Ескірген атау – елге сын

Соңғы жылдары ономастикалық комиссия бірқатар жұмыс атқарып, Тобыл-Торғай өңірінде 136 атау өзгертілген. Оның ішінде 1 қала, 1 аудан, 7 округ, 7 ауыл, 107 көше және 13 нысан бар.
Тобыл қаласында өткен «Рухани жаңғырудағы ономастикалық кеңістік: жетістіктері мен болашағы» атты көшпелі семинарда бірқатар мәселелер талқыға салынды. Қостанай облысы əкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы басшысы Гүлжан Мендекинова атауларды ауыстыру ісіне көптеген ұйымдар атсалысып отырғанын атап өтті.
«Қоғамдық бірлестіктердің жетекшілерін, Қазақстан халқы Ассамблеясын, БАҚ пен бизнес өкілдерін, блогерлерді, тарихшылар және өлкетанушыларды атап өткім келеді. Ономастика саласындағы шараларға тұрғындар арасында наразылық туындауына жол бермеу үшін тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деді Г.Мендекинова.
Қостанай ауданында бірқатар нысанға белгілі тұлғалардың есімдерін беру жұртшылық тарапынан жиі көтеріліп жүрген мәселе. Осыған жергілікті биліктің көзқарасы қалай? Сұрақтың жауабы семинарда айтылды. Аудан әкімінің орынбасары Ибрагим Бекмұхамбетов былай деп мәлімдеді: «Тобыл қаласындағы №1 орта мектепке Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің, Октябрь ауылындағы Совхоз орта мектебіне ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің, мемлекеттік тілде оқытатын Заречный орта мектебіне әйгілі ғалым Ахмет Байтұрсынұлының атын беру жоспарланып отыр. Қазіргі шектеулер аяқталған соң, бұл бағыттағы жұмыс жалғасады».
Басқосуға облыстық ономастика комиссиясының мүшелері, қалалар мен аудандардың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, мамандары, тарихшы-өлкетанушылар шақырылған болатын. Олар да ойын ортаға салып отырды.
Философия ғылымдарының кандидаты Қалқаман Жақып ономастикадағы өзекті мәселе қоғамдық сананы өзгертуден басталатынын тілге тиек етті.
«Ел, жер, көшелердегі кейбір идеологиялық, саяси атаулар ескіргеніне қарасмастан, қала беретін болса, өскелең ұрпаққа осы өлке сіздердің ата-бабаларыңыздың жері деп қалай айта аламыз? Ел ынтымағы, жер тұтастығы, ең алдымен, қазақ бірлігіне тікелей байланысты. Сондықтан, әсіресе, тарихи атауларды қайтаруда сыңаржақтылыққа салынбай, бірлігімізді көрсету керек», – деді Қ.Жақып.
Ономастика мәселесіне ерекше ден қойған өңірлердің бірі – Ұзынкөл ауданы. Мұнда екі округтің атауы ауыстырылған. Бұрынғы Суворов ауылдық округіне Сатай есімі берілді. Сол елді мекеннің маңында Сатай бабаның қорымы жатыр, яғни, тарихи атау қайтарылды деген сөз. Сондай-ақ, Ресей ауылдық округі қазір Обаған деп аталып жүр.
«Кейінгі екі жыл көлемінде Ұзынкөл ауданы орталығында 14 көшенің атын өзгерттік. Рабочий, Набережный сияқты атаулардың орнын ұлттық танымға жақын Мерей, Парасат сөздері алмастырды. Жергілікті тұлғалардың да есімдерін қойдық. Мысалы, бір көшеге «Даңқ» орденінің толық иегері Әмреш Жәрменовтің аты берілді», – дейді №2 Ұзынкөл орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Ақлима Әмрина.
Ел ішінде өзгертілуі тиіс атаулар әлі де жетерлік. Мысалы, Қостанай ауданындағы 483 көшенің 34-і ғана қазақ тілінде аталады немесе осы мемлекеттен шыққан тұлғаларға қатысты. Сол секілді 54 елді мекеннің 12-сі ғана мемлекеттік тілде. КСРО кезінде коммунистік идеологияға сай қойылған 84 көшенің атауы әлі өзгермеген. Бұл – семинарда келтірілген деректер. Мұның өзі ономастикаға саласында атқарар жұмыстың көптігін көрсетіп отыр.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓