Игі бастама
Қоғам қайтсе жемқорлықтан арылып, адалдық пен әділдіктің үстемдігін мойындайды? Ұрпақ санасына ізгілік, шынайылық қасиеттерін сіңіру үшін не істеу керек? Л.Толстой атындағы кітапханада зиялы қауым осындай сауалдарға жауап іздеді. Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева және танымал жазушы, республикалық "Парасат жолы" жобасының төрағасы Сәдібек Түгел, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Нұрмұхамедов қатысты.
Кітапхана жанынан ашылған өңірлік "Парасат жолы" клубында белгілі ақын-жазушылар, журналистер, өзге де шығармашылық өкілдері бас қосты. Әуелі көпшілікке бұл жобаның мақсат-міндеттері таныстырылды. Жиында мәлім етілгендей, "Парасат жолы" – адалдық, парасаттылық, әділдік қағидаттарын қалыптас-тыруға, сондай-ақ қоғамда ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған бірегей жоба. Бұл – зиялы қауым мен мемлекеттік қызметкерлердің, ғалымдардың, құқық қорғаушылардың және басқа сала өкілдерінің тізесі қосылып, тілегі бірігетін орта.
Өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ғылыми және шығармашылық ортамен, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерімен тікелей эфирлер ұйымдастырған. Ондағы мақсат – зердесі терең, пікір-пайымы кемел тұлғалар арқылы адамгершілік қағидаттарын ілгерілетудің маңыздылығын қоғамға насихаттау болды. Мұндай іс-шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған азаматтық бастамалардың "фабрикасына" айналғандай болды.
Осы жолғы жиын да таптаурын талқылау мен жалпылауға арналған жоқ. Нақты әрекеттер, нық қадамдар дерекке тартылып, ұтымды ұсыныстар, ұрымтал пікірлер ортаға салынды.
"Бүгін мемлекеттік органдар "ашықтық және айқындық" қағидаттарын іске асыруға ұмтылуда. Басты мақсат – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық – тарға "мүлдем төзбеушілік" мәдениетін қалыптастыру. Яғни, шенеуніктің пара алатынын елестету мүмкін болмайтындай жағдайға жету! Өйткені, ол бұл туралы ойласа және қылмысқа барса, өз елі-нен, өз халқынан, өз балаларынан және отанынан ұрлайтынын терең түйсінуі тиіс, – дейді жазушы Сәдібек Түгел. – Бәріміз бірлесіп атқаруымызға тиісті асқаралы міндет – ділді өзгерту. Біз көп айтып, айтқан жерінде қалатын "ұлттық идеология" деген құндылықтың ең басында осы діл тұр. Ділге ата-бабамыз көп көңіл бөлген. Ол – біздің болмысымыз, мінез-құлық, пейіл-пиғыл, салт-сана, ой-сезім ниетіміз. Егер осыны өзгертіп, қалпына келтіре алсақ, міндетті түрде жемқорлықты жоямыз. Ол бүкіл халық болып іске асыратын шаруа."
Оның айтуынша, ең қауіпті құбылыс – қара халықтың "жемқорлықты жоюдың мүмкін еместігін" мойындап қоюы. Сананы тұмшалаған осы күдікті сейілтуге бәрінен бұрын зиялы қауым өкілдерінің ықпалы тиюі керек. Ол сондай-ақ "Парасат жолы" жобасы "Адалдық алаңы", "Антикор" орталықтары секілді жемқорлыққа жұмыла жұдырық жасауға қауқарлы бастама боларына сенім білдірді.
"Қазір біз коронавирустан қорқып, бетпердемен тұмшаланып отырмыз. Ал шындығында, бұл ауру кетер, ең қорқынышты, әбден асқынған дерт – жемқорлық. Бұл кеселден құтылмайынша біздің қоғамның науқасы жалғаса береді, – деді белгілі ақын, ҚЖО мүшесі Ақылбек Шаяхмет. – Медицинада "аурудың алдын алу" деген термин бар. "Парасат жолы" секілді жобалар сол аурудың алдын алу қамымен қолға алынған шаралар деп түсінемін".
Ақылбек Қожаұлының осы клубқа төраға болып тағайындалғанын айта кету керек. Ол өз сөзінде агенттік атқарған жұмыстарға көңілі толатынын жеткізе келіп, Қазақстанның асты-үстіндегі байлығын талан-таражға салып жатқан же-мірлер жауапқа тартыла бастаса, елдің үміті мен сенімі оянуы даусыз деп ой түйді. Қаламгер ретінде жемқорлық, жағымпаздық, сатқындық сынды рухани кемістіктер туралы аз жазбағанын, әлі де жазыла беретінін айтты.
"Жалпы, қазақта "жем" деген адамға емес, малға айтылатын сөз. Қазақ әбден ашынғаннан кейін оған "қор" деген жұрнақты қосып, қылмысты адамды әшкерелеуге мәжбүр болды. Негізі, айтуға әбден оңай болып кеткенімен, "жемқор" деген жақсы сөз емес. Қазір руханияттан гөрі байлық, дәулет бірінші орынға шықты. Бүкіл әлемге ортақ сипат осы. Бай адамның еңсесі биігірек, сөзі өтімдірек заманда құлқынның қамын ойлайтындардың шектен тыс көбеюінің бір себебі осы, – деген пікір білдірді Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы, "Қостанай таңы" газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков. – Жалпы, Агенттік атқарып жатқан жұмыстарға жан сүйсінеді. Соның бірі – "Парасат жолы" клубының құрылуы. Ақын-жаушылардың бір-бірімен кездескенінен түк шықпайды. Клуб мемлекеттік қызметкерлермен, басқа да сала мамандарымен пікір алмасатын алаңға айналуы тиіс. Әсіресе, жас қызметкерлермен парасатты тұлғалар жиі бас қосса, аудан-қалаларда да осы бағыттағы жұмыстар жанданса, игілігі көп болар еді".
Ол "ала жіпті аттамау" кез келген азаматтың ішкі мәдениетіне байлығына, рухани ерік-жігерінің мығымдығына байланысты екенін айтып, оны жас буынның бойына дарыту үшін зиялы қауым өкілдерінің әлеуетін мейлінше пайдалануға кеңес берді. "Бұл үшін агенттік кешенді жоспарлар жасаса, нұр үстіне нұр" дейді қаламгер.
Жиынға қатысушылар қиянат қылу, кісі ақысын жеу, парақорлық қылмысқа барудың ислам дініндегі үкімі туралы да кең көлемді мәлімет алды. Жиын соңында Жазира Жылқышиева агенттік атқарған жұмыстар туралы, Қостанай облысындағы іссапар барысы жайлы ақпарат берді. "Парасат жолы" жобасын жандандыра түсу үшін клуб мүшелерін, облыстық Мәдениет басқармасының басшылығын белсенділікке шақырды.
Айта кетейік, клубқа ақпараттық-түсіндіру, әлеуметтік-тәрбиелік және волонтерлік жобаларға қатысатын кітапхана қызметкерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, теологтар, дін өкілдері мен танымал тұлғалар мүше.
Жандос
ЖҮСІПБЕК