Баға жал сипатпай тұр
Елімізде жанар-жағармай құны күрт өсті. Осыған орай Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат, жерлесіміз Альберт Рау бензиннің шарықтауына қатысты тексеру жүргізуді сұраған еді.
«Біздің депутаттық сауал соңғы уақытта жанар-жағармай нарығында бензин бағасының өсіміне байланысты болып отыр. Жыл басынан бері АИ-92 маркалы бензинінің құны Алматыда литріне 150 теңгеден 168 теңгеге дейін жоғарылады, ал Нұр-Сұлтанда – 170 теңге, Ақтауда – 172 теңге, Атырауда 200 теңгеге дейін жетті. Егер бұған дейін құзырлы ведомство мұндай баға құбылмалығын импортқа тәуелділік, мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеумен түсіндірсе, ендігісін Атырау мұнай өңдеу зауытындағы технологиялық қондырғылардың апаттық тоқтауымен байланыстырып отыр. Өндірістік кемшіліктерге объективті себептерді табуға болатыны белгілі. Дегенмен, бұдан автокөлік жүргізушілері зардап шекпеуі тиіс деп санаймыз», – деген болатын А.Рау Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.
Осы орайда, ол бензин бағасының өсуі тарифтердің, тауарлар мен қызметтердің соңғы құнына ықпал ететінін еске салды. Мұның салдарынан қарапайым тұтынушылар зардап шегеді. Бұл тұрғыда депутат Үкіметке жанар-жағармай нарығында жағдайды тұрақтандыру бойынша қажетті шараларды қабылдау; бензин бағасын реттеудің тиімді тетіктерін даярлап, енгізу; Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесе жанар-жағармай нарығында баға бойынша келісу мен картельдік келісім ықтималдығына тексеру жүргізу тиісті ұсыныстарды жариялады.
Энергетика министрлігінің депутаттық сауалға берген жауабында мұнай өнімдерінің нарығы өте құбылмалы болып табылады, Қазақстанның ішкі нарығында да, көршілес елдерде де салық салу, баға белгілеу жүйесі және ЖЖМ-мен қамтамасыз етілуі (бақыланбайтын ағын), сұраныстың маусымдылығы, МӨЗ-дегі технологиялық іркілістер немесе күрделі жөндеулер туралы ақпарат сияқты көптеген факторлардың әсеріне байланысты екендігін мәлім етті.
«…Мұнай өнімдерінің ішкі нарығын тұрақтандырудың құралы ретінде Энергетика министрлігінің құзыреті заң аясында мұнай өнімдерінің ресми экспортқа шығатын көлемін реттеу қарастырылған. Осы механизм шеңберінде 2021 жылдан бастап Министрлікпен экспортқа жөнелту алынып тасталды. Жалпы елдегі АИ-92 бензинінің ағымдағы қоры жайлы деңгейде – қабылданған шаралар арқасында жылдың басымен салыстырғанда қор іс жүзінде 60 мың тоннаға өсті, яғни 270 мың тоннаға жетті. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, нарықтағы бағаның тұрақтануы күтілуде», – деп түйіндейді Энергетика министрлігі.
Суретті түсірген Б. КӨРКЕМБАЕВ.