Ынтымақтастық меморандумына қол қойды
Қостанай облысы Ақтөбеге литф тасымалдайды. Электромобильдер жеткізіп, оларға қажетті қуаттандыру бекетін салады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ақтөбе мен Қостанай облыстары аймақаралық кооперацияны дамыту мақсатында бірнеше меморандумға қол қойды. Қостанай облысы Ақтөбеге лифт жеткізеді. Электромобильдер сатылып, оларды қуаттандыратын бекеттер салынады. Әзірге бұл көліктер Алматы мен Астанада бар. Енді Ақтөбе халқы электрлі көліктің мүмкіндіктерін пайдалана алады.
«Өндіріс, ауыл шаруашылығы саласында бірнеше келісім жасалды. Таяуда Ақтөбеде Қостанай облысының күндері өтеді. Ал келер жылы Қостанай қаласында Ақтөбе облысының күндері өтеді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, екі өңір кәсіпкерлерінің тәжірибе алмасуы үшін бизнес форум өткізіледі. Жоспар бойынша Ақтөбеге электромобиль тасымалданады. Агломирация қатарына енген өңір үшін бұл тиімді жоба. Келер жылы Ақтөбеде электромобильдерді қуаттандыру станциясы салынады. Инфрақұрылым дамыған соң көлік сатылады», – деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.
Қостанай облысы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетімен келісімшартқа қол қойды. Себебі, Қостанайда білікті дәрігер тапшы. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жас мамандарға 2-2,5 миллион теңге қаржы беріп, олардың баспаналы болуына жағдай жасамақ. Тек жас кадр әкімдік бағыттаған ауыл, ауданда 7 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуі керек.
Форум кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Shengyuan Technology Co Ltd» АҚ басқарма төрағасы Гэ Пайсян екіжақты меморандумға қол қойды. Қытайлық компания табиғи газдан инновациялық жолмен өндірілген өнім алады. Бұл өнім бояу және баспахана өнеркәсібіне пайдаланылады. Инвестиция құны – 7 миллиард теңге. Ал Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен «Нитрохим компаниялар тобы» ЖШС басқарма төрағасы Ринат Тәжмұратов өндірістік жарылғыш заттарға арналған аммиакты селитра шығарады. Өңдеу өнеркәсібі 1 мың адамға жұмыс тауып береді. Жоба құны – 130 миллиард теңге. Сонымен қатар, жылыжай кешенін салу, етті экспорттау меморандумдарына қол қойылды. Жоспар бойынша Ресейге жылына 1 мың тонна ет экспортталады. «Ақтөбе ет кластері» ЖШС етті Иран, БАӘ, Қытайға тасымалдау жолдарын іздестіріп жатыр.
Айта кетейік, форум кезінде барлығы құны 209 миллиард теңгеден асатын 11 меморандумға қол қойылды.