«Өнерге бас иемін»
Әнші, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Манапбек Кәдіровтің 50 жасқа толған мерейтойына орай осындай атаумен шығармашылық концерті өтті. Қазақтың ән өнерінің дүлдүлдері Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосыновтардың алдын көрген дарын иесі бүгінде өзіндік мектеп қалыптастырып, шәкірт баулыған үлкен ұстазға айналды. Ширек ғасыр Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясында еңбек етіп келе жатқан Манапбек Сапарбайұлы талай байқауларда топ жарып келеді. Киелі сахнаның қыр-сырын әбден меңгерген маман бүгін.

«Ғазиздің әні», «Екі жирен», «Жиырма бес», «Мұхида-Шайбан», «Самалтау», «Иманжүсіптің әні», Нартайдың термесі, «Молдабайдың әні», «Жігіттерге өсиет», «Көкен-ай» бастаған Арқа, Жетісу, Сыр, Алтай-Тарбағатай деп ән талғамайтын Мәкеңнің орындауындағы Кененнің «Көкшолағы» – оның көзірі іспеттес. Бұлардан бөлек, жергілікті ақын-сазгерлердің де шығармаларын нәшіне келтіріп орындап жүр. Ақын Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған Сапар Молдабековтің "Домбыра" әні соған айғақ.




Кеште облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов мерейтой иесіне шалқар шабыт тілеп, аймақ басшысының алғыс хатын табыс етті. Ал Манапбектей інісінің өнеріне тәнті ел ақсақалы Тарғын Әбенов иығына шапан жауып, ақ батасын берді.



Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев.