Саз сұлуын самғатқан

Тобыл-Торғай өңірі ән әлеміне өшпес қолтаңбасын қалдырған сазгерлерден кенде емес. Кешегі әйгілі Әбілахат, біртуар Болаттарды, бүгінде елге есімдері аян Қалибек, Бақытжан ағаларымызды тілге тиек етсек жетіп жатыр. Ал кейінгі буын өкілдерінен Жарқынбек Деріпсалдин аймақ жұртына жақсы таныс. Оны әнсүйер қауым аз болса да, саз жазатын сазгер деп мойындайды. Өнер иесінің әсем туындылары талай сында топ жарып, көптеген жергілікті әншіге көрермен ықыласын алып берген. Талантты композитор таяуда ғана үшінші мүшел жасқа толды. Осыған орай, мерейтой иесімен шығармашылық төңірегінде аз-кем сұқбат құрған едік. – Қай жасыңыздан ән жазасыз? Қабілетіңіздің шыңдалуына қандай жандардың ықпалы болды?
– Кез келген өнер иесі секілді, әрине, менің де ән шығаруға деген әуестігім мектеп қабырғасында жүргенде оянды. Нақты есімде қалмаса да, шамасы, 10 жасымда іштей "ыңылдай" бастадым-ау деймін. Әсіресе, әдебиет пәнінде өлең оқу кезінде сол шумақтарға сәйкес ойыма әуені келіп тұратын. Ән-сазға бала жасымнан аса құштар болғанымның белгісі осы шығар. Ел ішінде, халық аузында жүретін әдемі әндер мен дарынды авторлардың қай-қайсысы да қабілетімнің ұшталуына әсер етіп, шабытымды оята алды-ау деп ойлаймын. Қай өнер де еліктеуден басталады емес пе? Мен ең әуелі өзіміздің Тобыл-Торғай өлкесінен шыққан әйгілі композиторлардың туындыларын бойыма сіңіріп өстім. Ол менің қазіргі таңдағы "қолтаңбамнан" көрініп тұратын да шығар.
– Осы кезге дейін қанша ән жаздыңыз? Ең алғашқы туындыңызды есіңізге түсіресіз бе?
-Ұзын-ырғасы 15-ке жетеді екен. Көріп отырғаныңдай, оншалық көп емес. Себебі, ай-күнді жоспарлап, есебін құрып ән жазбайды екенмін. "Көбік те болса көп болсын" деп көзге көрінген, ойға іліккен нәрсеге күш-қуат шығындайтын әдетім тағы жоқ. Шығарма деген көңіл қалауымен немесе рухани дайындық, баппен тууы керек деп ойлаймын. Ал, енді, алғаш жазған әнім "Шаттығы шалқар жазира далам" деп аталады. Туған жер тақырыбындағы туындыларымның тырнақалдысы осы.
– Ел аузында жүрген қандай танымал әндеріңіз бар? Әншілерден тапсырыс жиі түсе ме? Шығармашылығыңыз қаншалықты сұранысқа ие?
– Ауыз толтырып айтарлықтай республика көлемін мойындатпаса да, облыстық деңгейде жиі орындалып, ел болып қосыла шырқайтын әндерім жоқ емес. Мәселен, "Меңдіқара –мекенім", "Жайнай бер, жайна, Әулиекөл", "Алтынсары – ұлан далам", "Құтты алап –Қостанайым", "Әкеме", "Бал немерем", "Құт мекенім –Науырзым" секілді туындылар сахналарда, мереке-думандарда жиі орындалып жүр. Мұның өзі шығармашылық адамына қанат бітіретін әсерлі сезім ғой. Әлде де іздене түсуге, шабытқа қамшы басуға бір себеп табылса, ол – қалың қауымның ықыласына бөлену шығар. Ал тапсырыс мәселесіне келер болсақ, шүкір, әншілер тарапынан сұраныс болып тұрады. Айталық, менің әндерімді орындайтын әншілер қатарында астаналық Қасқыр Қонысқараұлы, Қостанайдан Оразбек Ғалымов, сондай-ақ Ербол Қанатұлы секілді жас өнерпаздар бар. Жергілікті бауырларымыз да көп туындымды орындайды. Өзің аңғарып отырғандай, аудандардың әнұранын көп жаздым да, оны сол елді мекеннің бетке ұстар әншілері сахнаға алып шықты. Ал ақындардан Абылай Мауданов, Нұрболат Мешітбаев, Еркебұлан Кәрімов, Сағындық Досмағанбетов сынды тұлғалармен жұмыс істедім.
– Қандай жетістіктеріңіз бар?
– "Ойды орып, қырды қырдым" деуден аулақпын. Әйткенмен, жүлде-марапаттан да құр алақан емеспін. Атап айтқанда, "Атырау – атамекенім" атты республикалық патриоттық әндер байқауында топ жарып, 1-орын иелендім. Алматы облысының Талдықорған қаласында өткен Тұманбай Молдағалиев әндерінің республикалық байқауында да жүлдегер атандым. Облыстық деңгейдегі көптеген өнер сындарында да жұлдызымыз жанды. Мәселен, Меңдіқара ауданына арнап жазған әнім бас жүлде алды. Өзім Қостанай облысының Меценаттар клубы тағайындаған "Шабыт" сыйлығының лауреатымын. Қажырлы еңбек, талмас талап болса, бағынбайтын белес жоқ, жетістік-табыстың бәрі алда деп есептеймін.
– Әнді көбіне қандай бағытта жазасыз? Дәстүрлі әуенге жақынсыз ба, әлде заманауи музыкаға жиі ден қоясыз ба? Лириксіз бе, әлде патриоттық сарын басым ба? Сосын, әнді қандай музыкалық аспаптармен жазасыз?
 – Қағидалы түрде қалыптасып қалған бағытым жоқ. Сондықтан тек қана дәстүрлі сарында жазамын дей айлмаймын. Бірақ қазіргі өскелең буынның оң жамбасына келе кетерлік заманауи әуен шығарып жүрмегенім тағы шын. Қалай болғанда да, шығармаларымнан өзім өскен өлкенің ән мектебінің лебі сезіліп тұратын болса керек. Мана жіпке тізіп өткенімдей, көптеген әнімнің атауынан-ақ патриоттық бағытта жиі ізденетінім байқалған шығар. Ал әнді әуел бастан баян аспабымен шығарамын.
-Тобыл-Торғай өңірінің қазіргі таңдағы сазгерлік өнеріне қандай баға бересіз? Жергілікті қандай композиторлардың есімдерін ерекше атар едіңіз?
 – Дәнді өлкенің дарынды сазгерлерінің барлығына ризамын, өйткені қай-қайсысы да білгенінен жаңылмай, сан-саққа көз салып, әр жұртқа бір еліктемей, қалыптасқан дәстүрлі нақышпен жемісті еңбек етіп келеді. Шынын айтсам, мен әлі күнге дейін өзімді сазгермін деп айтуға аузым бармайды. "Сазгер" деп халық қошемет білдірсін десең, ерінбей еңбек ету керек. Әйтпесе, бір-екі ән жазып, әйгілімін деу – әбестік. Кем дегенде, әндерің есіміңнен бұрын халық құлағына жетіп, ел аузында қалу керек. Мысалы, Бақытжан Сәуекенов, Қалибек Деріпсалдин ағаларымызды ән майталманы, өнер қайраткерлері деп ауыз толтырып айтуға болады. Әсем әндері әрқашан жұртшылық жүрегінде, халықтың аузында. Жай бір жын-тойға барсаң да осы кісілердің әні міндетті түрде сұралады. Эстрада сахнасында да бірнеше туындылары жүр. Қысқасы, өнер өміршең болуы үшін табанды еңбек, үздіксіз ізденіс керек.
– Қазір қоғамда: "Әннің бәрі той-томалақ үшін жазылатын болып кетті, әннің естісі азайып, есері көбейді" – дейтін пікір өте жиі айтылады. Бұл туралы көзқарасыңыз қандай? Өзіңіз, заманауи тілмен айтқанда, "тойский" ән жазып көрдіңіз бе?
 – Ол рас. Қазіргі таңда той-думан төңірегінде әндер көп жазылатын болып кетті. Бұған әр қырынан қарау керек шығар. Мәселен, егер осындай ортаңқол, мазмұны саяздау, бірақ билеуге, көңіл көтеруге қолайлы әндер көбейіп кетсе, демек халық тарапынан сұраныс бар деген сөз ғой. Оның үстіне, әншілер қауымының бірден-бір табыс көзі той болып кеткені жасырын емес. Сондықтан олар нан тауып, нәпақасын айыру үшін сұранысқа сай еңбектенеді. Бірақ, егер шынымен талантты өнер адамы болса, той тақырыбынан тыс ел өнерінің дамуына ұпай қосатын материалдар тұрғысынан да ізденуі тиіс деген пікірдемін. Ал, енді, өзім де тойға алып шығар туынды жазып көрейінші деп, біраз талпыныс жасап көріп едім, қолымнан келмейді екен. Сондықтан бұл бағытқа қайып айналып соқпадым.
 –  Қазіргі таңда шығармашылығыңызда не жаңалықтар бар? Қандай жоспарларыңызбен бөлісе аласыз? Жеке кешіңізді өткізу ойыңызда жоқ па?
– Әзірге елеулі ешқандай жаңалық жоқ. Себебі, әлгінде айтқанымдай, мен кейбір сазгерлер секілді әнді күн сайын, ай суытпай жазатын адам емеспін. Жылына 1-2 әнім жарық көрсе, соны місе тұтамын. Сондықтан, алдағыны Алла біледі деп, басы артық жоспар құрып отырған жоқпын. Пандемия сейіліп, карантин бітер күнге есен-сау жетсек, одан кейінгісі айқындала жатар. Ең бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын деп тілеймін!   
 -Әумин! Сұқбатыңызға рахмет!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓