Атадан қалған аманат

Қазір қоғамда жерді шетелдіктерге сатуға біржола тыйым салу туралы мәселе тыншымай тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған қатысты заң жобасын Парламент Мәжілісіне ұсынғаны белгілі. Бірақ, мен бұл мәселені көп сөзбұйдаға сала берудің қажеті жоқ деп есептеймін. Жер мәселесі кезінде талай рет талқыланды. Бірақ, нақ-ты шешім қабылданбаған. Енді осы жолы мәселе бір жақты шешілетін шығар. Қалайда, дауды қайта-қайта қоздатып, шулата бермей, іске біржола нүкте қойған жөн. Жалпы, Жер туралы комиссия дегеннің текке керегі жоқ ұйым. Құр босқа топ сайлап, топар бастап, бір мәселені мың рет шиырлай бергеннен дәнеңе де өнбейді. Онсыз да он шақты жылдан бері жер сатусатпау мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Бірдеңе өзгерді ме? Жоқ! Баяғы сол, құр байбалам. Олай болса, бұл мәселені Президенттің өзі шешуі керек. Ол кісі сатылмайды десе, сатылмайды. Сынық сүйем жерді шетел азаматтарына сату түгілі, жалға беру деген әңгіме дұрыс емес. Оны жал-ғыз мен ғана емес, кез келген шаруа баққан азаматтар қолдауға тиіс. Кезінде ата-бабаларымыз осынау ұланғайыр жерді кейінгі ұрпаққа аманаттағанда, кім-көрінгенге сатсын, пайда тапсын демеген шығар. Біздің батыр бабаларымыз тулақтай жер үшін қан төкті. Бұл бізге осылай, атадан балаға мирас болған жер. Оны әр қазақ көздің қарашығындай сақтауы керек. Бұл – бір. Екіншіден, бәзбіреулер қит етсе Америка, Еуропадағы жерге қатысты жағдайды айтып өзеурейді. Айналайындар-ау, біздің халқымыздың өз жолы, өз дәстүрі бар емес пе?! Неге біз біреуден көргенімізді қайталауымыз керек?! Жер – ол халқымыздың баға жетпес байлығы. Оның асты да, үсті де қазынаға толы. Соны елдің игі-лігіне айналдыра білген ләзім. Құдайға шүкір, қазақ баласы қазір жер игеруді толық меңгерген. Қай жердің бал-бонитеті қандай, одан мол өнім алуға бола ма деген мәселені түбегейлі зерттеп болды. Енді әлемдік озық технологияға иек артып жатыр. Олай болса, жерді өз азаматтарымыз игерсін. Онда да жалға алу тәсілімен жүзеге асуы керек. Жерге өз қожайыны ғана бар мейірін төгеді, мәпелейді. Ол болашақта мол өнімге кепіл. Бір сөзбен айтқанда, ата-баба аманатына адалдық таныту баршамыздың азаматтық борышымыз.
Ибраш ЕСТАЕВ,
"Естаев" шаруа қожалығының жетекшісі.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓