АРҒЫ ЖАҒЫ МҰХИТТЫҢ, БЕРГІ ЖАҒЫ немесе Америкадағы аманкелділік жігіттің әңгімесі

Америка Құрама Штаттары. Елдің шығысында Атлант мұхиты, батысында Тыных мұхиты орналасқан. Тұрғын саны жағынан ең ірі қаласы  Нью-Йорк деп аталады. Көпшілігіміз теледидардан ғана көретін Америкада Аманкелді ауданының тумасы, 25 жастағы Бауыржан Жүнісов білім алып жатыр. Ол оқудан тыс бос уақытында жұмыс істейді. Бауыржанмен интернет желісі және ұялы телефон байланысы арқылы сөйлескен едік.  
Кейіпкерімізбен хабарласу оңайға түскен жоқ. Себебі, екі мемлекеттің арасындағы уақыт айырмашылығы -11 сағат. Бізде түн болса, Америкада күндіз. Бауыржанның ұялы телефон арқылы айтқан әңгімесін, көрген-білгенін, алған әсерін газетімізге қаз-қалпында беруді жөн көрдік.IMG_2900
«Менің есімім – Жүнісов Бауыржан Нүркенұлы. Қостанай облысы, Аманкелді ауданында туып өстім. Сондағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірдім. 2009-2012 жылдары Алматы қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-ды тәмамдадым. Университетте оқып жүріп "Work and travel" («Жұмыс істеу және саяхаттау») бағдарламасымен  АҚШ-тың Монтана штаты, Yellowstone қаласына бардым. Бұл 2011 жыл болатын. Америка халқының сүйікті тағамы пицца, гамбургер дайындайтын жерде үш жарым ай жұмыс істедім. Yellowstone қаласының табиғаты көркем. Бұғы, бизон, елік, аю, тауешкі сияқты жануарлар еркін жүре береді. Туристер көп жиналады. Дәл сол жерде дүниежүзі бойынша ең үлкен вулкандар бар. Кейбір ормандарда қысы-жазы ағашқа жапырақ шықпайды. Қызық.
2012 жылы Алматыдағы оқуымды аяқтап, білімімді әрі қарай жетілдіру және тәжірибе алу үшін Калифорния штатының Сан-Диего қаласына бардым. Ондағы бір мақсатым – тіл үйрену. Ағылшын тілінің курсында оқып жүріп, жиһаз құрастыратын компанияға жұмысқа тұрдым. "Трак" деп аталатын жүк көлігімен жиһаз тасыдым. Калифорния ең бай штатқа жатады. Тұрғындарының саны да көп. Киноиндустрия және бизнес жобалар осы штаттан бастау алады. Мұнда туристер де көп келеді. Біздің мақтанышымыз, боксшы Генадий Головкин сол жерде дайындықтан өтеді. Оның көптеген жекпе-жектері осында өткені белгілі. Аталған штатта оқып немесе тәжірибеден өтіп жүрген қазақстандықтар өте көп. 
2014 жылы тіл оқу мектебін ауыстырып, Нью-Йорк қаласына көшіп келдім. Қазір осы аталған қалада тұрып жатырмын. Уақытымды оқу мен жұмысқа арнаймын. АҚШ-та студенттердің оқудан тыс уақытта жұмыс істеуіне, бизнес ашуына мүмкіндік беріледі. Шағын және орта бизнеске арналған жобалар ұсынып, несие алуға немесе инвестор тартуға болады. АҚШ осындай мүмкіндіктерімен өзіне тартты, қызықтырды. Нью-Йорктегі көлік жүргізу мектебіне барып, жүргізуші куәлігін алдым. Былтыр логистика саласында өзімнің шағын бизнесімді аштым. Табысым әртүрлі. Ең батысы, оқуыма, күн көрісіме, бәріне жетеді. Мұндағы тағы бір артықшылық, оқу мен жұмыстың уақытын және оқытушыны өзің таңдайсың. Жұмыс істеуге де, білім алуға да ыңғайлы.
Менің негізгі мақсатым – АҚШ-тың жоғары оқу орнына түсу. Бұл елдің білім беру саласы бізге қарағанда жақсы дамыған. Киноиндустрия, ұлттық өнімдерді экспорттау, туризм салалары бойынша да алда тұр. Заң жақсы жұмыс істейді. Адам құқығына ерекше мән береді. Сыбайлас жемқорлық фактілері аз. Әр адамның жалақысы өзіне еркін жетеді. Артылғанын жинауға да болады. Жемқорлықтың болмауының бір себебі осы шығар, бәлкім. 
АҚШ-тағы қазақстандықтар бауырмал. Бір-бірін жақын тартып, көмек беріп тұрады. Сыртта жүргендіктен шығар, отандасымызды көрсек қуанып қаламыз. Бір туған бауырлардай жақын араласамыз. 
Қазір қазақ жолдастарыммен бірге пәтер жалдап тұрып жатырмын. Тамақ жағынан қиындық жоқ. Үйдің қасында қырғыз, өзбек ұлттарының асханалары орналасқан. Бір өкініштісі, мұнда біздің еліміздің дәмханалары жоқ. 
Қазақстанға қайтып ораламын. «Отан – оттан да ыстық» деген сөз бекер айтылмаған. Кейде қолды бір-ақ сілтеп ауылға кетіп қалғым келетін сәттер болады. Елді, туған-туыс, ата-ана, бауырды сағынасың. Басқа айтарым жоқ. Көрген-білгенімді ғана әңгімелеп отырмын.»   IMG_2899
Иә, талай қазақ баласы шетелге барып білім алуды қалайды. Әсіресе, алып мемлекет Америкаға барып, ондағы тіршілікті көрудің өзі қандай.  Кейбіреулер үшін Америка түгілі Алматыға бару арман емес пе. Кейіпкеріміз Бауыржан ел көріп, жер танып, тіл үйрену мақсатында шетелде жүр. Оның "білсем, көрсем, үйренсем" деген ниетіне тәнті боласың. Арманшыл жігітті Америкаға жетелеген оның қайсар мінезі шығар. 
Бауыржан мектеп қабырғасында оқып жүргенде суретті керемет салған. Оның әдемі суреттері республикалық «Айгөлек» балалар журналына да басылыпты. Үздік жұмысы мен белсенділігінің арқасында жыл сайынғы «Айгөлектің достары» фестиваліне екі рет шақырту алып, қатысқан. Бала кезінен топ жарып, алдыңғы қатардан көріне білген жас бүгінде тағы да қара үзіп, алға шықты. Бұл жолы мұхит асып, білім алып жүр. Жарайсың, Бауыржан!
 
 
Қымбат ДОСЖАНОВА

You may also like...

1 Response

  1. Нұрбақыт айтты:

    Бауыржан жарайсың. Осыдан шамамен бес алты ай бұрын бір видео көргем америкадағы қазақ жігіттерінің трак айбап жүргендерін. Сол кезде Бауыржанда өз жұмысы жайлы біраз ой пікірін айтып еді. ?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓