстандықтар классикалық өнерді қалай бағалайды? Бұл сұрақтың жауабын «Астана Операның» қойылымдарына келген кез келген көрермен айтар еді. Өйткені, соңғы кездері қай қойылым болсын лық толы зал, аншлаг. Бұрын ондай болмайтын, жарты зал, тіпті одан да аз келетін. Қазақ операны түсінбейтін шығар деп ойлайтынмын. Осы кездері жастардың қарасы қалың. Опера аяқталғаннан кейін сахна сыртына келіп құттықтап, ұнағанын айтып жатады. Демек, сахнадағы көрсеткен өнеріміз бекер емес екен деп шүкіршілік етемін. Өнер адамы халықтың бағасымен өрлейді. Негізі, қазақтың классикасы кеше немесе бүгін қалыптасқан жоқ. Оның тамыры тереңде жатыр. Қазаққа операны алып келген Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Әнуарбек Үмбетбаев, Күләш Байсейітова, Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер, Байғали Досымжанов, Шабал Бейсекова, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова сынды аға ұрпақ өкілдерінің орны қашанда биік болып қала берері сөзсіз. Біз осы киелі өнердің жалғастырушысымыз. Бір байқағаным, қазақ халқы талғампаз. Өнерді бағалауымыз, өнерпазға деген құрмет те өзгеше. Егер бір адам сәл жетістікке жетсе, қазекем ұшпаққа шығарып тастайды. Бұл енді қазақтың мінезі шығар.
4
– Арандатушылық демеңіз, бірақ, эстрада өкілдеріне қарағанда опера әншілерінің танымалдығы аздау екені жасырын емес. Стадион толы көрермен жинайтын да, теледидар экранынан түспейтін де, шоу-бизнестің қызығын көретін де солар. Көбінің репертуарында той-томалаққа арналған жеңіл әуенді әндердің басым екендігі байқалады. Бұған қалай қарайсыз? Есті ән естілмей кеткен жоқ па дегенім ғой…
– Бірден айтайын, мен музыка сыншысы емеспін. Ал азаматтық ұстанымыма берікпін. «Той – тәңірдің қазынасы» деген қазақпыз ғой. Қоғамға ол да керек. Той әндерінің өзі бір жанрға айналып барады. Меніңше, ол да еңбек. Дегенмен, оның салмағын тағы да сол халықтың талғамы шешеді. Әрине, арзан атақ қуып, жұрттың назарын өзіне аударамын деп, анайы сөз, сауатсыз мәтін құратын әнші-ақындар белең алғанын жоққа шығармаймын. Қазақтың қара сөзінде кие тұнған. Осыны естен шығармайық! «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!» деген данышпан Абайдың сөзі бар. Тыңдаушы талғампаз болса, рухани азықты дұрыс алса, ондай әндер де өміршең болмасы анық. Осы бағытта әншілер тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуі тиіс.
– Өнер өкілдерінің арасында көре алмаушылық, бақастықтың болатыны жасырын емес. Осы тұрғыда айтарыңыз бар ма? Қазаққа қажетсіз бұл қасиетті қалай жеңу керек?
– Менің ойымша, көре алмаушылықтан гөрі бәсеке бар. Бірақ, ол сауатты бәсеке болмай шықса, автоматты түрде бақастыққа айналады. Өнер иесі үнемі ізденеді, шыңдалады. Жетістікке жеткен адамды жамандау тек қазаққа ғана тән нәрсе емес. Қанша адам болса, сонша мінез бар. Нашар ұлт, жаман адам емес, кесір мінез болады. «Сөзіңді түзе, ол әдетіңе айналады, әдетіңді түзе, ол мінезіңе айналады, мінезіңді түзе, ол тағдырыңа айналады» деген Шәкәрім атамыздың сөзін жаттап едім. Бұдан артық теорема да керек емес. Жүрек тазалығы – адамның айнасы. Себебі жүректің өзімшілдік, тəкəппарлық, пасықтық, қызғаныш дерттерінен ада болуы адамдықты көрсетеді. Нұрғиса Тілендиев атамыздың өзі: «Мінездің өзгеруі дауысқа әсер етеді», – деп айтқан екен. Сондықтан, текті өнерге тазалық қажет. Ең бастысы осы. Жалпы, кез келген ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың. Осыны, әсіресе, сахнаны енді аттаған жастар қаперінде сақтауы тиіс.
_DSC1417
– Сүндет аға, «осы партияны дұрыс орындай алмадым-ау» дегендей өкініштеріңіз болды ма?
Өнердің қызығы мен шыжығы қатар жүреді. «Әттеген-ай» деген сәттер болды. Кейде «мұны басқаша орындау керек пе еді?» деп, өзіңді жегідей жейсің. Бір операның өзін әр шыққан сайын әртүрлі орындауың мүмкін. Бұған түрлі фактор әсер етеді. Біз кейіпкердің бейнесін, мінезін, психологиясын дауыс ырғағымен суреттейміз. Шүкір, өзім қалаған партияларды орындадым. Әлі мақсат етіп қойған туындылар алда. Біртіндеп оларды да бағындыру ойда бар.
– Әлеуметтік желіде қаншалықты белсендісіз? Жағымсыз пікірлерді қалай қабылдайсыз? Кейде көңілге келетін, жеке басқа қатысты дүниелер айтылады дегендей…
– Жалпақ жұрттың бәріне бірдей жағу мүмкін емес. Сын түзелмей, мін түзелмесі анық. Барынша сабырмен қабылдаймын. Әлеуметтік желі қазір қатты дамыған ғой. Жаңалықтар да секунд сайын жаңарып отырады. Осы жағынан тиімді пайдалануға тырысамын. Оқырмандарымның пікірін бей-жай қалдырмаймын. Қанша адам болса, сонша пікірдің болуы заңдылық.
– Шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар? Жерлестеріңіз алдағы жоспарларыңыз туралы білгісі келеді. 
Жоспар көп. Италиядан кеп түскен ұсыныстарды қарай отырып, бірнеше келісім-шартқа отырдық. Сол кесте бойынша, жыл сайын түрлі сахналарда өнер көрсетіп жүрмін. Жақын күндері Италияның Генуя қаласында «Мадам Баттерфляй» операсында шетелдік әріптестермен бірге сахнаға шығамыз. Соған қызу дайындық жүруде. Жақында Турин қаласынан да ұсыныс түсті. Осы сапар барысында тыңдалым өтеді. Бұйыртса, жаңа келісім-шарттың да ауылы алыс емес. Операдан тыс, жеке шығармашылығыма да көңіл бөліп, әндер жаздырсам деп оқталып жүрген едім. Енді сол нәтижесін беріп, тың туыныдылар жазылуда. Алдағы уақытта тыңдарманға ұсынамын.
IMG_0012
– Әлеуметтік желілерде «Сүндет неге актерлік қырын ашпайды?» деген сұрақ қойылып жатады. Алдағы уақытта өнеріңізді кино саласымен байланыстыру жоспарда бар ма?
– Егер ұсыныстар түсіп, кейіпкер көңілімнен шықса, неліктен өзімді бұл салада да сынап көрмеске?! Жігітке жеті өнер де аз емес.
– Туған жеріңізге келіп, шеберлік дәрістерін өткізуге қалай қарайсыз?
– Қостанай облысында өтіп жатқан мәдени іс-шараларды қолдап отыруға тырысамын. Егер де опералық сыныптар ашылып, ұсыныстар түссе, кежегеміз кері тартпасы анық. Жақында сәніне сәулеті сай «Жастар сарайының» ашылу салтанатында облыс әкімі Архимед Бегежанұлымен тілдестім. Әкімге Тобыл-Торғай топырағының халықаралық классикалық музыка фестивалін ашу жайлы ұсыныс білдірдім. Ол кісі игі бастамаларды мейлінше қолдап отыратынын айтып, болашақта бұл ұсынысты қарастыруға уәде берді. Жақсы жаңалық күтеміз. Ел ағалары қолдаса, өнерден аянып қалмасымыз анық. Бұл фестивальді ашу арқылы біз көптеген жасқа шабыт береміз. Жаңа есімдерді ашамыз.
IMG_9448
– Арнайы уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін рахмет. Шығармашылық табыс тілейміз!
– Сіздерге де рахмет! Би-ағаңдар негізін қалаған қарашаңырақ – «Қостанай таңы» газетінің ұжымына сәттілік тілеймін. Туған ел үшін тынбай еңбектене берейік!
 
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Карла Нур
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓