Өмірі ұрпаққа үлгі Кеңес Әубәкіров 80 жаста

фото1Менің замандастарымның өмірі екі кезеңге бөлінді. Біріншісі – Кеңес үкіметі дәуірі де, екіншісі – еліміздің тәуелсіздік алып, егемен ел болып, нарық заңымен өмір сүрген қазіргі кезең.
Біздің тәрбиеміз анамыздың ақ сүтімен, әке-шеше тәрбиесімен беріліп және Кеңес үкіметі заманында коммунистік тәрбиені көріп өстік. Біз өмірімізді атақ, данқ, дүние үшін емес, халқы-мызға, елге арнадық. Коммунистік партия қайда жұмсаса сонда еңбек еттік. Тағдырдың маған берген сыйы, өмірімде үлгілі, парасатты, жақсы адамдармен кездесіп, солармен қызметтес болдым, солардан үлгі алдым, үйрендім, соларға ұқсауға тырыс-тым. Олардың ішінде ел басқарған, елге тұлға болған ағалар: Еркін  Әуелбеков,  Мақтай  Сағдиев, Өзбекәлі Жәнібеков, Қаратай Тұрысов, Оразбек Қуанышев, В.Демиденко, Кенжебек Укин, Н.Князев, В.Двуреченский, Кеңес Әубәкіров, тағы да басқа асыл азаматтар өмірлерін, жасаған еңбегін ел болашағына арнап, барлық білімін, тәжірибесін халықты еңбекқорлыққа, ел үшін аянбай еңбек етуге тәрбиеледі.  Олардың сөзі мен ісінде алшақтық болмайтын, және қойылған мақсатқа жетер жолда өзін де өзгені де аямайтын.   
Жастық шағымнан бастап есейгенге дейінгі өмірімнің дені өткен Торғай өңірін ыстық сезіммен жиі еске алып отырамын. Бауырмал, еңбекқор, құшағы ашық елге Қазақстанның барлық облыстарынан азаматтар келіп, адал қызмет жасап,  кәрі Торғайды түлетуге ерекше еңбек сіңіріп, тер төгіп, өшпес із қалдырып жатты. Сондай естен кетпес абзал  азаматтың бірі Кеңес Аманұлы Әубәкіров еді.
Ол 1934 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында Сілеті ауылдық округінің "Бірлік" ұжымшарында ферма басқарушысының отбасында дүниеге келді. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтын бітіріп, агроном мамандығын алып, туған өлкесінде әртүрлі басқару қызметінде болды.  1970 жылдың соңында Тор-ғай облысы құрылып, Алматының Жоғары партия мектебін бітіріп жатқан 26 жас кадр біздің облысқа келді.  Оларды Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Димаш Ахметұлы Қонаев  "Тор-ғайдың 26 комиссары" деп атап, бұл сөз елге жайылып, кең тарап кеткен еді. Олар шын мәнінде Комиссар деген атқа лайық қызмет жасады. Солардың бірі Кеңес Аманұлы болатын.   Ол  кісі астықты Октябрь ауданына  аупарткомның екінші хатшысы қызметіне сайланды.  Сол кезден бастап Кеңес ағамыздың әрбір бастамасы, баянды болып жатқан істері көз алдымызда өтіп, бізге темір-қазық секілді үлгі бағдар болды, кейін бізге қамқоршы, ақылшы, кеңесші  болып жүрді.  Жаңа құрылып жатқан аумағы үлкен, халқының саны аз облыста кадр мәселесі, халыққа баспана, әлеуметтік нысандар, кенжелеп қалған  ауыл шаруашылығын көтеру мәселесін жедел шешіп, облысты көтеріп әкетуге жаңа кадрлар көп үлес қосты. Октябрь ауданында Кеңес ағаның жар-қын істері жиі ауызға алынып, озық тәжірибесі үлгі етіліп жүрді. Бір жарым жыл өтпей ол кісі Ар-қалық ауданына атқару комитетінің төрағасы қызметіне  ауысты.  Мұнда да іскер, жаңашыл басшы аудан экономикасын көтеріп, облыс орталығындағы ауданның абыройын арттырып, өзінің іскер қабілетті басшы екендігін дәлелдеді.
Торғай облысындағы көлемі жөнінен ең ауқымды, шаруашылықтары облыс орталығынан шалғай орналасқан,  шешілмеген проблемасы көп, жолы салынбаған, су мәселесі шешілмеген,  бірыңғай мал өсірумен айналысатын Жанкелдин ауданын көтеру үшін,  іскер, ауыл шаруашылығын жетік білетін,  сенімді басшы табу мәселесі тұрды.  Облыс басшылығының таңдауы Кеңес Аманұлына түсті. Ол Жанкелдин   аупарткомның бірінші хатшысы қызметіне жіберілді. 
Бұл жерде жаңа басшының іскерлік қабілеті, білімі, біліктілігі, бай тәжірибесі  аудан экономикасын көтеруге қызмет жасады. Кеңес Аманұлы осы елде жеті жыл жұмыс істеп, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсы жаққа қарай өзгертіп, көп жылдар шешімін таппай келген көптеген мәселелерді шешті. Жанкелдин  ауданының экономикасын өр-кендетіп, облыстағы жері құнарлы, темір жол бойына жақын орналасқан, қолайлы жағдайдағы алдыңғы қатардағы аудандармен иық тірестіретін жағдайға жет-кізді. Ауданның топырағы құнарлы аймақтарынан ("Юбилейный", "Бидайық", Ы.Алтынсарин атындағы) астық өндірумен айналысатын кеңшарлар құрып, азық-түлік, малға жем дайындау мәселелерін тиімді шешті. Сонымен қатар аудан орталығынан мал өнімдерін өндіретін қасапқананы салғызды.  Әлеуметтік мәселелер: емхана, мектеп, монша, дүкен, кеңшарлар арасындағы және облыс орталығына дейінгі тас жолды салу, әр ауылға электр қуатын жеткізіу  мәселесін толық шешіп халықтың алғысын арқалап, артынан өшпес із қалдырып кетті.  Жанкелдин  ауданынан  Торғай облыстық атқару комитетінің бірінші орынбасары қызметіне жоғарлатылды. Кеңес Аманұлы "Елім – мектебім, хал-қым – ұстазым" атты кітабында  былай дейді: Сағдиев Мақтай Рамазанұлы республикамызға Балық шаруашылығы министрі болып кетті. Ол кісінің орнын Еркін Нұржанұлы маған ұсынды.
Мен әлі де болса игермеген көптеген жоспарлар бар екенін айтып, әзірше қозғамауын өтініп едім, келіспеді.
Сөйтіп Торғайға қиналып барып, қимай айырлысуға тура келді. Бірақ ең алғашқы ел бас-қаруға араласып, есейтіп, бұғанамды қатырып, ел ағасы дәрежесіне көтерген Торғай халқын, үзеңгілес, сыйлас болған азаматтармен әлі де арамыз алшақтаған жоқ. Көңілімізге көлеңке де түспеді" деп жазады. Жас Торғай облыс отауының іргесін жаңа қалап жатса да, алғашқы күннен Аманкелді, Жанкелдин аудандарынан қамқоршылығы мен көмегін аямады. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары Сақан Құсайынұлы, кейін Еркін Нұржанұлы  Әуелбеков те  облыс басшыларының бәріне: Торғай облысы Жанкелдин,  Аманкелді аудандары үшін ұйымдастырылған, барын да, бәрін де соларға көмектесуге шақырып отыратын. Облыс өмірінің алғашқы күндерінен бастап 1988 жылға дейін ауыл шаруашылығын басқарған екі білікті асыл азамат ол Мақтай Рамазанұлы  Сағдиев және Кеңес Аманұлы Әубәкіров.   Мен ол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы едім, кезекті бір келгенде Еркін Нұржанұлымен, Кеңес Аманұлына  елдің басынан кешіп жүрген бір қиындық туралы сұрақ қойған едім. "Яғни, "Қараторғай"  кеңшарының орталығы тұрған жер – үш өзеннің қиылысы. Жазғытұрым су тасығанда жылда аудан, облыс орталықтарымен қатынас екі-үш ай тоқтап қалады.  Ауырған  адамдарды, аяғы ауыр әйелдерді аудан орталығына жеткізу өте қиындыққа түседі", –деген едім. Арада екі ай өткесін бір күні облыс атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары К.А Әубәкіров телефон шалып: "Сенбі-жексенбі күндері  келемін, жанымда екі министр болады",– деді. Айтқан мерзімде  Кеңес Аманұлы, Автомобиль жолдары министрі Бекболатов Шамиль Хайролла-ұлы, Азаматтық авиация министрі, екі мәрте  Социалистік Еңбек Ері Н.Г.Кузнецовті көмекшілерімен әкелді.    
Шаруашылықты екі күн егжей-тегжей   аралап,  кетеріндегі   ашылған жиналыста: "Айтылған істерге кірісеміз", – деп уәде беріп кетті. Артынан көп ұзамай кеңшар орталығына бір мезгіл ұшақ келіп тұратын  болды. Екі жылдың шамасында Қараторғай, Қайыңды, Саба өзендерінің үстінен көпір салынып, аудан, облыс орталықтарына көтерме жол тартылды. Бұл бір-ақ қана мысал, басшының адал қызмет етіп, халқына жанашыр болып, халықтың ал-ғысына бөленгені, мұндай  жағдайларды көптеп келтіруге болады. Сол уақытта  облыс басшылығында  болған Г.Коротенко, Е.Зарицкий,  А.Дуйсенов,    А Спицын, Ж.Жаманқұлов, А.Горкопенко, Т.Шманов, М.Лебсак тағы басқалары Торғай елінің құрметіне, ризашылықтарына бөленді. Көлеміне келсек, облыста он аудан құрылған. Оның төртеуі: Жанкелдин, Аманкелді, Октябрь, Арқалық аудандары Қостанай облысынан берілсе, төртеуі –Есіл, Жақсы, Державин және Жаңадала аудандары – Ақмола облысынан, ал кейінгі екі аудан: Амантоғай, Қима жаңадан шаңырақ көтерді. Облыс халқының жалпы саны 371 мыңдай болса, оның 182 мыңы қалада,190 мыңы дала-ауылда қоныстанғандар. Облыстың жалпы жер көлемі  11,2 млн. гектар болса, егістік алқап 2,7 млн., ал дәнді дақылдар 2,300 млн.га. Орта есеппен, жылының жомарттығына қарай мемлекетке 1-1,5 млн. тонна астық тапсырады. Жалпы өнім 1,8-2 млн. тоннаға жететін. Облыс шаруашалықтарында қара мал саны 330 мың, жылқы 43-44 мың, қой-ешкі 1 млн.бастан асса, шош-қа 240 мың бас. 
1988 Торғай облысы таратылуына байланысты Кеңес Аманұлы Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары  болып тағайындалды.           
Соңғы  жылдары Алматы, Астана қалаларымен Ақмола облысында басшылық қызметтерде болды.
 Кеңес ағамыздың өмір жолы ізін басып келе жатқан артындағы біз секілді бауырларына үлгі болды. Торғайда Орал Мұхамеджанов, В.Брынкин, Р.Сариева, А.Сейтжанов, Н.Ислямиев, М.Қасымов, Ж.Өмірбеков, Н.Сейтжанова тағы басқа қызметтес бол-ған адамдар Кеңес ағаның әрбір қадамы мен бастаған істеріне терең мағна беріп, үлкен өнеге алғандарын  айтып отыратын. Ал еліміздің мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Кәріпжанов  Кеңес ағаның қарамағында қызмет жасап, тәлім-тәрбие алып, ағаның өнегесімен зор биіктерге көтерілді.
Рухы асқақ, ұлтжанды азамат зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Аллаһтың бергеніне риза болып, тыныш жатайын деп ойламады. Кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық, ой салар сауабы мол имандылық ұялатар істер тындырды. Туған ауылы Сілетіде халықтың игілігі үшін, имандылыққа, адамгершілікке, бауырластыққа ұр-пақты бейімдеу мақсатында өз қаражатына 90 адамдық мешіт және қатым өткеретін асхана салып пайдалануға берді. Сондай-ақ туған ауылында елін қорғап, батыр атанған  тарихи тұлға Түгел батырға ескерткіш орнатуға және оны тарихта қалдыруға көп еңбек жасады.
Кеңес ағаның еліне сіңірген еңбегі үнемі мемлекеттік наградалармен аталып отырды. Ол үш рет Еңбек Қызыл Ту және бір рет "Құрмет белгісі" ордендерімен, он бір  медальмен, екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен және Ресейдің "Петр Великий" орденімен  марапатталды.  1974 жылы  Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, 1994 жылы Қазақстан Республикасының ХІІІ шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты және жұмыс істеген облыстарының бірнеше дүркін депутаты болып сайланды. Павлодар облысы Ертіс ауданының және Қостанай облысы Жанкелдин ауданының "Құрметті азаматы" атақтары берілді.
Кеңес Аманұлы "Елім – мектебім, Халқым – ұстазым" және "Теңізден терген маржандар" атты шығармалар жазып, халықтың жүрегіне имандылық нұрын сеуіп, өнегелі өмір жолын баяндай отырып, ұрпаққа тәрбилік мәні зор ескерткіш қалдырып отыр.
Кеңес аға "Қазақ ҚСР халық ағарту ісінің озық қызметкері" Сағила жеңгеміз екеуі төрт бала өсіріп, оларды өз өнегелерімен жақсы азамат етіп тәрбиелеп,  ұшырды. Биыл ардақты аға  80 жасқа жетіп отыр. Ағамызға еліміздің тәуелсіздік алған жаңа заманында әулетінің ортасында бақытты  ұзақ ғұмыр тілейміз.
Амангелді Садырбеков,
зейнеткер.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓