Мешітке де, жамағатқа да құрмет
Қасиетті Рамазан айының алғашқы күні Лисаков қаласының мешітіне көпке үлгі боларлық сый жасалды. Шаһар басшысы Алмат Исмағұлов Алла үйіне арнайы келіп, жиылған жамағатпен жүздесті. Алмат Ерікұлы «Әбдіхайым Саламатұлы» мешітіне демеушілердің көмегімен сатып алынған Chevrolet Nexia көлігін сыйға тартты.
Лисаков қалалық «Әбдіхайым Саламатұлы» мешіті 2017 жылы жаңадан салынып, мұсылман жамағатының игілігіне берілген болатын. Сол уақыттан бері жаңа құлшылық ордасы мұсылман қауымның бас қосатын қасиетті орнына айналып, түрлі қайырымдылық іс-шараларына ұйытқы болып келе жатыр.
Ал бұған дейінгі мешіт иелігінде болған «Ваз 2106» автокөлігінің әбден тозығы жетіп, жөндеуге келмей, діни орынның қызметкерлері барлық игі іс-шараларда жаяу жүруге немесе сырттан көлік жалдауға мәжбүр болып келді.
«Айлардың сұлтаны – қасиетті Рамазанда барша мұсылманның тілеген дұға-тілегі қабыл болсын! Осындай игі іске атсалысқан жаны жомарт азаматтарға Алла Тағала екі дүниенің бақытын нәсіп еткей!», – деді мешіт қызметкерлері.