Екпе егу пункті ашылды

Қаламыздағы «Kostanay Plaza» сауда және ойын-сауық орталығында 15 сәуірден бастап коронавирусқа қарсы екпе егу кабинеті өз жұмысын бастайды. Бұл облыстағы алғашқы жылжымалы екпе егу пункті.  Кабинетте №3-ші емхананың оқытудан өткен медицина қызметкерлері қызмет көрсететін болады. Жоспарға сай күніне 300 адамға дейін екпе салынбақ.
 Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанованың айтуынша,  мұндай кабинеттердің ашылуы емханаларда ұзын-сонар кезекті болдырмауға  және  аурудың таралу деңгейін төмендетуге өз септігін тигізбек.
–Әзірге «Спутник V» Ресей вакцинасы қолданылады. Қазіргі таңда Қостанай облысына вакцинаның бірінші компонентінен 24 мың доза жеткізілсе, 12 мың доза екінші компонент жеткізілді. Екпе салдырту үшін адамдар ең алдымен тіркеуден өтіп, сауалнаманы толтырады. Сосын дәрігердің қарауынан кейін егуге жазбаша келісімін бергенннен кейін вакцина салынады. Екпеден кейін тағы жарты сағат  дәрігердің бақылауында болады. Содан соң вакцинаның екінші дозасын алу үшін қайда және қай уақытта келу керектігі туралы жадынама беріледі. Екпе салдыру үшін электронды үкімет порталы және №3 емхананың сайты  арқылы кезекке тұруға болады, – дейді Анжела Бексұлтанова.
Медициналық пункт жыл соңына дейін жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, сол уақыт ішінде өңірде жарты миллионға дейін адам егу жоспарлануда.
Екпе егу кабинеті демалыс және мереке күндері түскі үзіліссіз таңғы сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Айта кету керек, алдағы уақытта орталықтағы облыстық филармония ғимаратында екпе кабинетін ашу жоспарланып отырған көрінеді.
 
 
Суретті түсірген автор.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓